ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ҚЫРҚЫНШЫ РЕТ ӨТУДЕ

Спорт
1 237 Views

Былғары қолғап шеберлері арасындағы Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиев атындағы Халықаралық турнир биыл қырқыншы рет өткелі отыр. Оны жылдағы қалыптасқан игі дәстүрге сай Шымкент қаласының әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Заңғар Қасқаев басшылық жасайтын бокстан Олимпиада ізбасарларын әзірлейтін балалар мен жасөспірімдердің №5 арнайы спорт мектебі ұйымдастырмақшы. Байрақты бәсекенің басы-қасында жүріп, қашанда оған демеушілік жасаушы азаматтардың арасынан әдеттегідей Үмбетәлі қажы Сейітқұлов, Мақсат Мырзабаев, теолог ғалым Әбілқайыр Қосуақов, Мәдібек Алтаевтың есімдерін бөле-жара атауға болады. Қарақозы Әбдәлиевтің туысқан немере інісі, бокстан Халықаралық дәрежедегі АІВА төрешісі Әлішер Алтаев жарысқа келгендерді күтіп алудан бастап, шығарып салуға дейінгі шаралардың бәріне белсене атсалысатын абзал азамат.

Шымкентте даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы дүбірлі дода Мәскеу Олимпиадасы болған 1980 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы былғары қолғап шеберлері арасында ұйымдастырылатын тоғызыншы Бүкілодақтық турнир болатын. Жарыста шешуші ақтық финалдық сайысқа дейін жетіп келген қос боксшыға да спорт шебері атағы берілетін. Батыр атындағы алғашқы турнирде бағы жанған Нұрғали Сафиуллин мен Всеволод Визирякин чемпион атанып, дәл сондай жоғары құрметке бөленген. 1994 жылға дейін Орталық Азия мен Қазақстан бойынша өтетін жеке-дара турнир-тұғын. Кейіннен Халықаралық жарыс мәртебесін иеленді. Қазіргі таңда Қазақстанның өзінде бокстан оншақты Халықаралық турнир өтеді. Соның ішінде төртеуі Алматыда, үшеуі Шымкентте (Қарақозы Әбдәлиев, Марат Жақсыбаев, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы турнирлер), қалғаны Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Түркістан (Бекзат Саттарханов атындағы турнир) боксшылар бәсекесі өткізілетінін бәріңіз жақсы білсеңіздер керек. Сөз орайы келгенде, егемен еліміздегі Олимпиада чемпиондары – Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбеков, Әлем чемпиондары – Болат Жұмәділов, Григорий Гафаров, төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысып, бағын сынап көргендер – Нұржан Сманов, Бейбіт Шүменов (бүгінде кәсіпқой боксшы), Әділбек Ниязымбетов, Михаил Юрченко тәрізді тарландар осы турнирден қанаттанып шыққанын мақтаныш сезімімен айтуымызға болады.

Жарыс жылнамасына жүгінсек, аса ауыр салмақта үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған кубалық Теофило Стивенсонның өзін нокаутқа жіберген ресейлік атақты боксшы Игорь Высоцкий де сексенінші жылдардың басында өткен осы Халықаралық жарыстың қадірменді қонақтарының бірі болған. Қазақстандық белгілі былғары қолғап шебері Әбдісалан Нұрмаханов алғашқы үш турнирде бас төреші болған екен. Бұл жарысқа Халықаралық әуесқой боксшылар федерациясының (АІВА) есімдері Еуропа Әлемге әйгілі төрешілері – В. Енгибарян, В. Дадаев, мәскеулік ағайынды Фроловтар, қазақстандықтар – Б.С. Цхвирашвили, В. Батурин, С. Әбдінәлиев, қырғызстандық Әкеров, тағы басқалар қазылық еткенін де біле жүріңіздер. Қысқа қайырып айтқанда, былғары қолғап шеберлерінің бірнеше буынын баптап шығарған бұл байрақты бәсекенің Қазақстан спортының қарыштап дамуына, боксшылар шеберлігінің шыңдалуына қосқан үлесі сүбелі екені даусыз.

Қырқыншы рет ұйымдастырылып отырған мерейтойлық турнир биылғы 28 қазан – 2 қараша күндері Шымкентте өтеді. Байрақты бәсекеге алыс-жақын жиырмашақты шетелден келген таңдаулы деген 120 былғары қолғап шебері қатысуда. Атап айтқанда, Қытай, Малайзия, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген боксшылар өнер көрсетуде. Олардың арасында Әлем және құрлық чемпионаттарының жүлдегерлері мен Олимпиада ойындарында бағын сынап көргендер де баршылық. Аталмыш турнир аясында батыр туып-өскен Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылында оның асқақ рухына арнап ас беріледі. Мектеп ауласындағы ескерткішіне алқызыл гүл шоқтары қойылады. Отан қорғау жолындағы ерен ерліктің шерлі шежіресіне айналған Оңтүстіктің отты оғланына жерлестері осылайша құрмет көрсетіп, тағзым етпек. Қысқасы, қырқыншы турнирдің қызықтары көп болмақ. Міне, осылардың бәрінен құр қалып жүрмеңіз, құрметті жанкүйер қауым!

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *