ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ТІРЕГІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ

Білім
1 132 Views

Академик Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты «Парасат» колледжі Техникалық — гуманитарлық бөлімінің меңгерушісі Ақзерек Аширалиқызы Абдиханованың басқаруымен «Арнайы пәндер» циклдік комиссиясында студенттердің Отанға деген сүйіспеншілігін, болашақ мамандығына қызығушылығын арттыру және студенттің интелектуалды-танымдық білімін жетілдіру мақсатында «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ» атты апталық өтті.

Апталық аясында төрт мамандық бойынша білім ордасының парасатты да ұлағатты оқытушылары студенттер қауымына өз мамандықтарының майталмандары болуына ізгі тілегін білдірді. Әртүрлі қызықты тақырыптарда онлайн ашық сабақтар өткізіп, өздерінің тың идеяларымен бөлісті. Колледждің алға қойған мақсаты (миссиясы) – жетістікке жетуге бағытталған, жоғары деңгейлі кәсіби маман даярлау, бүгінгі күні бәсекеге қабілетті және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындау.

«Парасат» колледжінің миссиясын алға жылжыту мақсатында «Арнайы пәндер» циклдік комиссиясында осындай мамандықтар оқытылып жатыр. Енді осы мамандықтарды жеке таныстырайық:

«Қаржы – 0516000» мамандығы:

Бүгінде экономист болу – мәртебелі және пайдалы. Соңғы жылдары бұл мамандық елімізде ең танымал мамандықтар қатарына енді.

Бұл мамандық иесі аталған түлектер нарықтық экономиканы меңгеріп қана қоймай, заң және сан салалық экономикалық үрдістер туралы теориялық терең білімі бар, қазіргі экономикалық анализ әдістерін, бизнес-жоспар құрылуын, оны басқаруда тиімді шешімдер қабылдауды, сонымен қатар күрделілігі әртүрлі деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруды, экономикалық даму барыстарын болжауды және оңтайландыруды жоғары дәрежеде меңгерген өз ісінің білікті де білімді шебері болуға ұмтылуы керек. Жастардың экономикалық білімін арттыруы өз мамандығының кәсіпқой иесі болуын қамтамасыз етеді.

«Кәсіптік білім беру – 0104000» мамандығы, яғни бағдарламашы:

• Кәсіби қызмет нысандарын математикалық, ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету элементтерін жобалау;

• Кәсіби қызмет нысандарының жұмысымен байланысты есептеу мен ақпараттық процестердің математикалық және бағдарламалық модельдерін жүзеге асыру;

• Ақпараттарды өңдеуші және басқарушы компьютерлік жүйелер мен компьютерлік техникаларға жүйелік, инструменталдық және қолданбалы бағдарламалық жабдықтар орнату, баптау және қызмет көрсету аясы;

• Ақпараттық компьютерлік өңдеу мен басқару жүйелерінің бағдарламалық өнімдерін қолдап отыру;

• Компьютерлік техника құралдарын, бағдарламалау құралдарын ақпаратты өңдеу мен басқару жүйелерін жүзеге асыру үшін қолдану;

• Компьютерлік тораптарды әкімдеу;

• Деректер базасын жетілдіру.

Егер осы мамандық иесі күнделікті өмірде ғаламдық ақпарат деректерін талдап, зерделеп отырса, сол маман бүкіл ғаламды алақанында ұстағандай сезінеді! Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты қазіргі таңда IT мамандарына деген сұраныс артуда.

«Дизайн — 0402000» мамандықтары бойынша білім беру бағдарламасы колледждің стратегиясы мен миссиясына сәйкес жүзеге асырылады және болашақ маманның біліктілігін, кәсібилігін, дайындау мақсатын айқындайды.

Мамандықты игеру жоспарының орындалуы, оқу әдебиеттері және соның ішінде электронды оқу құралдарының, материалдық-техникалық базаның кітапханалық қорының болуымен қамтамасыз етілген.

Дизайн мамандығы бойынша білім беру бағдарламасына сәйкес білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Теориялық, тәжірибелік, зертханалық сабақтар өткізу үшін қолданылатын кабинеттерде соңғы үлгідегі тігін мәшинелерімен және қажетті құрал жабдықтармен заманауи үлгіде жабдықталған. 2018-2019 оқу жылының түлектерін жұмысқа орналастыруы 81 пайызды құрады.

«Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсетуді ұйымдастыру — 0507000» мамандығы туралы айтсақ, бүгінгі таңда қонақ үй – туризм саласының маңызды бөлігі. Сапалы қызмет көрсетусіз қонақ үй өзінің мақсат-мүддесіне жете алмайды. Осыған орай дүниежүзілік тәжірибеде орналастыру құралдарын категориялау мәселесін шешуде бірнеше бағыт белгіленген. Қонақ үй бизнесін басқаруда маңызды мәселелердің бірі – кадрлардың біліктілігі мен өз істерінің шеберліктері басты көрсеткіштері. Қонақ үй қызмет көрсетуінде қызметкерлердің мәдени түрде қызмет көрсете білуі – адам ресурсының маңыздылығын растайды.

«Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқитын студенттерді дайындау 2013 жылы басталды және 02.05.2019 жылғы № KZ76LA00016002 «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Шымкент қаласының Білім саласындағы бақылау департаменті» мемлекеттік мекемесімен берілген мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырылады.

«Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру» мамандығы бойынша 2018-2019 оқу жылының түлектерін жұмысқа орналастыру 70,3 пайызды құрады.

Классик жазушымыз Қадір Мырзалиев атамыздың: «Кадрың мықты болса, қадірің де мықты болады!», – деп айтып кеткен нақылын негізге ала отырып, біздің колледждің студенттері де сан салада қайта өрлеуге бағыт алған мемлекетіміздің нығайып, дүние жүзілік қауымдастық талаптарына сай даму жолында, осыған ат салысуы үшін сапалы білім алуы керек!

«Парасат» колледжінде білім алушылардың шығар белестері биік болып, өз мамандықтарының нағыз шеберлеріне айналып, қыран құстай самғап, колледжіміздің туын одан сайын биікке көтеріп, егемен елімізге адал қызмет ететіндеріне сенеміз!

М. БАЙЖАН,

академик Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты «Парасат» колледжінің оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *