Шымкентте өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде

Қоғам
16 Views

Шымкент қаласында ішкі істер органдарына 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Мәйіт қалалық Дендропарк аумағында анықталды. Ақпарат белгіленген тәртіппен тіркеліп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу шықты.

Аталған дерек бойынша өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Шымкент қаласы Полиция департаменті қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қызметкерлер марқұмның араласқан ортасын анықтап, болған оқиғаның ықтимал себептері мен мән-жайларын зерделеуде, сондай-ақ оқиғаның түрлі нұсқаларын тексеруде. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, куәлардан жауап алынуда және өзге де процессуалдық шаралар жүзеге асырылуда.

Ведомствода тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттың жария етілмейтінін атап өтті.

Тергеу жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.