Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралды.
Сотта анықталғандай, Шымкент қаласы, Алматинское тас жолы бойында орналасқан «Жібек жолы» базарындағы сауда орнында «ORIS» маркалы 500 қорап темекі өнімі заңсыз айналымға шығарылып, сатылған. Өнімдер тиісті акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларынсыз, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының рұқсатынсыз өткізілген.
Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, түсініктемелерімен және іс бойынша жиналған өзге де дәлелдермен расталды.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдіріп, қатаң жаза қолданбауды сұрады.
Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауы мен өкінуі ескеріліп, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Осыған байланысты сот құқық бұзушыны ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 648 750 теңге мөлшерінде айыппұл салды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.