ТУБЕРКУЛЕЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУІҢІЗ КЕРЕК?

Денсаулық
1 058 Views

— Туберкулезді емдеуге бола ма? Ем қанша уақытқа созылады?

Туберкулез — емделетін ауру!

Емдеу мерзімі туберкулездің түріне байланысты:

Дәріге сезімтал туберкулез — 6-8 ай;

Дәріге төзімді туберкулез — 9-11 айдан 18-20 айға дейін.

— Науқас міндетті түрде ауруханаға жату керек пе?

Ауруханада жатуға тиіс жағдайлар:

— ауру жұқпалы болып, басқа адамдарға қауіп төндірсеңіз

— асқынған және/немесе ілеспе ауруы бар туберкулездің ауыр түрі

— дәрілерге көнбейтін туберкулез болған кезде.

— Стационарда емделудің ұзақтығы қанша?

Ауруханада жату науқастың жалпы жағдайына,ілеспе ауруларға, асқынуларға, зерттеу нәтижелеріне, дерттің дәріге төзімділігіне байланысты. Науқасты ауруханадан шығару емдеуші дәрігер мен консилиум (ОДКК) арқылы шешіледі.

— Үйде емделу басқаларға қауіпті ме?

Туберкулезбен ауыратын науқаспен тығыз байланыста болған адамдар тексеруден өтуі керек, қажет болса профилактикалық ем алуы керек (дәрігердің шешімі бойынша).

Дәрі-дәрмекті толық ішіп, үзіліссіз емделсеңіз, екпе дертінен өзгелерге қауіп жоқ!

— Дәрі-дәрмек алу үшін емханаға күнде бару міндетті ме?

Бейнебақылаудағы емдеу (ББЕ) әдісінің көмегімен туберкулезге қарсы дәрілерді ішу үшін күнде-күнде емханаға барудың қажеті жоқ.

Емхананың медицина қызметкерлері сізге бейнебақылаудағы емдеудің шарттары туралы айтады.

Ең бастысы, ем-домды үзбеу, дәрі-дәрмекті тағайындалған мөлшерде ғана қабылдау!

— Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер: қалай ішу керек, қандай жанама әсері болуы мүмкін, қалай алдын алуға болады?

— Туберкулезге қарсы барлық дәрі-дәрмек негізінен таблетка түрінде болады;

— Емдеуді бастамас бұрын және әрбір 10 күн сайын міндетті түрде фтизиатр немесе учаскелік терапевтің тексерісінен өтесіз;

— Жүрек айнуы, тері бөртпелері, буындардың ауырсынуы және дәрі-дәрмектерге жарымсыз қарсы әсер байқалса, олардан құтылуға қатысты кеңес беріледі.

— Өзіңізді нашар сезінсеңіз, қайда бару керек?

Дәрілерді ішу кезінде жағымсыз әсер байқалса, міндетті түрде дәрігерге немесе дәрі-дәрмекті берген медбикеге айту керек.

Емдеуді өз бетіңізше тоқтатпаңыз!

— Қосымша тексеруден қаншалықты жиі ету керек?

Өзіңізді жақсы сезінсеңіз де айына бір рет қосымша зертханалық талдаудан өту керек, ал дәрігер қажеттілікке қарай қосымша тексеру тағайындайды.

— Ем біткен соң фтизиатрдың есебінде қанша уақыт тұру керек?

Ем біткен соң 1 немесе 2 жыл фтизиатрдың бақылауында боласыз. 6 ай сайын қосымша

тексеруден өтіп, шағымдар болса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз!

— Оқуымды немесе жұмысымды қашан, қай кезеңде жалғастыра аламын?

ҚР ДСМ 30.11.2020 ж. N°214 бұйрығы бойынша жұмысқа немесе оқуға рұқсат беруді консилиум (ОДКК) науқас сауыққан соң шешеді, бірақ кей кезде туберкулездің түріне, дәріге төзімділігіне, ілеспе ауруларға және емнің бақылануына (емханада немесе бейнебақылау) қарай емделу кезінде де рұқсат етіледі.

Кез-келген сұрақ бойынша дәрігермен кеңесіңіз! Сіздің сауығуыңыз кешенді тәсілге, яғни туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектерді үздіксіз ішуге, дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға, отбасы мен жақын адамдардың қолдауына байланысты!

Г. БАЙМАМУТОВА,

Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *