Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы 4 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» №382 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» №337 Жарлығына сәйкес жыл сайын 4 маусымда егемен елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілуде. Айтулы мереке Шымкенттейін шырайлы шаһарда да кеңінен тойланып жүр. Мәселен, бұл мейрамның 20 жылдығы шырайлы шаһарымызда былайша атап өтілген болатын.
Күншуақты Оңтүстік өңірінде, шырайлы Шымкент шаһарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет қашанда айрықша. Қала тұрғындары Қазақстан Республикасының көлемі 8х16 метрлік алып көк туын көтеріп, шырайлы шаһарды шарлап шыққан. Көпшілік шеру Наурыз алаңындағы Бәйдібек би ескерткішінен бастау алған. Олар Бәйдібек би, Тұрар Рысқұлов, Қазыбек би көшесімен жүріп отырып Ордабасы алаңындағы сіздік саябағына дейін барған. Шеруге 20 мотоциклші, 30 велосипедшімен қоса-қабат жаяу жүргіншілер қатысқан. Соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері жайғасқан қос автобус шеруге шыққандармен бірге жүрген.
– Біздің күшіміз – бірлікте. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын қызу қолдаймыз. Өзіміз ерекше сүйетін, мақтаныш ететін еліміздің ертеңі бүгінгіден де нұрлы болатынына бек сенімдіміз. Гүлденген Қазақстанда, соның ішінде шырайлы Шымкент шаһарында тұратынымызға дән ризамыз. Сіздердің бәріңізге бақыт, табыс тілейміз! – деген болатын осы шеруге қатысқан қала тұрғыны Тоқтар Әлімбеков.
Тәуелсіздік саябағындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер алаңындағы ең үлкен алып тудың маңына жиналған бір мыңнан астам адам оң қолын жүрек тұсына қойған күйі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын шырқаған. Оны әскерилердің үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен хорға қосылған соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым мен этномәдени орталықтардың өкілдері, әскерилер, музыка колледжінің студенттері, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері шабыттана орындаған.
Бұл мерекені биыл да жоғары деңгейде атап өту жоспарланып отыр. Оған сүйікті қаламыздың әрбірі тұрғыны белсене араласатыны айтпаса да түсінікті жайт.
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.