ШЫМКЕНТТЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІН БҰЗҒАНДАР ҚАМАЛДЫ

Қоғам Құқық
679 Views

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен елімізде бір айға төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Алайда, 16-27 наурыз аралығында Шымкентте төтенше жағдайға байланысты кейбір шектеулерді бұзғаны үшін, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 476-бабымен 22 адамға қатысты әкімшілік іс қаралған. Осы ретте, ойымызға қазақтың «Ескермеген ауру жаман…» деген қанатты сөзі оралып отыр.

Егер осы істерге қатысты таратып айтсақ, солардың ішінде 18 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылданып, ал үш әкімшілік іс бойынша жеке тұлғалардың сот отырысына белгісіз себептермен келмеуіне байланысты оларды сотқа күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған. Сондай-ақ, осы Жарлықта көрсетілген мiндеттi санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамай, кейбір мейрамханалар, моншалар, ойынханалардың жұмыс істеуіне жол берген 13 адамды қамауға алу туралы сотта қаулы қабылданып, бес адамға қатысты 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Ал әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты бір адам жауапкершіліктен босатылған. Алдағы уақытта осындай әкімшілік құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді төтенше жағдай режимін сақтауға және оны орындауға назарларын аударғымыз келеді.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *