ҚАЗАҚСТАНҒА СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ҚАЖЕТ

Мәселе
559 Views

Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы А.МАМИННІҢ назарына!

ҚАЗАҚСТАНҒА СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ҚАЖЕТ немесе Т.НАРИМБАЕВТЫҢ МАМАНДАРДЫ ҚУДАЛАУДАҒЫ МАҚСАТЫ НЕ?

Газетіміздің 2021 жылғы 9 маусымындағы №16 (131) санында «Су шаруашылығы құрдымға кетіп барады, мамандар дабыл қағуда…» атты мақаламызда «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, 2020 жылы жұмысқа маман болып келген, қазіргі кезде ІТ саласы бойынша Басқарушы директоры Т.Наримбаевтың «Су-метрология» филиалының кәсіби мамандарын қудалауға түсіріп, жұмыстан өз еріктерімен кетуін талап етіп отырғандығын жазған болатынбыз.

Газетімізге жазылған мақала және «Су-метрология» филиалы ұжымының атынан Қазақстан Республикасының Президенті — Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі — Асқар Ұзақбайұлы Маминге, Қазақстан Республикасы «Нұр-Отан» ХДП төрағасының Бірінші орынбасары — Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбекке, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі — Мағзұм Маратұлы Мырзағалиевке, Су ресурстары комитетінің төрағасы — Нұрлан Жанұзақұлы Алдамжаровқа жазылған АШЫҚ ХАТ-ынан кейін «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылары тарапынан арнайы топ құрылып «Су-метрология» филиалын жан-жақты тексеріп, тырнақ астынан кір іздеуге кіріскен. Филиалдағы жиырма жылдан астам су шаруашылығында қызмет атқарып келе жатқан үш басшыны жұмыстан босатудың амалын қарастырып әлек.

Әлқисса, әңгімені басынан айтайық.

Естеріңізге салсақ, биыл ағын су тарифінің қымбаттағаны туралы жазған едік. Татым су таппай жүрген сол баяғы диханшы қауымға су бағасының шарықтап кетуі тағы соққы болды. «Шықпа, жаным шықпамен» күнелткен шаруаның еңбегі еш кетпегенде не етсін?

Ағын судың жетіспегені аздай, шаруалардың өз шығындарынан бөлек тағы бір белең алған мәселе — мамандар жердің тозып, сорланып бара жатқанын айтып шырылдап жүр.

Тұздалған жерлердің көлемі жөнінен Түркістан облысы Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан кейінгі 4 — орында тұрғаны мұндағы жұртшылықты алаңдатпай қоймайды. Қазірдің өзінде эрозияға ұшыраған жерлердің көлемі облыста 900 гектарға жуықтады. «Арыс – Түркістан» каналына сіңген су канал бойымен төмен жатқан жүздеген гектар жерді сорландырып жіберген. Бұл аймақта жер асты суы да тез көтеріледі.

Ал енді бұл мәселе шешусіз қалып жатқан жоқ. Жердің тұздануына қатысты және оның алдын алу мақсатында кезінде қазынадан миллиардтар бөлінген!!! Бірақ, олар құмға сіңген судай жоқ болған… Масқара!

Олай деуіміздің себебі бар. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бөген ауылдық округі маңындағы суармалы жерлердің тұзданып кетпеуі мақсатында орнатылған 44 скважинаның осы күні әупіріммен жиырмасы ғана жұмыс істеп тұр. Қалғаны істен шыққан. Әу баста жобада көрсетілгендей 44-і де автоматтандырылған күйде қосылуы тиіс еді. Қазір ілдебайлап жұмыс істеп тұрған қондырғылардың өзі жарым-жартылай қолмен атқарылатын ескі құрылғылар. Дәл бұл жағдай жалғаса берсе, алдағы екі-үш жылда жер сорланып кетуі әбден кәдік.

Жер асты суларына бақылау жүргізіп, тұздануды болдырмау үшін Су ресурстары комитеті тарапынан кезінде 2014-2016 жылдары арнайы жобалар қолға алынып, құрылыстары жүргізілді. Соның бірі Түркістан магистралды каналының бойындағы суғармалы жерлерді қосымша ағын сумен қамтамасыз ету және суды толықтыру, жер асты сулары деңгейін төмендету арқылы тұздануға жол бермеу үшін 44 тік дренажды бұрғылау скважинасын орнату жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттен бұл жобаға 1 миллиард 500 миллионнан астам қаржы (нақты 1 546 720 мың теңге) қаралған. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, мемлекеттік тапсырыс аясында «Жилстрой Индустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт түзіп, осындай қыруар жұмыс атқарылды деп осынша қомақты қаражатты жеке мекеменің есеп шотына аударады. Соның ішінде, 134 412 902 теңге тек автоматтандыру жүйесіне жұмсалған.

