Алматыда Дүниежүзілік радио күніне арналған ХІІ Халықаралық қысқы журналистика және коммуникация мектебі аяқталды. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ауғанстан, Йемен, Бангладеш және Қытайдан келген студенттер, оқытушылар және журналистер қатысты. Қысқы медиа мектептің ашылуы Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымында «Орталық Азия мен Қытайдағы цифрлық журналистика: жергілікті сын-қатерлер мен жаһандық трендтер» атты дөңгелек үстел форматында өтті.

Медиа сарапшылар цифрлық трансформациялар жағдайында жасанды интеллектінің дамуы, сын-қатерлері сондай-ақ оның журналистикаға ықпалы жайлы пікірлерімен бөлісті. БАҚ-тағы үлкен деректерді пайдалану мен оларды талдау алгоритмдерін талқылаған медиа зерттеушілер цифрлық дәуірдегі медианың халықаралық тәжірибесімен және даму перспективаларымен таныстырды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Narxoz университеті, Қзаақстан Республикуасындағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі – Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросы және Орталық Азия-Қытай журналистік зерттеулер қауымдастығы.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов онлайн форматтағы құттықтау сөзінде: «Цифрлық журналистика қазіргі ақпараттық кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл аудиториямен өзара әрекеттесу, жаңалықтар сапасын жақсарту, медиаплатформалардың көкжиегін кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Әлемнің елдеріндегі процестермен қатар Орталық Азия мен Қытайда бұл процесс сын-қатерлермен, бірегей мүмкіндікпен өрбиді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – тәжірибе, біліммен бөлісу ғана емес, сонымен қатар цифрлық журналистиканы өңірде айрықша мәселелерді шешуде қалай пайдалану қажеттігін талқылауға арналған платформа құру. Өйткені цифрлық журналистиканың тиімді дамуы технологиялық және әдістемелік кедергілерді ғана емес, сонымен қатар саяси және әлеуметтік сын-қатерлерді де еңсеру қажет», – деп атап өтті спикер.
Қайнар Ахетов ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі цифрлық журналистика саласында БАҚ мамандарының кәсіби деңгейін арттыруда жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін атап өтті. Бұл шаралар журналистердің цифрлы кеңістікте материалдар іздеу мен өңдеуде біліктілігін арттыруға бағытталған. Осы күнге дейін 7500-ден астам медиа практиктер саяси, діни, медициналық, экологиялық, әскери, халықаралық, IT, аграрлық, құқықтық және қаржы-экономикалық салаларда оқыту курстарынан өтті.
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаевтың құттықтауымен білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысының міндетін атқарушы Күлтай Адилова таныстырды. Жасанды интеллектің дамуынан туындаған медиакеңістіктегі өзгерістер туралы атап өтті. Бұл үлкен деректерді жинау мен талдаудан бастап контентті жасауға дейін журналистиканың табиғатын өзгертеді. Жасанды интеллект бүгінде жаңалықтарды жекелендіруге, журналистік зерттеулер процестерін жылдамдатуға және тіпті адамның шығармашылық еңбегінен ажырату қиын материалдарды жазуға мүмкіндік берді. Бұл прогресс жаңа мүмкіндіктермен қатар сын-қатерлерді де тудырады. Біз үшін жаңалықтарды автоматтандыру мен журналистік жауапкершілік арасындағы шекара қайда деген сұрақ орынды. Жасанды интеллект қатысуымен дезинформацияның жылдам даярлануына мүмкіндік берілген кезеңде ақпараттың дәлдігі мен шынайылығын қалай қамтамасыз етуге болады? Технология ғасырында журналистердің беделі мен кәсібилігін қалай қорғауға болады? БАҚ-тың цифрлануы қарқынды жүріп, аудитория алгоритмдік басқарылатын платформаларға күн сайын сайын тәуелденген кезеңде Орталық Азия мен Қытай өңірі үшін әсіресе маңызды.
Самек Властимил, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы ақпараттық кеңсесінің басшысы іс-шараның маңызын атап өтті.
Қазіргі жағдайда медианың алдында маңызды миссия тұр – жаңалықтарды хабарлау ғана емес, аудиторияның сыни ойлауын дамыту, оған ақпарат ағынын бағдарлауға, жалған ақпаратты сүзуге және жаһандық процестердің салдарын түсінуге көмектесу.
