Тілеулес ДҮЙСЕНҰЛЫ, заңгер: «КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ТАРИФТЕРІНІҢ ТЫМ КӨТЕРІЛІП КЕТУІ КӨПШІЛІКТІ АЛАҢДАТАДЫ»

Мәселе
1 145 Views

Газетіміздің өткен санында «Қадірменді қариялар» қоғамдық ұйымының заңгері Тілеулес Дүйсенұлының «Мегаполисте қордаланған проблема жетерлік» атты сын мақаласы жарияланған болатын. Осыған орай біз онымен өткір де өзекті мәселеге айналған коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз көтерілуі жайында сұхбаттасқан едік.

– Тілеулес Дүйсенұлы, қазіргі қоғамның белсенді азаматы ретінде алға қойған мақсаттарыңыз және өзіңіз жайында айта кетсеңіз?

– 1953 жылы Шардара өңірінде дүниеге келдім. Сонда орта мектепті бітіргенмін. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті) тәмамдап, инженер-құрылысшы мамандығын алып шықтым. Шардара өңірінде бөлім бастығы қызметін атқардым. Қоғамдық бірлестік ұйымдарына келуіме «Азат» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында заңгер болып жұмыс істеуім себеп болды. Көзқарастарымыз тура келетін адамдармен араластым, көп нәрсені көрдім, білдім. Оған дейін де қоғамға керекті тарифтермен айналысатынмын. Отбасылымын, перзенттерім, немерелерім бар. Осы Шымкент қаласындағы «Достық» шағынауданында тұрамын.

– Жалпы, қоғамда үлкен мәселелерді көтеріп жүрсіз. Елбасының бағдарламалары, алға қойған мақсат-мұраттары жайында не айтасыз?

– Біздің еліміз өте бай. Жері де кең. Осыны тиімді пайдалану үшін Елбасымыз сан түрлі бағдарламалар жасауда. Дегенмен, қаншама Жолдаулар жасалғанымен, олар толыққанды орындалмай отыр. Оған бірнеше мысалдар келтіруге болады. Шымкентте зауыттардың жұмыс істемей тоқтап тұруы, ауыз су, жарық, газ секілді халыққа ең қажетті қызметтер бағасының негізсіз көтерілуі, тағы басқалар.

– Осы салалармен айналысатын мекемелерге барып жүрсіз, басшылармен кездесіп жүрсіз. Мұндай бастамаларды көтеруге не түрткі болды?

– Жаңағы айтып өткенімдей, біздің еліміз өте бай мемлекет. Ал басқа дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен тұрамыз. Тұрмыстық жағынан да, әлеуметтік жағынан да. Осыған орай неге бұлай деп іздене келе, көре келе коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз өсуіне, қайдан алынған цифрлар екеніне таңданасың. Ешкім білмейтін мекемелер тендерге қатысады. Олардың негізінен жұмыс жүргізе қоятындай базалары да бола бермейді.

– Сіз оппозициядасыз ба, әлде Елбасының бағдарламаларының орындалуы үшін күресесіз бе?

– Жалпы, мемлекет жақсы қалыптасу үшін оппозиция болу керек. Ал мен осы Елбасымыздың бағдарламалары орындалса, халық жақсы өмір сүрсе деп ойлаймын. Біздің келешегіміз – балаларымыздың келешегі жақсы болса екен деп армандаймын.

– Әлеуметтік мәселелер туралы кеңінен тоқталып өтсеңіз.

– Біріншіден, жарық мәселесінен бастайық. Оны «Оңтүстік Жарық Транзит» өз қолына алған. Өз ойындағы бағаларын қояды. Жабдықтауға бола ашады, қаламаса жауып тастайды екен. Олардың жүргізген желілерін трансформаторлар көтере ме, көтермей ме, қарамайды. Рұқсатты кім беріп отыр? Шығындарында өз тараптарына қарай арифметикалық қателер көп. Арасында белгісіз бір мекемелер бар. 2013 пен 2018 жылдарды сұрағанмын. Олар бізге керекті электр энергиясын Тәжікстан мен Қырғызстаннан сатып алуы керек екен. Олар бес жылда бірде-бір киловатт сатып алмаған, бірақ соған жұмсалатын қаржыны алған. Оны халықтың төлемдеріне қосып отырғанына таң қалып, бас шайқаудан басқа амал жоқ.

Екіншіден, табиғи газ туралы айтсақ. Осы салада «Омеге ХХІ ғасыр» деген мекеме болған екен. Оның жұмысы айқай-шуға ұласқаннан кейін ол мекеме жабылып, орнына «Шымкент РЦПУ» деген ашылған. Табиғи газдың есептерінің пайыздарында шикіліктер өте көп:

Алматы облысында – 36451,6 теңге

Алматы қаласында – 34747,84 теңге

ОҚО (Түркістан) облысында – 34475,2 теңге

Жамбыл облысында – 27272,74 теңге

Қостанай облысында – 24507,08 теңге

Қызылорда облысында – 19918,91 теңге

БҚО-да – 17812,35 теңге

ШҚО-да – 11222,4 теңге

Маңғыстау облысында – 10304,57 теңге

Ақтөбе облысында – 9963,05 теңге

Атырау облысында – 8012,78 теңге.

 

Қосымша құн салығымен есептемегенде:

Алматы облысында – 23522 теңге

Алматы қаласында – 23522 теңге

ОҚО (Түркістан) облысында – 21648 теңге

Жамбыл облысында – 21194 теңге

Қостанай облысында – 17938 теңге

Қызылорда облысында – 7545 теңге

БҚО-да – 11987 теңге

ШҚО-да – 7563 теңге

Маңғыстау облысында – 11521 теңге

Ақтөбе облысында – 11987 теңге

Атырау облысында – 6249 теңге.

Көтерме бағамен тарату бағаларының арасында айырмашылық жер мен көктей. Бұл туралы Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы №77 жалпы орта мектебінде жиын барысында осылардың барлығы талқыланды. Жиынға «ҚазТрансГаздың» қазіргі басшысы қатысты.

– «Қандай арифметикалық есеппен есептелген, 21 теңгеден 34 теңгеге шығып кетеді. Қалай түсіндіресіз?» деп сұрасақ, ол кісі жауап бере алмады. Сонда ол қалай басшы болған? Бізге түсіндірудің орнына өздері де білмейді. Бізге «Үкімет белгілеп берген» деген жаттанды жауап айтады. «Омега ХХІ ғасыр» мекемесіне келетін болсақ, ол мекемені антимонополия ұжымы білмейді, «ҚазМұнайГаз» да білмейді. Бірақ Бозымбаевтың вице-министрі Б. Ақшолақов бар деп мойындап отыр.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев біздің бұл туралы хатымызға жауап бермеді. Ал, Бақытжан Сағынтаевқа жіберген екінші хатымызға жауап келді. Оңтүстікке тексерулер жүргізіледі екен. Олардың есептерінде есептеуге келмейтін, адам басына сыймайтын сандар туралы айттым.

Енді халыққа бірден-бір қажетті көмір, жанар-жағармай туралы айтсақ. Көмірдің бір тоннасының бағасы биыл 25 мың теңгеге дейін барды. Ол да кешігіп, айқай-шумен келеді, жетпей талас болады. Енді жергілікті басылымдардың жазуынша, Шұбаркөлде көмірдің вагонға артылған бір тоннасының бағасы 4500 теңге болады екен. Сұрастыру бойынша келу жолы накладнойда 700 теңгені құрайды екен. Сонда үстіндегі 20 мың теңге қайдан алынып отыр? Оған министрліктегілер де, әкімдіктегілер де, антимонополиядағылар да жауап бере алмады. Мысалы, мұнайдың 1 барелі 100 АҚШ долларын құрағанда бензиннің 1 литрі 40 теңге болды. Ал, 1 баррель мұнай бағасы 40 АҚШ доллары болғанда, 1 литр бензин 160-180 теңге болды. Мұндай жағдайда нарықтағы мұнайдың бағасына қарай неге бензин бағасы өзгермейді? Сосын біздің қозғаған мәселеміз азық-түлік бағасының кеден бағасынан айырмашылығы. Халыққа түсінікті болу үшін газетке жариялауымыз керек. Біздің мақсатымыз – халыққа жеткізу болды, біраз іздендік, қиыншылықтар көрдік. Телевидениеге бердік. Осы орайда халыққа шынайы ақпарат жеткізіп отырған «Әділет. Рухани жаңғыру» газетіне алғыс айтамыз. Біраз мақалаларымызды шығарып, жәрдемдесіп отыр.

Енді ауызсуға келетін болсақ, бағасы соңғы кезде тым көтеріліп кетті. Бұл ауызсу, жарық, газ дегеніңіздің барлығы стратегиялық маңызға ие. Оны жеке адамның қолына беріп қойып, ойына келген бағаларды қоюы қарапайым халыққа тым түсініксіздеу болып тұр.

Тағы бір бағасы көтерілгені – қоқыс шығару ақысы. 2015 жылы әр отбасыға 200 теңге болды. Келесі жылы 400 теңге болды. Кейін 600 теңге болды. Биыл 800 теңгеге жетіпті. Қазақстанда теңгенің құлдырауын есептеп отыратын Ұлттық банк мекемесі бар. Осы 200 теңгеден 400 теңгеге 100 пайыз көтерілуі, 400-ден 600-ге 50 пайыз көтерілуі, 600-ден 800-ге 30 пайыз көтерілуі осы Ұлттық банк есебімен сәйкес болуы керек. Оның қайдан шыққанын ешкім түсіндіріп айтып бере алмайды.

– Әлеуметтік салада да өзгерістер орын алып отыр. Зейнетақы қоры туралы да біраз мәселе көтердіңіздер. Сол туралы айта кетсеңіз.

– 2016 жылы 1 қаңтарда зейнеткерлікке шығатын болған соң 2015 жылдың қараша айынан бастап өзімнің жинаған зейнетақы қорымды білу үшін анықтама сұрадым. Маған ешқандай жауап бермеді. Оларға ай сайынғы салып отырған ақшамды көрсетіңдер деген едім. Сол жауапты 8 айдан кейін соттың шешімімен ғана алдым. Онда да апелляциялық алқаның үшінші отырысында 2016 жылы 2 тамыз күні ғана алдым. 2017 жылы 23 маусымда маған тексеруге құқы бар деген соттың шешімі шықты. Содан осы күнге дейін тексерте алмай жүрмін. Прокуратура, құқық қорғау органдары соттың шешіміне дейін де, соттың шешімінен кейін де тексермей отыр. 2018 жылы 28 ақпанда қылмыстық іс қозғалды. Олар ревизорды өзің табасың, ақшасын өзің төлейсің дейді. Енді 1 тамызда қалалық департаментке кіретін болдым. Ісім облыстық прокуратураға тапсырылған.

Ал мына балалардың жәрдемақысы жөнінде де біраз шикіліктер бар. Оны да өз уақтысында көп қозғағанмын. Жарнаға деп 10 пайыз ұстайды. Сол 10 пайыздан бөлек ай сайын 100-200 теңге жоқ болып кетеді. Ешқайсысын тексермейді. Осындайда құқық қорғау органдарының қызметі қандай деген сұрақ туындайды. Тек өзің барлығын сот арқылы ғана шешесің. Оған жағдайы келетіндер бар, келмейтіндер бар. Ревизорды өзің жалдайсың, кім арызданса соныкін ғана тексереміз деп барлығын ауызша ғана айтады. Жазбаша нақты ешқашан жауап бермейді.

– Енді осы туралы жоғарыда отырғандарға шағымдандыңыз ба?

– Шағымданған кезде жоғарыдан бұйрық келгенде ғана жылжиды да, басқа уақытта сол тұрған жерінде тұрып қалады.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Алда аталған шаруаларды аяғына дейін жеткіземіз деген ойымыз бар. Оған халқымыз да көмектесетін шығар. Біз сияқты қоғамдық ұйымдар санаулы ғана. Жалпы, облыста 100-ден астам ғана қоғамдық ұйым бар. Білетіндерім «Азат» партиясы, «Қадірменді қариялар», «Ақиқат» қана. Жалпы, қоғамдық ұйымдардың барлығы мені ортақ заңгеріміз деп атап кеткендіктен, ары-бері жүгіріп, көп ізденуге тура келеді.

Міне, осындай жағдаяттар алдағы уақытта тұрғындарға тиімді бағада ұсынылатын шығар деген үміттеміз.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Қуанышбек БОТАБЕК.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *