Түркістанда қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мереке және демалыс күндері де тоқтаған емес. Нәтижесінде шаһар жаңағимараттармен толығып келеді.
Бүгінде Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықта теннис орталығының құрылысы жүріп жатыр. Құрылысы былтыр сәуір айында басталған. Аталған спорт түрін серік етер жандар жақын арада орталықтың қызметіне жүгіне алады.
Спорттық нысанның жер аумағы 2,5 гектарды құрайды, жалпы ауданы — 5000 шаршы метр. Теннис орталығы 7 ашық теннис кортынан, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңы, сондай-ақ автотұрақтан тұрады.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа шаһардағы құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлермен кездесті. Жауапты басшыларға тапсырмалар берді. Өңір басшысы одан кейін жақында техникалық ашылуы өткен Экобазарды аралап көрді. Сонымен бірге қала аумағында салынып жатқан гүлзарлар мен абаттандандыру жұмысын қадағалады.
Түркістанның туристік әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Түркі әлемінің төріне әлемнің әр елінен келген туристер таңдай қағатын күн алыс емес