Бүгінде елімізде шағын бизнеске жол айқара ашық. Үкімет қолдауын тиімдіпайдаланып отырғандар қолынан келетін ісін кәсіпке айналдыруда. Әсіресе, хоббиінен табыс тауып отырған қыз-келіншектердің қазір шалғай ауылдарда да көбейгені қуантады. Үйінде отырып-ақ бет әрлейтін, дәмді тамақ пісіретін, тігіс тігетін іскер әйелдер отбасы табысын арттыруға да атсалысып жүр. Солардың бірі Мақтаарал ауданы Мырзакент ауылының тұрғыны — Жадыра Медетова.
Ол биыл «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде 1 млн 200 мың теңгенің грантына қол жеткізіп, кәсіп бастап отыр. Пысық келіншек жартылай фабрикат өнімдеріне тапсырыс қабылдайды. Айтуынша, бүгінде ауылда жұмыс орындары көптеп ашылып, жұмысбасты әйелдер көбейген. Тағамдарды көбіне солар сатып алады екен. Жадыраның қолынан шыққан жартылай дайындалған самса, тұшпара, голубцылар мен котлеттерге ауыл тұрғындары күн бұрын тапсырыс беріп жатады. Қазір той-жиынның жиілеген кезі. Кейіпкеріміздің пісірінділеріне сұраныс артқан.
Жадыра қаршадайынан асүйге жақын өсіпті. Аспаз анасынан үйренгені көп. Әскери бөлімдердің бірінде жылдар бойы аспаздық еткен анасына қолғабыс жасай жүріп, түрлі пісірінділерді әзірлеуге дағдыланыпты. Қолынан іс келетін келіншек әу баста көршілеріне қонақ шақырғанда ақыға көмектесіп, зуала-зуала қамыр жайып, дастарқан дәмдерін дайындасқан. Кейін жайылған дайын қамырды қатырып сатып, табыс тапқан. Алайда, жартылай дайын өнімдерді көптеп әзірлеу үшін оған құрал-жабдықтар, қосымша қаражат қажет болыпты.
Мемлекет қолдауына өтінім берген ол алдымен үш айда кондитер, аспаз курсын оқып, грантқа өз бизнес жобасын ұсынады. Комиссия алдында жобасын сәтті қорғап шыққан соң қаражаты қолға тиіп, өнімдерді дайындауда ауадай қажет болған газ пешін, мұздатқыш, тоңазытқыш, миксер, ет тартқыш сияқты құрал-жабдықтарын сатып алады. Енесі мен тұңғыш қызын жәрдемші етіп, көптеп тапсырыс қабылдай бастайды. Мектептер мен балабақшалардан да тапсырыстар түседі. Келіншек пісірінділерге қажетті қоспаларды түгел Шымкенттен алдыртады екен. Көбінесе өнімдеріне құнарлығы жоғары табиғи, сапалы қоспаларды пайдаланады. Жадыра осылайша ай сайын 300 мың теңгенің төңірегінде табыс тауып отырғанын айтады.
Осыған дейін көпбалалы отбасы мұқтаж отбасылар қатарында болып, атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Грантқа қол жеткізен соң бұл жәрдемді қазір алмайды. Себебі, жеке кәсіпкер атанған келіншек табысын арттырып, отбасының тұрмысын түзеп келеді.
Аспаз әйел әлеуметтің әлсіз тобына берілетін атаулы әлеуметтік көмектің уақытша берілетінін әу баста-ақ түсінді. Қаражаттың отбасының кедейлік шегінен, тығырықтан шығуы үшін ғана берілетін білген келіншек өз қамын жасады. Сүйікті ісінен пайда тауып, кәсіпкерлікке бет бұрды. Отыз бес жастағы көп балалы Жадыра мұнымен де тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта ғимарат жалдап, кондитерлік дүкен ашқысы келеді. Ауылда әзірге ондай сауда орны жоқ. Қазір ол осы бағытта ізденіспен жүр. Торттың түр-түрін, пахлава, бәліштертер мен көпшілікке «хит» болған тәттілерді дайындауды үйрететін шеберлерден онлайн сабақ алуды жоспарлайды. Осылайша, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Бизнесін кеңейтіп алып, ауыл келіншектерін де осы шаруашылыққа баулуды ойлап жүр. Қазірдің өзінде екі бөлмелі үйде тұратын көпбалалы отбасында қызу тіршілік. Жалға ғимарат алса, шаруаға епті келіншек бизнесін дөңгелетіп әкетпек.
Кейіпкеріміздің айтуынша, «Бизнес бастау» жобасының әсіресе ауыл-аймақтарда тұратын жұмыссыз әйелдерді кәсіпкерлікке баулуға септігі мол. Үкімет қолдауының шарапатын көрген кейіпкеріміз көпке үлгі.