ТҰРТА БОЛЫС ПЕН АҚПҰШЫҚ АПА

Тұлға
1 176 Views

Сіздердің газеттеріңізде датқа деп көрсетілгенімен, ел ішінде Тұрта болыс атағымен белгілі болған адам. Шыққан тегі – Оймауыт руынан болады. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болғандықтан, ауылымызда «Тұртаның сазы» деп аталатын жер әлі күнге дейін бар. Ол кісі елді сол жерде отырып басқарған деседі.

Тұрта болыс жайлы әңгімелерді бала кезден әкем Шүкіртайдың (Қайыпназардың) аузынан естіп өстім. Өйткені, болыс әкемнің әкесінің туған қарындасы Ақпұшық апамызға (Азан шақырып қойған аты – Жұмақыз болған. Өте өткір, батыл, сөзге де, іске де шебер адам болғандықтан ел құрметтеп, аппақ келбетіне қарап өз атымен атамай «Ақпұшық апа» атандырыпты. Апамыз туралы әңгімелер бір тақырыпқа арқау болары анық. Оны мақаламыздың соңында айтып өтермін.  Үйленген, бізге жезделік жақындығы болған жан.

Жеті жасында әкесінен жетім қалған әкем болыстың көз алдында өсіпті. Әкем болыс туралы айтқанда, ертегіге бергісіз етіп әңгімелеп беруші еді. Бала қиялымызбен болысты ертегі кейіпкерлеріне ұқсатып көз алдымызға елестетуші едік.

Әкеміздің айтуы бойынша Тұрта болыс алып адамдардың қатарындағы елден ерекше жаратылған жан болыпты. Өз аяғымен жүрген кезінде, мықты деген аттың өзі белі майысып зорға көтеріп жүреді екен. Кейін қатты семіздікке ұшырап, жүруден қалған кезінде, жаз жайлауға шығарда, тауға шығатын жолды көктем бастала салысымен кетпен, күректерін алып бүкіл ел болып шығып тегістеуге кіріседі екен. Соның өзінде бірнеше ат немесе өгіз жегілген арбаға отырғызып зорға тартып шығады екен. Болыстың атағы тек Оңтүстік өңіріне ғана емес, көршілес Өзбекстанға да кеңінен танымал болыпты.

Көздерінің көлемінің үлкендігі шай ішетін кеседей болғандықтан, мұндай ерекше көзді көру үшін өзбек ағайындар көрімдігін беріп көреді екен. Бірде ет турайтын кездігі жоғалып кетіп, кейіннен шомылдырған кезінде қарын қатпарларының арасынан көгеріп кеткен күйінде тапқан жағдайы болғанын тілге тиек етеді.

Болыс қорқор тартып, темекі шегеді екен. Әкемді «Батырдың тұқымы, алтынның сынығы» деп жақсы көріп, басынан сипап отырады екен. Әкем қасында жүрген кезінде ошақтағы шоққа темекісін тұтатып беріп, жеті жасында темекі шегуді үйреніп кетіпті.

Мақаламыздың басында Ақпұшық апамыздың батыл, сөзге шебер болғанын айтып өттік. Болыс сөз салып, құда түсуге келгенде біраз ойланып барып, келісімін берген екен. Апамыздың ойланатындай-ақ жағдайы болыпты. Өйткені, болыстың бұған дейін бірнеше әйелі болған көрінеді. Қыз балаға соншама әйелдің ортасына бару қиын болатынын ескерткендерге: – «Алты әйелі болса аттап өтемін, жеті әйелі болса жетелеп кетемін», – деп батылдығына басып, нар тәуекелге барған екен.

Тұрта болыстың Балық атты баласының өмірге келу тарихы да адамға тылсым дүниенің есігін ашқандай әсер ететіні бар. Болысқа күйеуге шыққаннан кейін Ақпұшық апамыз бұлақтан су алып келуге барады. Су ала бергенде шелегіне кішкене бір балық ілініпті. Сол сәтте қайдан пайда болғаны белгісіз ақ киімді, ақ сақалды қарт пайда болып: – Қызым, балықты жұтып жібер! Өмірге балықтай ұл әкелесің. Атын Балық деп қоярсың! Әумин! – дейді де көзден ғайып болады.

Өңі, әлде түсі екенін ажырата алмай, аң-таң күйде біраз тұрып қалған апамыз есін жинап алып, балықты жұтып жібереді. Неткен батылдық десеңші! Содан айы, күні жетіп өмірге балықтай ұл әкеледі. Атын қарт айтқандай «Балық» деп қояды. Балық десе балықтай ұл болып ержетеді. Кездескен жандар сұлулығына тәнті болып, есінен танғандай күй кешеді екен. Осылай жан пендесінде көп кездесе бермейтін сұлулығымен жұрттың есінде қалыпты. Әкемнің айтуы бойынша ол кісі бертінде Кеңес өкіметінің бай-құлақтарды қудалау саясаты кезінде өмірден озыпты. Соңында Әмір деген ұлы қалды. Тұрта болыстың Балықтан бөлек Салы деген ұлы болған. Салыдан Әмзе, Қыдыр деген ұлдары өмірге келді. Қазіргі уақытта осы кісілерден тараған бір топ ұрпақтары Қазығұрт ауданындағы Оймауыт ауылында өмір сүріп жатқан жайы бар.

Ақпұшық апамыздың тағы бір батылдығы туралы әкем былай дейді: – Үй болған соң табақ-аяқ сылдырамай тұрмайды дегендей, бір күні қаһарынан жұрт ығатын Тұрта болыс пен Ақпұшық апамыздың арасынан қара мысық жүгіріп өтіпті. «Әй, мына батырдың қызы қайтеді, аааа…», – деп ашуланған болыс қолындағы пышағын апамызға қарай жіберіп қалады. Ұшып келген пышақ балтырға келіп қадалады. Болыстың қаһарынан қаймықпаған апамыз пышақты жұлып алып, болыстың өзіне қайта ытқытып жібереді де үйден шыға тау шатқалына кіріп, көзден таса болады. Бірдеңеге ұрынып қалса, құнын сұрайтын ел ішінде абыройы мықты туыстарынан сескенген болыс дереу адамдарын іздеуге жіберіп, апамызды тау ішінен зорға дегенде тауып келіп, бір-бірінің ағаттығын кешіріп, қайта татуласқан екен. Осындай ер көңілді, кең пейілді бабаларымыз бен апаларымыздан қалған әңгімелер ауыздан-ауызға тарап, олар туралы оқиғалар аңыз болып айтылып келеді.

Еділбай КӨШЕРБАЙ,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *