Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда өткенРесей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық форумында Тұран жолбарысын қазақ даласында қайта тірілту идеясын бекер қозғаған жоқ.
Әлемдік саясат сахнасында орнықты салмағы бар қос саясаткердің бұл саяси диалогы – қазаққа тән айбын мен айбатты көрсеткісі келген тұлғаның толқынысы, қайраткерлердің бір-бірімен ішкі шарпысуы сынды көрінді. Бір кездері Түркістан өңірінен тарамдалған Тұран даласынан Жетісуға дейін мың сан жолбарыстар жортқан. Жымын білдірмей, тұтқиылдан жауына тап беретін жолбарыстың құйқаңды шымырлатып, күңірене ақырған даусы бес шақырымға дейін жетеді және түнде көру қабілеті адам баласынан алты есе жүйрік түз тағысы туралы аңыз-әңгімелер қазақ фольклорында, эпостық жырларымыздың эпизодында жиі кездеседі.
Адуынды тұран жолбарыстары ну қамысты, тораңғыл, жыңғыл қалың өсетін алқаптарда, көл жағасында әсіресе Сырдың бойында өткен ғасырдың отызыншы, тіпті бертінгі 1950-52 жылдарға дейін өмір сүрген деседі. Тотемдік көзқарастағы қазақ халқы да ежелден аң-құсты кие тұтқан ғой. Әруақты, қасиетті жандардың өзіне ғана көрінетін киесі мен пірі болады. Қазақтың жерін жаудан қорғаған Қарасай батырдың қолына ақ ту ұстап, алыс жолға шығарда, ұрысқа аттанарда ізіне еріп жүретін қызыл шұбар жолбарысы болған деседі шежірешілер. Сол жолбарыс сұлбасы төтеннен келетін кедергілерден қорғап, ажал қақпанынан қағып қалатын ұқсайды. Қазақта «Иә, пірім, қолда!» деген сөз байырғы дәуірден бар. Ата-бабамыз қауіп-қатерден, кесір-кесапаттан сақтанғанда осы бір түйсікке сүйеніп айтса керек.
Ал Қарасай баба дүниеден өткенде қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, кейiн Жамбыл атаға ерiптi деген әпсана әңгімелер күні бүгінге дейін айтылады емес пе? Қалай десек те, тұранның тарғыл жолбарысы қазақ бойындағы өр рухты, тірі жан қасына баруға қаймығатын, азуы алты қарыс қайсарлықпен бітісіп кеткен жолбарыстай жаратылысын еске алып тұрғандай.
Тұран жолбарысы тұқымын қайта жаңғырту бұл күні жым-жырт жатқан қазақ даласын кенет дүр сілкінтіп оятардай… Ол біздің тарихтан белгілі небір замандар ашы запыранға да, зұлматқа да берілмеймін өшпес, өлмес рухымыз секілді. Намысты қолдан бермес ұлттық қасиетіміз, табиғатынан тайсалмас мінез-бітіміміз – Елбасы Н.Назарбаев айтқан ұлттық кодымыз.
Қазақ халқы болмысынан жауынгер, жаужүрек халық. Бір тудың астына біріге алатын, аталы сөзге тоқтап бейбіт бітімге де келетін ғадет қанымызда бар. Осы тумысымыздан ажырамауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз осы жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру бойынша халықаралық жобаны дамытып жатырмыз», – деді Ресей Президенті Владимир Путинге. Ресейдің алып Амур жолбарыстарымен будандастырып, еліміздің қорықтарына жерсіндіруге негіз бар.
Батыр бабаларымыз жолбарыс жүректі болған, сол себепті біз де жолбарыс тектес халықтың ұрпағымыз. Жолымыз кең, келешегіміз жарқын, рухымыз өр болсын!
Қуанышбек БОТАБЕК