Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Жақында өмірден өткен қандасымыз, Ресей мемлекетінде жиырма жылдан астам Кемерово облысын басқарған, көршілес мемлекеттің президенттік додасына да түскен, екі елдің сүйікті ұлы Амангелді Молдағазымұлы Төлеевтің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып, ондағы шығып сөйлегендер оның қызмет істеген мемлекетіне жасаған ұлан-ғайыр еңбегі, Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың мәңгілік болуына қосқан үлесі туралы ағынан жарылып айтты, марқұмға Құран бағышталып, ас берілді.
Бұл үлкен конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы жүргізіп отырды. Біз көптеген жиындарды көріп жүрміз, бірақ бұл іс шараның деңгейі шырайлы Шымкент қаласында өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар осы форумды ұйымдастырған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына, Қазақстан Республикасы Ардагерлер Ұйымына, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктеріне, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоры басшылығына шексіз алғыс білдірді.
Сонымен қатар конференцияны ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараұлының еңбегі айырықша болғанын қатысушылар ерекше атап өтті.
Бұл үлкен жиын Шымкент қаласындағы орталық «Түркістан» зәулім сарайында бүкіл Қазақстанның өңірлерінен және Ресейден келген мыңнан астам зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өтті. Конференцияда шығып сөйлеген Қазақтың тұңғыш ғарышкері, генерал Тоқтар Әубәкіров, ҚР «Ардагерлер ұйымы» бірлестігінің бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Дүниежүзілік қазақтарының қауымдастығы ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Кузбас институтының ректоры Владимир Волчек, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бекет Тұрғараев, Амалбек Тшанов, Кенжехан Төлебаев, Светлана Жалмағамбетова, Оразгүл Асанғазиева, Марат Нәбиев, Мақсат Сқақов, Сергей Азимовтер қазақтың біртуар ұлдарының бірі Амангелді Төлеев туралы ғибратты сөздер айтып, ұлы тұлғамен жеке кездескендеріндегі алған әсерлерімен бөлісті.
Амангелді Молдағазымұлы тағдырдың тәлкегімен бала кезінен елінен, ата жерінен, ағайын туыстарынан айырылып, алшақ кетсе де аяулы анасы Мүнира апайдың арқасында атын, ұлтын жоғалтпағандығы туралы айтылған естеліктерді отырғандар тебірене тыңдады.
Аман Төлеев кең байтақ Ресейде, халықтың өтініші бойынша, үш рет Президент сайлауына үміткер ретінде түсіп, миллиондаған сайлаушылардың дауысына ие болуының өзі оның ержүрек батыр, қайтпас қайсар, адал азамат болғандығының куәсі екендігі айтылды. Сонымен қатар Төлеевтің ата-бабаларының қабірі қасиетті Түркістан облысының Шардара өңірінде жатқандығы, оның Қазақстанға, оның ішінде оңтүстікке, жалпы қазақ халқына деген аса үлкен құрметі шығып сөйлеушілердің сөзіне тиек болып, көптеген қатысушыларға ой салғаны анық. Осынау ауқымды конференция ұйымдастырушылары Амангелді Төлеев туралы фильм түсіріп, ол туралы Жұмабек Мұқанов пен Николай Зеньковтың марқұмның 80 жылдығына арнап жазылған кітаптары және арнайы шығарылған журналдар халыққа таратылды.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы тірісінде:

«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде,
Ұрпақ тойлар сексен мен жүз жасымды,
Тарихтың тереңінен сөз келгенде»
деп жырлап кеткендей, елінің еңселі болуы үшін күн-түн демей еңбек істеп жүрген, халықтың бірлігі мен тірлігі үшін жанын салған, адал – абзал, абыздарымызды ардақтап, ұлықтап жүруге жазсын. Бірлігіміз жарасып, еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болғай!
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
ҚР парламентінің бұрынғы депутаты.