ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛ – ІЗДЕНІСТЕР ӘЛЕМІ

Білім Қоғам
1 124 Views

«Ясауи университетінің хабаршысы» журналына 25 жыл

ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛ – ІЗДЕНІСТЕР ӘЛЕМІ

Осыдан отыз жыл бұрын ашылған оқу орнының алғашқы редакциялық-баспа ісі туралы сөз қозғағанда есімізге алдымен белгілі журналист, сатирик ақын марқұм Мұратбек Дүйсембеков түседі. Ол редакциялық-баспа бөлімінің бірінші басшысы болып, жаңа университеттің төл газетін ашуға белсене кіріскен еді. Ғылыми журнал шығару идеясы да сол кісіден бастау алған-ды. Оқу орнының алғашқы оқытушы-профессорларының ең алғашқы ғылыми жинағы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған екен. Ол кезде компьютер деген жоқ. Баспахана да жоқтың қасы. Қазақша мәшеңкеге басылған мақалаларды қағазынан көшіру арқылы көбейтетін аппаратты Шымкенттен тауып, кітап етіп бастырып келген Мұратбек Сапарбекұлы еді. Марқұмның сол асыл идеяларын одан ары қарай іске асыруға сол кезде бірнеше кісілер атсалысты. Бұл ретте техника ғылымдарының докторы, профессор Аманкүл Ақбасова, журналистер Әскер Исақов, Мырзантай Жақып, Гүлжан Әбілдаева, компьютер мамандары Болатбек Хусаин, Абзал Бегманов есімдерін атап өткеніміз орынды. Әсемкүл Шәңкібаева есімді «машинистка» қыз да жазу мәшеңкесін компьютерге алмастырып, осы бөлімге қызметке келген еді.

Осы кісілер негізін қалаған «Ясауи университетінің хабаршысы» журналының алғашқы санының жарық көргеніне биылғы желтоқсанда 25 жыл толып отыр. Бірінші бас редакторы ретінде сол кездегі университеттің ғылым жөніндегі істерінің үйлестірушісі болған техника ғылымдарының докторы, профессор Аманкүл Жақанқызы бүгінгі күні де осы оқу ордасының қабырғасында Экология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.

-Университетте санаулы компьютер бар еді. Қазір ешкім керек қылмайтын дискетпен мақаланы қабылдайтынбыз. Несін жасырайық, алғашқы сандарының мұқабасы да ақ-қара түспен, жұп-жұқа қағазда шықты. Тек 1997 жылғы сандарының мұқабасын өзім арнайы барып, Алматыдан түрлі-түсті етіп көбейтіп келгенмін. А4 форматындағы ақ қағаз да Түркістанда тапшы болатын. Оны да Алматыдан алып келгенім бар,-дейді журналдың ең алғашқы Бас редакторы А.Жақанқызы.

Бүгінде қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кезінде «Лениншіл жас» газетінің тілшісі болған, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мырзантай Қожабайұлы да бұл журналды шығаруға үлкен қосқан жанның бірі.

Ал бұрын аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі газеттерде қызмет атқарған Гүлжан Елібайқызы алғашқы күннен тапжылмастан осы «Хабаршының» қамқоршысындай болып еңбек етіп келеді.

Уақыт талабына қарай өз қызметін жандандырып келе жатқан журнал редакциясы ширек ғасырлық ғұмырында ғылыми басылымды бірнеше сала бойынша ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің «Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне» енгізді. Оқу орнының өз қазанында қайнап, пісіп-жетілген ғалымдарымыз қаншама. Олар өздерінің айналысқан ғылыми жұмыстарының нәтижелерін осы басылымда шығарып, қарапайым оқытушылықтан ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежелеріне алды. Ғылыми мақалаларын жариялап, оқулықтарын жазып, доцент, профессор лауазымдарына қол жеткізді.

