Анадолы елінде Мармара теңізі жағасындағы 25 миллион халқы бар ғажайып Ыстанбұл қаласында Бүйікчекмедже ауданының көрікті жерінде Еуропалық және Түркиялық тағамдарын әзірлейтін “Yes Coffee and Kruvasan” атты кофе-дәмхана ашылды. Жақында Түркияда “Аналар күні” мерекесі құрметіне ашылған шараның алқызыл лентасын алғашқы Қазақ консулы, Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс, “Yes Coffee and Kruvasan” кофе-дәмханасын құрушы, Қазақ кәсіпкерлері Мұстафа Шолпан, Нұрлан Есқали, Түркиядағы QAZTAB Қазақ кәсіпкерлері қауымдастығының жауапты директоры Арман Оспан кесті.
Дәмхана 10-11 мамыр күндері “Аналар мерекесіне” орай келушілерге тегін дастархан мәзірін әзірледі. Кофе-дәмхананың тең төрағасы (құрылтайшысы) Ыстанбұлда Бүйікчекмедже туып өскен, Қазақ диаспорасының көрнекті өкілі Құддыс Шолпанның інісі Мұстафа Шолпан Түркияда екі университетті бітірген белгілі құрылыс инженері. Ал екінші төраға Нұрлан Есқали шетелде асхана әлемдік дәмхана саласында тәжірибесі бар қазақ кәсіпкері, Таразда туып өскен.
Өткен жолы қазақ ағайындар көп тұратын Зейтінбурни ауданында “Тұран” мейрамханасын салтанатты түрде ашып, үлкен ақсақалдардың батасын алған еді. Енді міне Бүйікчекмедже көлінің жағасындағы қаланың элиталық тұрғын үйлер комплексінің аймағындағы “Yes Coffee and Kruvasan” кофеханасын ашып отыр.
Кофехананың ғимаратында Түрік және Қазақ жалаулары ілінген. Мерекелік шарлар, плакаттар қойылған. Алғашқы күннің өзінде жүздеген келушілер дәмхананың төрінде орын алды. Осылайша Ыстанбұлда тұратын Қазақ кәсіпкерлерінің игілікті істеріне сәттілік тілейміз. Қазақ-Түрік достығы жасасын, Қазақ-Түрік кәсіпкерлері алға!
Ер УБАЙДИН,
Ыстанбұл қаласы,
Түркия