Қасым-Жомарт инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау,сондай-ақ, экологияны қорғау әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіш екенін айтты.
– Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік астананы дамытудың бірқатар нақты міндеттерін атап өтті.
Президент бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсімін қамтамасыз етудің маңыздылығын басты міндет ретінде айтты. Аталған бағыт бойынша қаладағы атқарылған жұмыстарға тоқталған Мемлекет басшысы қаланың индустриялық аймағында 33 компания тіркелгенін және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция салынғанын мысалға келтірді. Сонымен қатар Президент аталған аймақ құрылған 7 жыл ішінде небары 6 жаңа кәсіпорын іске қосылғанын, биыл тек 1 шағын зауыт қана жұмыс істей бастағанына назар аударды.
Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне индустриялық аймаққа, әсіресе, жоғары технологиялық және экспортқа бейімделген жаңа жобалар тартуға кеңес берді.
Мемлекет басшысы инновацияны дамытудың және тың жобаларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, қалада жетекші университеттер шоғырланғанын және ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы екенін атап өтті. Бұл ретте ол осы салада маңызды әзірлемелердің жоғына назар аударып, Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін пайдалануды тапсырды.
Қазақстан Президенті қаладағы бизнес ахуалды жақсарту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Баяндамада шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды шешудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы тамақ өнімдеріне, ең алдымен, нан мен ет өнімдеріне қымбаттауына жол бермеу керектігін айтты.
Президент келесі бір маңызды міндет ретінде қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын айтты. Ол жұмыссыздық проблемасын, медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын ерекше атап көрсетті.
Өмір сапасын арттыру мен қаланың инфрақұрылымын дамыту ісін қамтамасыз ету мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың экологиялық ахуалы мен ауаның сапасына баса мән берді. Ол қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық түрлеріне көшіру ісін аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүзеге асыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, сондай-ақ, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Президент өз сөзінде Көк Жайлау тау шаңғысы курортын салу мәселесіне нүкте қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келіп, туристік өнімдерді өте жоғары деңгейде дамыту үшін Алматының әлеуеті зор екенін атап өтті. Бұл тау, мәдени, этнографиялық туризм сияқты, іскерлік туризмге де қатысты. Президент 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айтты.
Президент сөзінің соңында Алматы қаласы Елбасының көрсеткен қолдауының арқасында дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізгенін атап өтіп, алға қойылған мақсаттарға жету үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Сонымен қатар кеңесте ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президенттің көмекшісі Аида Балаева, сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйледі.
Akorda.kz