ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ МӘҢГІЛІК БОЛСЫН!

Қоғам Құттықтаймыз
25 Views

ҚАДІРЛІ АҒАЙЫНДАР!
СІЗДЕРДІ ЕЛІМІЗДІҢ ең басты мерекесі — ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!
Саф алтыннан сауыт киінген сақтан, ғұмыры ерлікке толы ғұннан, тұлпарының тұяғының дүбірі Көктің астын дүрілдеткен Көк түріктен көктеген Тәуелсіз Қазақ Мемлекетінің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
300 жылдай өмір сүрген Қазақ хандығының хас тұлғаларының, Ел Тәуелсіздігі жолында құрбан болған Ерлеріміздің, Алаш арыстарының, Кеңес империясы керегесін қиратуға әлемде алғаш алаңға шыққан Желтоқсан күрескерлерінің рухына мәңгілік тағзым!
Байтақ жеріне сай пейілі үшін байрақ сыйлаған Аллаға сансыз шүкірлік!
Желтоқсанда атқа қонып тағы біз,
Аппақ қарға ағып қызыл қанымыз,
Атқан жоқ па Тәуелсіздік таңымыз?!,
Осы емес пе баламасыз,
Бағасы жоқ Бағымыз да, Барымыз!

Зор құрметпен, Қазыбек ИСА.


ТӘУЕЛСІЗДІК!!!

Қазақ туын желбіреткен әлемге,
Қазақ сөзін айтып жүрген бар елге,
Қанат Ислам бауырымның сырласы,
Халқы бар да, елі жоқ,
Саны көп те, жері жоқ,
Туыс ұлттың тұлғасы,
Інімізге ағытыпты шер-мұңын:
«Баға жетпес Бақыттысың сен бүгін!
Егер менің Қазақ xалқы секілді
Елім болса Тәуелсіз,
Жерім болса Тәуелсіз,
Айырбастар едім Бақтың барлығын да не түрлі.
Азат болса,
Елімнің бар жолдарын,
Тазалар ем, тіліммен де, сынғанша бұл қолдарым!..»
Осы бір сөз тірліктегі күйкі әнді,
Жойып кетті,
Шымырлатып құйқамды.
Қара басың қалай енді сөз болар,
Қарын қамы, қанбай қалған
ұйқы әлгі…
Ғасыр бұрын дүбірлеткен Даланы,
Алаштың Ер арыстары дара әні.
Тәуелсіздік үшін қиып өмірін
Құрбандыққа барған жоқ па саналы?!.
Міне, ағайын, Тәуелсіздік қадірі!
Соқсын солай әр қазақтың тамыры!
Ал сен болсаң, анау жоқ деп жылайсың,
Шала бықсып сөнген оттай жалыны…
Ата-баба арманын ел,
Мойынына бұршақ салып тілеген,
Тәуелсіздік үшін күнде тәу етіп,
Ат үстінде түнеген-
Көк түркіден түлеген-
Қазақтығым
Азаттығым –
Бағасы жоқ Ұлы өлең!
Алла сүйсе, шексіз бақыт береді!
Қайран елім!
Болашаққа сенеді.
Алаш бүгін арманым жоқ дер еді –
Бабаларым шәһит болған
қан кешіп,
Бостандықты көрдік біздер себебі!
Желтоқсанда атқа қонып тағы біз,
Аппақ қарға ағып қызыл қанымыз,
Атқан жоқ па Тәуелсіздік таңымыз?!,
Осы емес пе баламасыз,
Бағасы жоқ Бағымыз да, Барымыз!
Алған жоқ па Елім менің Азаттық !?.
Алған жоқ па Жерім менің Азаттық !?.
Тұрған жоқпа Туым көкте желбіреп !?
Міне, нағыз бабам күткен
ғажап құт!
Жаратқанға – Алламызға
мың алғыс!-
Жаратқанға ҚАЗАҚ қып!!!

2018 жыл.


АЗАТТЫҚ АЛАҢЫ

Азаттықтың аңырап адырнасы,
Атқа қонды Алаштың жалын жасы,
Жел өтпеген жетпiс жыл Тасқамалдың,
Желтоқсанда сөгiлдi қабырғасы.
Атой салған Алаңда бiзге аты әйгi,
Жүрегiнде жiгiттiң сызда, қайғы.
Қыршынынан қиылар қыз қатайды…
Бура болып жүргендер
бұғып қалып,
Буыршындар бұрқырап
мұзға тайды…
Зәрiн жиып заманның түс-реңi,
«Тазалауы» – жазалау iсi ме едi…
Күлдiр-күлдiр күреңдер үнiн жұтып,
Шылдыр-шылдыр кiсендер кiсiнедi…
Тежедi ме кемдiгi әлде күштiң,
Қайнап барып басылды дәрменi iштiң.
Сонда дағы даламда сөнбедi ұшқын.
Декабристер iшiнде бола алмаған
Пушкин сынды пұшайман халге түстiм…
Қиылмаса тамырың құл етер кiм,
Түркiлiк қан түлектi түлетер мың.
Дәрiсiмдi ұмытып шәкiрттерге
Дәрi сынды…жыр оқып тұр екенмiн…
Семсерсiз ел айрылды
сенiмнен де…
Сеңдi бұзып, қатайды көңiл демде.
Ат үстiнде өлмеген қорлық едi,
Ақ жүректен қызыл қан төгiлгенде…
Табанымен тажалдар таптағанда,
Ақ сөйлеу де сын едi ақтабанда…
Жазасынан жаудың да асып түстi,
Өр ұлдарын «өгейлер» даттағанда.
Тағы осылар қосылып шыға келдi
Тарих бүгiн жастарды ақтағанда…
Уақыттың жалынан ұстар мығым,
Айыра алар жел аңдыр
дұшпанды кiм?
Шешпей қызыл шәпкесiн ұйықтағандар
Ақ қалпақ пен айқайға құштар бүгiн…
Өзгертiп ап тiлi мен тiлегiн де,
Мың құбылар жүрiп-ақ
Ұлы елiнде…
Ауа райын баққандар дайын тiптi,
Ауыстырып алуға жүрегiн де…
Теңдiк сұрап ақырған аталардың,
Жаңғырыққан үнiнен от алармын.
Уызданған ұландар ұрандаса,
Рухыңды жаныштап
жата алар кiм?..
Азаттық деп…Алаңға
барған әркiм,
Сақтағаны атадан қалған антын…
Ақиқаттың дауысын айқайлаған,
Жүрегiңнен жоғалтып алма, Халқым!..

Қазыбек ИСА
1996 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *