ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕН ҚҰРЫЛҒАН ОҚЫРМАНДАР КЛУБЫ ОТЫРАР АУДАНЫНА РУХАНИ САПАР ЖАСАП, КЕЗЕКТІ КІТАПТЫ ТАЛДАДЫ

Билік Жастар Мәселе Руханият Саясат Уақыт Қоғам
27 Views


Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы  Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалы жанынан құрылған Оқырмандар клубы кезекті басқосуын ерекше форматта өткізді.

Ақпан айында клуб мүшелері Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан»  атты еңбегін оқып, талқылауды тарихи кеңістікте ұйымдастыруды жөн көрді. Осылайша «Кітап ізімен» атты рухани-танымдық сапар ұйымдастырылып, қатысушылар Отырар өңіріндегі тарихи орындарды аралады. Филиал тарапынан арнайы автобус бөлініп, мемлекеттік қызметшілер үшін тағылымды бағдарлама жасақталды.

Сапар барысында клуб мүшелері қасиетті Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің мәңгілік тыныс тапқан жеріне тағзым жасады. Сонымен қатар көне өркениет ошағы – Отырар қалашығымен танысып, тарихи мұралармен жақыннан танысты.

Кітап талқылауы музей қабырғасында жалғасып, шығармадағы негізгі ойлар тарихи ортада сараланды. Талқылау барысында Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғалық болмысы жан-жақты ашылып, оның мемлекетшілдік ұстанымы, ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеттері кеңінен сөз болды. Қатысушылар оның ел мүддесіне адалдығы мен парасат-пайымы бүгінгі мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі тұтар қасиет екенін атап өтті.

Іс-шара аясында кітап мазмұны бойынша сұрақтар қойылып, зияткерлік сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар тарихи деректер мен тұлғаның қызмет жолы жөніндегі білімдерін ортаға салып, белсенділік танытты. Нәтижесінде үздік топ арнайы марапатқа ие болды. 

Жиынға облыс әкімі аппаратының, аудан және қала әкімдіктерінің, облыстық басқармалар мен департаменттердің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Кітаптың мемлекеттік қызметшілер үшін тағылымдық әрі кәсіби маңызы ерекше екені айтылды.

Филиал директоры Арайлым Қайратова Оқырмандар клубы аясында ай сайын бір кітап оқылып, ай соңында мазмұнды талқылау өткізілетінін жеткізді. Бұл жолғы басқосу – клубта талқыланған екінші кітап. Жоба алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік қызметшілердің рухани-танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталады.

Айта кетейік, наурыз айында клуб мүшелері «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабын талқылауды жоспарлап отыр.