«ШЫМКЕНТ – ТАЛАНТТЫ ЖАСТАР ОРДАСЫ»

Жастар
1 111 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деген болатын. Биылғы 2019 жылды “Жастар жылы” деп жариялауды ұсынды. Осыған орай Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бойынша «Шымкент – талантты жастар ордасы» атты жобаны іске асыру жоспарланған.

Шымкенттегі ақын-жазушылардың «Қаламгер» атты қоғамдық бірлестігіне жазушы, тарихшы, шежіреші, көптеген тарихи кітаптардың авторы Момбек Әбдәкімұлы жетекшілік етеді. Абай атындағы орталық кітапхананың оқу залында осы бірлестіктің мүшесі, жас ақын Сүндет Мұратбекұлы Сейітовтің «Мәрия» атты екінші жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.Бұл кешті жазушы Момбек Әбдәкімұлы жүргізіп отырды. Жиынға ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, жазушы Шаруа Пірмат, жазушы, аудармашы Нұрғали Қадырбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Лесбай Маемеров, ордабасылық ұстаз, ақын Үрліхан Сапарбек, аталмыш жыр жинағының редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, суретшісі Мейраш Тастемірова, жас ақындар – Дәурен Айманбетов, Нұркен Нұрғазы, Түркістан облыстық политехникалық колледжінің студенттері, кітапханашылар және көпшілік оқырмандар қатысты.

Момбек Әбдәкімұлы:

– Бүгін ерекше қуанышты күн, осындағы көп қаламгерлер жиырма жасында кітап шығарған жоқ. Сүндеттің екінші кітабы шығып отыр. Оның өлең-жырларында өзге елде жүріп туған жерін аңсап, атамекенге келгені жайлы әсерлі баяндалады. Өз өмірінің шындығын боямасыз жеткізуі жасандылыққа үйір емес табиғатын көрсетеді. Кітаптың атын «Мәрия» деп әйелдің атымен атауы анасына деген ерекше құрметі деп ойлаймыз, – деді. Сонымен қатар ол «Шыназ», «Шыназ жыры» атты өлеңдеріне де тоқталып өтті.

Жазушы Шаруа Пірмат:

– Алғашқы кітабым 75 жасқа толғанымда шыққан. Жалындаған жиырма жасында екі кітап шығарып үлгерген Сүндет баламыздың алар асулары алда деген ізгі ниеттеміз, – деді.

Басқосу барысында Дәурен Айманбетов, Нұркен Нұрғазы ақын өлеңдерін және өздерінің жастарға арнап жазған өлеңдерін оқыды. Сүндет Сейітов те сөзін өлеңімен өрнектеді.

Кешті қорытындылаған Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Гүлсім Шатырбекова жас ақынға сәттілік, шығармашылық табыс тіледі. Алдағы уақытта Жастар жылының аясында әр саладағы талантты жастардың еңбектерін көпшілік оқырмандарға насихаттай беретінін жеткізді.

Раушан СҰЛТАНБЕК,

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі әдістеме бөлімінің меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *