Түркістан қаласында адам ағзасын заңсыз сатуға оқталу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралды. Сот шешімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистия негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында ер адам мессенджер арқылы өзінің бүйрегін сататыны жөнінде хабарландыру жариялаған. Кейін ол құқық қорғау органдары жүргізген жедел іс-шаралар аясында әрекет еткен тұлғамен байланысқа шыққан. Кездесу барысында тараптар болжамды мәміленің шарттарын талқылап, 13 миллион теңгеге келіскен.
Келісілген соманың бір бөлігі — 5 миллион теңге қолма-қол берілген сәтте азамат құқық қорғау органдары қызметкерлерімен ұсталған.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 116-бабының 1-бөлігі бойынша — тірі адамның ағзаларын трансплантациялау немесе өзге мақсатта пайдалану үшін заңсыз мәміле жасауға оқталу дерегімен қаралды.
Сот барысында айыпталушы бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайына байланысты барғанын түсіндірген.
Сот аталған құқық бұзушылықтың орташа ауырлықтағы қылмыс санатына жататынын және нақты зиян келтірілмегенін ескерді. Осы мән-жайларды негізге ала отырып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қолданылды.
2026 жылғы 5 ақпандағы сот қаулысымен іс бойынша өндіріс тоқтатылып, азамат қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.