ҚР ҰҒА-ның академиктері Р.Бердібай, С.Қирабаев, филол.ғ..д., профессорлар М.Мырзахметов, Ф.Оразаев, Қ.Саттаров, Т.Есембеков, Қ.Ергөбек, Ж.Түймебаев, ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор А.Қошанов, тар.ғ.д., профессорлар М.Әбілтайн, С.Мадуанов, С.Жолдасбаев, М.Қожа, Х.Тұрсұн, тех.ғ.д., профессорлар А.Аширов, Қ.Исламқұлов, В.М.Шевко, ҚР ҰҒА академигі М.Жұрынов, х.ғ.д., профессорлар А.Баешов, А.Қуатбеков, Б.Жаңабаев, Б.Ш.Кеделбаев, физ.-мат. ғ.д., профессорлар А.Бахтыбаев, Т.Байтелиев, м.ғ.д., профессорлар Б.Керімбеков, Ж.Шалхарова, түркиялық ғалымдар Ш.Акташ, Н.Чам, Г,Чандарлыоглы және басқа да көптеген айтулы ғалымдарымыздың мақалалары жиі жарық көріп отырды.

Иә, ширек ғасыр. Қылшылдаған бір жас жігіттің ғұмырындай уақыт. Сонау 1996 жыл мен қазіргі 2021 жылды салыстыра алмайсың. Өз тәуелсізідігін алған мемлекетімізбен түйдей жасты жоғары оқу орнының елмен бірге көркейіп, алға қарыштап келе жатқаны анық. Оқу-білім саласының бүгінгі жетістіктері де күн өткен сайын дамып жатқан ақпараттық технологиялардың көмегімен алға жылжуда. Бұрын дискет, сиди-диск, флешка арқылы тасымалданатын ғылыми мақалаларымызды шет елден де электронды пошта арқылы алатын уақыт келді. Қазіргі таңда ғылыми мақаланың көтерген тақырыбының өзектілігі, нақтылығы, нәтижелілігі, плагиаттығы тексеріліп, отандық және шетелдік рецензенттердің қатаң сараптауынан өтеді.

Басылымның жеке сайты: www.journals.ayu.edu.kz жұмыс істейді. Барлық жұмыс процесі (мақаланы қабылдау, плагиатқа тексеру, рецензентке жіберу, автормен кері байланыс орнату автоматтандырылған. Бұл процесс OJS платформасында жүзеге асырылады. Журналда қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдеріндегі мақалалар жарық көреді.

Ғылыми басылым №3(117), 2020 санынан бастап ROOTINDEXING және Directory of Research Journal Indexing Халықаралық ақпараттық ресурстарда индекстеледі.

Ғылыми басылым халықаралық ақпараттық ресурстарда таратылған және қазақстандық дәйексөз алу базасында («Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында») нөлдік емес импакт-факторы бар.

Адамзат қызметінің барлық саласымен қосақтала өрілетін ғылымның білім беру саласындағы орны ерекше екені уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Өйткені, заманауи білім беру үдерісінің негізінде әлемнің ғылыми көрінісі жатыр емес пе?! Сондықтан да бүгінгі таңда шетелдік Халықаралық дереккөз базаларында (Scopus, Web of Sciences) тіркелген басылымдарға мақала жариялау қажеттілігі туындап отыр. Сол секілді өзіміздің ғылыми журналымызға шетелдік ғалымдарды тарту, шет тілінде мақала жариялау секілді талаптар да өзекті болып отыр. Осы ретте университет ғалымдарымен бірлесе отырып, шетелдегі оқу орындарымен байланыс орнату, ғылыми бағыттағы іс-шараларды жандандыру мәселесіне көп көңіл аударылуда.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің отыз жылдық мерейтойы үстінде осы оқу орнының қабырғасында жарыққа шығып жатқан «Ясауи университетінің хабаршысы» журналының алдағы уақытта да отандық және шетелдік ғалымдардың, ізденушілердің, докторанттардың, магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін көрсететін сапалы басылым ретінде таныла берсін демекпіз.

Зерде ДҮЙСЕМБЕКОВА,

PhD, ағылшын филологиясы және

аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы.

Түркістан қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *