ШЫҢЫРАУДАН ШЫҢҒА САМҒАҒАН ТҰЛҒА

Қоғам
1 039 Views

1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің ұлттық рухымызды тұншықтырған тұстарын ақылмен пайымдауға ел боп бірігіп күш салуымыз заңды. Ұлт еңсесін түсіріп, теңсіздікке жол ашқан Кеңестік билікті ақылмен зерделеу – қазақ тарихының кісілік келбетін дәйектей түспек. Осыған байланысты ұлт үшін ұрандап, қуғын-сүргінге ұшырап, ажал құшқан құрбандарды еске алу мақсатында Алаштың ардақты азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Шыңыраудан шыңға самғаған тұлға» атты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайында тағылымы мол, өнегелі іс-шара болып өтті.

Жиынға тарихшы-ғалымдар, атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих ғылымының кандидаты, доцент Н.Тәжімұқанова, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Баршагүл Қашқынқызы Исабек, тарих ғылымының кандидаты, доцент Мүслім Алдаберген, тарихи-өлкетану музейінің филиалы Тұрар Рысқұлов атындағы мұражай меңгерушісі Лесбек Махмұтов, сондай-ақ музей архив қызметкерлері, қала тұрғындары мен жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ашаршылық пен тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғалар рухына тағзым етуге негізделген кездесуде Алаштың ардақты азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірбаяны мен қызметі жайында келген қонақтарға толық мағлұмат беріліп, арнайы деректі фильм көрсетілді. Ұлы даланың ұлы тұлғасы, қазақтың ұлтжанды азаматы, өз заманының көшбасшысы болған Тұрар Рысқұлов туралы тың деректер айтылды.

«Рысқұлов – қазақ жерінде Мұсылмандар бюросын құрып, Түркістан атқару комитетінде «Ашаршылықпен күрес комиссиясын» басқарған. Сол мәселені шешу мақсатында Түрксіб темір жолын салуды Мұхаметжан Тынышбаевпен бірге іске асырған да осы Алаштың ардақтысы еді. Тіпті, 1920 жылы Куйбышевпен Шымкент жеріне келіп, большевиктер ұйымын құруға ұйытқы болған жалынды коммунист Тұрар Рысқұлов болғаны көрші елдер архивтеріндегі мағлұматтарда бар», – дейді тарихшы ғалымдар.

Өзбекстандық киностудия түсірген фильмдерде де Рысқұловтың рөлі мен саяси тұлға ретіндегі образы анық келтірілгені де сөз болды. Монғолияның астанасын бекітуге де қазақтың ардақты ұлы өз үлесін қосқан деген де пікірлер айтылды.

Шараға студент жастар мен «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіру орталығының тыңдаушылары да қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу датасы 31 мамыр болып 1997 жылдан бері атап өтіліп келеді. Осыған орай, 2001 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылған болатын. Республиканы былай қойғанда, ТМД елдері арасындағы алғаш бой көтерген жалғыз мұражай екенін мақтанышпен айта аламыз. Мұндай мұражай көп жерде кездесе бермейді. Соның нәтижесінде қаламызда «Қасірет» мемориалы көпшілікке ұсынылды. Ол жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналған, жазықсыз ату жазасына кесіліп жапа шеккен адамдарға тағзым етіліп, еске алу шаралары жылда атқарылады.

Тәуелсіздік алғаннан бері отандық тарих ғылымында Кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғам тұсындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы зерттелуде. Кеңес өкіметінің саяси ұстанымы өз ұлтының мүддесін ойлаған тұлғаларды «ұлтшылдар», «тап жаулары», «жікшілдер», «оңшылдар», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деп бөлшектегені де бізге тарихтан мәлім. Саяси қуғын-сүргін салдарынан тексіздікке жол ашылғанымен, ұлт болмысының тамырын қиюға шамасы жетпеді. Әрине, бұл өз алдына бөлек зерделенетін іргелі тақырыптардың бірі екендігі даусыз.

А. СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *