ШЫМКЕНТТІКТЕР ЕНДІ ХҚО-ДА ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ДЕ АЛА АЛАДЫ

Қоғам
539 Views

Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының жұмысы қайта жанданды. Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының жұмысы шектелген болатын. Сонымен қатар, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында, карантин уақытында электронды қызметтерді алу үшін жоғары оқу орындары, қала әкімдігі сияқты халық көп баратын жерлерде 45-ке жуық egov бұрыштары іске қосылған еді. Бұл ретте аталған бұрыштар әлі де қызметін жалғастыратын болады.

– Өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында кез-келген азамат ХҚО ғимаратында электронды мемлекеттік қызметтерді кезекке бронь жасамай, өздігінен ала алады. Сондай-ақ азаматтарға бетперде тағып, арақашықтықты сақтау қажеттігін еске саламыз. Біздің міндетіміз – әр азаматқа көмектесу. Егер сұрақтар туындаса, кеңесшілер әрдайым көмекке келеді, олар азаматтарға электронды қолтаңба алуға және қажетті электрондық қызметті алуға жәрдемдеседі. Біз мүмкіндігінше шымкенттіктердің электронды үкімет порталын өз бетінше пайдалануды үйренгенін қалаймыз. Кез-келген азамат келіп, электронды қызметтерді өз бетінше қалай алу керектігін тегін үйрене алады», – деді Алтынай Татаева «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілі.

Қазіргі уақытта өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары Шымкенттегі 10 ХҚО-да және мамандандырылған ХҚО-да жұмыс істейді.

Статистикаға сәйкес ең көп сұранысқа ие қызметтер – ЭЦҚ рәсімдеу, соттылықтың болуы/болмауы туралы, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлердің есебінде болмауы туралы анықтамалар алу, тұрғылықты жер бойынша және емханаға тіркелу.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы электронды мемлекеттік қызметтерді ақылы түрде ұсынатын ЖШС және жеке кәсіпкерлердің қызметіне ешқандай қатысы жоқ екендігін хабарлайды. Сондай-ақ ЭЦҚ ережелерін сақтауды және анықтамаларды алу үшін бөгде азаматтарға жеке мәліметтерді ұсыну қауіпті екендігін ескертеді.

«Әділет — ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *