ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

Экономика
21 Views

Түркістан облысында инвестиция тартуды, инвестициялық ахуалды жақсартуды және жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті. Отырысқа салаға жауапты облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Бірінші кезекте, іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Түркістан облысында биыл жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар мен 2025 жылы өтетін форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндалды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтіп, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешу бойынша тапсырмалар берді.
– Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға да ықпал етеді. Әрбір инвестициялық жобаның табысты іске асуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсету керек. Түркістан облысында жұмыс істегісі келетін әрбір инвестормен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиын барысында жоба бастамашылары жүзеге асырылып жатқан жобаларын таныстырып, өзекті мәселелер туралы баяндады.
Бәйдібек ауданында «Корпорация «Ernur» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытының құрылысын іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба құны – 7,6 млрд. теңге. Жобаны биыл іске қосу көзделген. Құрамажем зауытының құрылысына қажетті жабдықтар Түркия елінен, балапан өсіретін фабриканың құрылысына қажетті жабдықтар Германиядан сатып алынған. Жобаны 3 кезеңмен іске асыру жоспарланған. Бүгінде 23,8 гектар аумаққа кешенді құс фабрикасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ балапанға арналған ферманың жері тегістеліп, бетондау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 1,6 МВт электрмен жабдықтауды қажет етеді. Инфрақұрылымның сыртқы желілерін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілген.
Сайрам ауданында «Kuzov Karabulak» ЖШС 2,5 млрд. теңгеге арнайы техника құрастыру зауытының құрылысын 95 пайызға аяқтап қойған. Компания директоры жоба бойынша ағымдағы жағдайға тоқталып, электр энергиясын тарту мәселесін қозғады. Қазіргі таңда 4 гектар жерде зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техника құрастыру зауытынан шығарылған өнімдерді қаржылық лизинг арқылы ұсыну бойынша тиісті құжаттар жинақталуда. Жоба 600 кВт электр қуатын қажет етеді.
Сайрам ауданындағы «Meat Magnat» АӨК ет комбинаты мен 10 000 басқа арналған бордақылау алаңы құрылысын, «Nurym Group» ЖШС етті терең өңдеу ет комбинатының құрылысын және «Red Gold» ЖШС Аустралия әдісімен мал базарының құрылыс жобасын іске асыруда. Сондай-ақ ауданда «Gen Group Kazakhstan» ЖШС өндірістік жылыжай кешенін құрылысын, «Zaman milk products» ЖШС сүт өнімдерін өндіретін зауыт құрылысын жүргізілуде.
Арыс қаласындағы «Turkistan Agro.kz» ЖШС 1830 гектар аумақта жаңбырлатып суғару әдісімен жем-шөп дақылдарын өсіру ісін қолға алды. Ордабасы ауданында «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ЖШС ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өңдейтін зауыттың құрылысын жолға қойды.
Сауран ауданындағы «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытын іске қосу үшін 1,5 МВт электр энергиясы қажет етуде. «Мырзахан» ШҚ ет комбинаты, құрама жем шығару, тері өңдеу цехтары және бордақылау алаңы құрылысы бойынша «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 5 млрд. теңге көлемінде қаржыландыруға өтінім берілген. «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ тарапынан қаржыландыру қарастырылуда.
Штаб отырысында биыл іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің іске асырылу барысы туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың есебі тыңдалды. Бизнес форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Түркістан қаласында 5 жоба іске аспақ. Отырар және Ордабасы аудандарында екі-екі жоба іске қосылады.
Инвестициялық штаб отырысы барысында облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында ашық диалог орнап, жаңа жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Жиында берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы бақылауға алынды.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ КЕҢЕСШІСІ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйін пысықтады. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Аталған елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылды.
Жалпы 2025 жылы Сарыағаш ауданында 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ауыз сумен қамту деңгейі 92,1 пайызды құрады.
Сарыағаш ауданына іссапар барысында Премьер-Министрдің кеңесшісі Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш құс» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Мұрат Талманның мәліметінше, бүгінде серіктестікте жұмыртқа өндіруге бағытталған 130 мың бас құс өсірілуде. Кәсіпорында өндірілген өнімдер аудан және облыс аумағындағы сауда нүктелеріне жеткізіліп, жергілікті тұрғындар сапалы әрі қолжетімді жұмыртқамен қамтамасыз етіліп отыр. Ералы Тоғжанов өндіріс көлемін ұлғайтуға, құс шаруашылығын дамытуға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды жоғары бағалады.
Былтыр «Сарыағаш құс» ЖШС өндіріс аясын кеңейту мақсатында қосымша 50 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылысын аяқтады. Өндіріс орны Германия елінен әкелінген заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бұл өнім сапасын арттырып, кәсіпорынның жалпы өндірістік тиімділігін едәуір жоғарылатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар серіктестік биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, құрама жем өндіретін цехты іске қосты. Жаңа өндірістік нысан құс шаруашылығындағы шығындарды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайтуға оң әсерін тигізуде.
Осы күні ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиын барысында Түркістан облысы тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
Жиында тапсырмалардың орындалу барысы туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы облыс аумағында 30 елді мекенді ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалар іске асырылды. Нәтижесінде облыстағы 801 елді мекен (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) толық орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, белгіленген индикаторлық көрсеткішке қол жеткізілді.
Жиын барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов өңір аумағында араланған нысандардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Сонымен қатар аудан және қала әкімдері ауыз сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәжіліс соңында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту және қаржыландырудың өзге де көздерін қарастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Айтылған мәселелер мен ұсыныстар Үкімет басшысының атына жолданатын қызметтік жазбаға және мәжіліс хаттамасына енгізілетін болады.

ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТІ АЗАЙТУ – НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРДЫҢ БІРІ

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады. Кездесуде тараптар жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
– Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені – өңіріміздің агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда «Ecoculture-Eurasia» компаниясының өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өнімін өндіру арқылы өңір тұрғындарын жыл бойы сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақтандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосылады. Жергілікті тұрғындарды оқытуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған көзқарастың айқын көрінісі. Әкімдік тарапынан жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Біз «Ecoculture-Eurasia» компаниясымен өзара тиімді, сенімді әріптестік орнайтынына сенімдіміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы жобаны іске қосу бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, қазіргі жағдайды баяндады.
– Өңір қарқынды дамып келеді. Біз жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Қажетті инфрақұрылым толықтай жеткізілді. Бұл бағытта көрсетілген қолдау үшін ресейлік серіктестеріміз де ризашылығын білдіруде. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді Алмас Дауытов.
Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған паркте өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындар едәуір қысқартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін берері сөзсіз.
Жобаны іске асыруға 42 млрд. теңге инвестиция салынуда. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілмек. Жоба толық іске қосылғанда, 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. 2023 жылы 23,5 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Жылыжай толық Нидерланд елінен әкелінген жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимараты, материалдық-өндірістік қоймалары, бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды. 8 жылыжай блогы және техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылды. Кешеннің ресми ашылуы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілді.

КӨРСЕТКІШ АЛДЫҢҒЫ ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЕДӘУІР ЖОҒАРЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың отырысында өңірдегі маңызды жобалар мен бірнеше аудан, қала әкімдерінің инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы есептері тыңдалды. Олардың арасында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.
Баяндама барысында ауданға инвестиция тарту, өндіріс көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Соңғы жылдары Ордабасы ауданында инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарып, бірқатар ірі жобалар іске асырылғаны атап өтілді.
Аудан әкімі өткен жылы жалпы құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орны құрылғанын жеткізді. Атап айтқанда, қыш зауыты, аллюминий профилі өнімдерін өндіретін зауыт, инновациялық темірбетон өндіретін өндіріс орны ашылған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда аудан экономикасына 173,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, оның ішінде 2025 жылы 59,6 млрд. теңге игерілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.
Алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы да ақпарат беріліп, 2026 жылы жалпы құны 55 млрд. теңгені құрайтын 57 жоба іске асырылып, 1163 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отырғаны айтылды. Жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, энергетика және туризм салаларын қамтиды.
Сонымен бірге аудан аумағында «Бадам» индустриялық аймағы мен «Темірлан» өндірістік паркін дамыту, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кезең-кезеңімен атқарылып жатқаны баяндалды. Қытай Халық Республикасымен бірлескен жобалар аясында өндіріс, агроөнеркәсіп және инновациялық бағыттағы бастамалар қолға алынған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жұмыс орындарын көбейтуге басымдық беруді тапсырды.

ӨҢІР ӨНЕРКӘСІП ӨНДІРІСІНІҢ КӨЛЕМІН ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ АРТТЫРЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесіп, өңірде іске қосылған және құрылысы жүріп жатқан бірқатар жаңа өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар мен ірі инвестициялық жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Түркістан облысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту көрсеткіші бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына еніп, өнеркәсіп өндірісінің көлемін тұрақты түрде арттырып келеді. Өндірісті дамыту, өңдеу өнеркәсібін кеңейту және экспортқа бағдарланған жобаларды қолдау – Мемлекет басшысының экономикалық саясаттағы негізгі басымдықтарының бірі. Ералы Тоғжанов өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалды атап өтіп, Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Жұмыс сапары барысында делегация заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа зауыттарды аралап, олардың өндірістік қуатымен, өнім түрлерімен және еңбек жағдайымен танысты. Бүгінде облыста құрылыс материалдары, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені мен машина жасау салалары бойынша жаңа кәсіпорындар іске қосылуда.
Бұл өндірістер ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да елеулі үлес қосып отыр. Түркістан облысы біртіндеп индустриялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» жобасы. Кәсіпорынның құрылтайшысы – Болгарияның UBC BG LLC компаниясы. Бұл компания Орталық Азия нарығында 25 жылдан астам уақыт бойы тоңазытқыш сауда жабдықтарын жеткізіп, кейбір өнім түрлері бойынша нарықтың 30 пайызына дейінгі үлесін иеленіп келеді. Кәсіпорын орта және төмен температуралы, кастомизацияланған тік тоңазытқыш сауда шкафтарын өндіруге маманданған. Өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына және Орталық Азия елдеріне экспортқа бағытталады.
Жоба Түркістан облысының өнеркәсіптік парктері аумағында екі кезеңмен іске асырылуда. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі 5 млн еуроны құрайды. Мемлекет тарапынан 10 мың шаршы метр дайын өндірістік ғимарат ұсынылған. Қазіргі таңда жабдықтарды жеткізу жұмыстары жүргізіліп, Түркістан және Кентау қалаларында кадрларды іріктеу және оқыту қолға алынған. Бірінші кезеңдегі өндірістік қуаттылық айына 4 мың данаға дейін жетеді.
Екінші кезеңде инвестиция көлемі 15 млн еуроға дейін ұлғайып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт салу көзделіп отыр. Сонымен қатар Сауран ауданындағы қолданыстағы өндірістік қуаттар сақталады. Бұл кезеңде өндірістік қуат айына 10 мың данаға дейін артады. Жоба аясында бірінші кезеңде 350-ге дейін, екінші кезеңде 1 000-ға дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық белсенділікті арттыру және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту мақсатында Түркістан облысында «Өндірістік парктердің құрылысы» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның айқын дәлелі – 100 гектар аумақта орналасқан ірі өндірістік парк. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Жалпы жеке инвестиция көлемі 308 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар 27 млрд. теңгеге импорт алмастыру көзделіп отыр. Яғни бюджеттен салынған әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тартылуда. Бұл – жобаның экономикалық тиімділігін айқын көрсететін көрсеткіш.
Өндірістік парк толық іске қосылған кезде 6040 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезеңде 30 гектар аумақта 40 өндірістік ғимарат салынды, бүгінде 32 жоба іске асырылып, ауыл шаруашылығы техникасы, суару жүйелері, құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техника және дрон өндірісі жолға қойылған. Екінші кезеңде 2025-2026 жылдары қосымша 70 гектар аумақта 112 өндірістік ғимарат салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда дайын өндірістік алаңдарға кәсіпкерлер тарапынан жоғары сұраныс байқалуда.

Бет Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі материалдары бойынша дайындалды