Үлкен деректер, машиналық оқыту және медиатехнологиялар саласындағы зерттеулер жаһандық трендтерді талдау мен болжауда бірегей мүмкіндіктер беретін ғылым мен журналистиканың жаңа альянсын қажет етеді. Ғылым медиаға фактчекинг құралдарын меңгеруге, дезинформациямен күресуге, қоғамдық көңіл-күйді болжауға және жасанды интеллектке негізделген жаңа журналистік әдістерді әзірлеуге көмектесе алады.
Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының Коммуникация және ақпарат секторының бағдарлама маманы Маджер Масанов медиа және ақпараттық сауаттылық ресурстармен таныстырып, ЮНЕСКО генеративті жасанды интеллект (GAI) эволюциясына жауап ретінде пайдаланушылар үшін медиа және ақпараттық сауаттылықтың тиімді мүмкіндіктерін ұсынады деп атап өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен пайдаланушылардың құқы мен мүмкіндіктері мен ақпараттық сауатын артттыруда жастар арасындағы гендерлік және мәдени мәселелерге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, медиа және ақпараттық сауаттылық қағидалары аясында нақты саяси шараларда қолданылатын ұсыныстар қамтылған. ЮНЕСКО ұсынатын талдамалы жазба азаматтық қоғам ұйымдары, БАҚ, цифрлық платформалар және Үкіметтер үшін де пайдалы.
Сиань Цзяотун университетінің журналистика және жаңа медиа мектебі хатшының орынбасары, профессор Ву Фэн өзінің баяндамасында Қытайдағы цифрландыру деңгейін нақты деректермен атап көрсетті. Ол отандастарының күнделікті өміріне енген ондаған бағдарлама мен қосымшаларды көрсетті.
Сонымен қатар, Қытайда жасанды интеллект белсенді түрде дамып келеді және мұның дәлелі ретінде әлемге танылған DeepSeek әзірлемесін атап өтті. Ол сондай-ақ цифрлық журналистика әртүрлі салаларда болып жатқан цифрландырудың ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Мысалы, жасанды интеллект жаңалықтар бағдарламасындағы журналистерді алмастыруда.
Қытайда жасанды интеллект негізінде модельденген бірнеше басты жаңалықтар бағдарламасы бар. Олардың артықшылығы – цифрлық кейіпкерлер тәулік бойы демалмай жұмыс істей алады, яғни мұндай модельдердің тиімділігі адамдарға қарағанда тиіммді болатыны рас.
Іс-шара барысында қазақ журналистикасы, сондай-ақ Орталық Азияда журналистер даярлайтын жоғары білім саласы үшін жақсы жаңалық жарияланды. 17 қаңтар 2025 жылы Орталық Азия журналистік зерттеулер қауымдастығы Бүкілемдік журналистік білім беру одағына мүшелікке қабылданды. Бұл ұйымның басты мақсаты — журналистер даярлайтын оқу орындары — академиялық ұйымдар мен өзара байланыс орнату арқылы журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдары сапасын арттыру деп бекіткен. Одақтың негізін салған Нидерландыдағы Зволле қаласындағы Виндесхайм қолданбалы зерттеулер университеті БАҚ және азаматтық қоғам кафедрасының профессоры Нико Дрок онлайнда қатысып, Орталық Азиядағы журналистік бастамаларды қолдайтынын атап өтті.
Професор Нико Дрок құттықтау сөзінде Орталық Азия-Қытай журналистік зерттеулер қауымдастығы ғалымдарын 2025 жыды тамызда Сан-Францискода өтетін Одақтың Бас ассамблеясына, 7-Бүкіләлемдік журналистік білім беру конгресінде «Орталық Азиядағы журналистік білім беруді қайта қарастыру: деректер, жасанды интеллект және ЮНЕСКО стандарттарын тұрақты болашақ үшін пайдалану» тақырыбында дискуссия панелін өткізуге шақырды.
Шара барысында Орталық Азия-Қытай журналистика зерттеу қауымдастығы мен серіктес университеттер арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Орталық Азия және Қытай сарапшыларының басын қосқан журналистика және коммуникация қысқы мектебі аясындағы дөңгелек үстел ғылым мен журналистика альянсына ашылған тең мүмкіндік.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,
саяси ғылымының докторы, профессор