Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің жеке құрамы үшін жол-көлік оқиғаларының алдын алу және әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтарға жол бермеу тақырыбында профилактикалық сабақ ұйымдастырылды. Іс-шара Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжінде өтті.
Сабақты Әскери полиция Бас басқармасының қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Әскери автомобильдік полиция бағыты бойынша аға офицері подполковник Шоқан Қапанов жүргізді.
Кездесу барысында әскери қызметшілердің қызметтік және жеке автокөліктерді басқару кезінде жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі, әскери жүргізушілер арасында тәртіпті күшейту және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің және жол жүру қағидаларының негізгі талаптары түсіндірілді.
Кездесу аясында әскери қызметшілерге құқық бұзушылықтардың тек жеке жауапкершілікпен шектелмей, олардың отбасыларына да тікелей әсер ететіні жеткізілді. Жеке автокөлігі бар әскери қызметшілер арасында жол қозғалысы тәртібін бұзу, өзге көліктермен соқтығысу фактілері кездесетіні атап өтілді. Мұндай жағдайларда айыппұл төлеу, зақымданған көліктерді жөндеу шығындары отбасы бюджетіне салмақ түсіретіні айтылды.
Іс-шара барысында жол-көлік оқиғаларының себептері мен салдары жан-жақты талданып, әскери жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты ұсынымдар берілді.
Аталған сабақ гарнизондағы әскери полиция органдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке құрамның құқықтық мәдениетін көтеру бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Сабақ қорытындысы бойынша жеке құрамның даярлық сапасын жетілдіруге және жалпы жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ұсыныстар қабылданды.