Жалпы мұндағы тік бұрғылау скважинасының негізгі атқаратын міндеті — жер асты сулары деңгейін төмендету. Егер су деңгейі жердің бетіне 1-2 метр жақын қалса, онда жер бетіндегі топырақтың сорланып кету қаупі бар. Демек, астындағы тұздарды көтереді де жер эрозияға ұшырайды. Тұзды шаң пайда болады. Сол себепті, жер асты суларын төмендету арқылы жерді тұзданудан сақтайды. Бұл біріншіден!

Екіншіден, алынған тұзды судың 30 пайызы ағын су ретінде пайдаланылады да, қалған 70 пайызын коллекторға ағызып жібереді. Дренажға тастаған соң, сол су қайтып Сырдарияға барады, яғни су жоғалмау керек.

Міне, жобадағы айқын мақсат осы болатын. Тұзды шаю, әрі су қорын сақтау.

Алайда, аса қарқынмен бет алған бастаманың бүгінде басы бар да, аяғы жоқ.

Хош, сонымен құжатта көрсетілген тік дренажды 44 скважина қазір бар ма? Жобада қарастырылғандай айна-қатесіз жұмыс істеп тұр ма? Саны мен сапасы сәйкес келе ме?

Жоқ. Ал не істейсіз? Қайдан шықса, одан шықсын… Өлсеңіз, өліп кетіңіз. Оны өзіңіз білесіз.

Ақиқаты – бұл жоба толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Іс насырға шаппасын, жоқтан жақсы деді ме, әйтеуір жиырма шақты қондырғы жұмыс істеген сыңай танытады осы күні. Автоматтандыру деп қояды, қайдағы… жұмыстар мұнда қолмен атқарылады. Қалған 24-інің сайда санын, құмда ізін таппайсыз. Әлгі өлместің күйін кешкен жиырма тік ұңғы — Бөген ауылдық округіне қарасты ауылдарды ағын сумен қарқ қылады деп айта алмаймыз. Дихан шаруалар әлі күнде судың зарын татып отыр, нақты 3,5 мың гектар жерге ағын су жетпейді. Бөген ауылдық округінде бұл күндері 4,5 мыңнан аса ауыл тұрғындары су тұтынады.

Әттең-ай, әлгі жоба іске асып кеткенде ғой… Халық бұлай сансырамас еді…

Халық демекші, Бөген ауылының ашынған тұрғындары мән-жайды былай түсіндіреді:

— Тік ұңғымалар көбейіп, су қорын молайтса, бұл дихандарға үлкен жәрдем, осылай ағын су мәселесі шешіліп қалар деп қуанып едік… Бірақ, бұл жоба аяқсыз қалып отыр. Қазір су тапшылығына байланысты егіншілер алқапты таласып-тармасып суғарып жүрміз. Су өте жәй келіп жатыр. Мамыр айында қатты соққан дауылдан 300 баған құлап қалды, «Қазсушардың» мамандары таяуда 50 баған әкеліп, қираған алқапты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл өгіз-аяңмен жұмыс биыл бітпейді. Нағыз егін пісетін маусым айының аяғында су тоқтайын деп тұр. Қуырдақтың көкесі сол кезде болады…

Жұртшылықты тағы бір қынжылтатыны, мемлекеттік бағдарламалар аясында тым тәп-тәуір жобалардың іске асып жатқаны, алайда ақырына дейін жетпей, оны не өндіріске қолданбай арты сиыр құйымшақтанып із-түссіз кетуінде. Бәлкім, мұның салдары министрліктер мен комитеттердің сан мәрте қайта құрылып, біресе қайта тарқап, одан соң, министрлер мен комитет төрағаларының жиі қызмет орнын ауыстыруында шығар… Жобаға қол қойған кезде басқа басшы отырады, бір-екі жылда жобаны іске асыру сәті туындағанда кейінгі келген басшы мойнына жүктеуге тура келеді. Қысқасы, бір-бірімен жолдары түйіспейтін, параллель жатқан теміржол рельстері секілді.. Бір-бірімен кездеспейді, талан-таражға түскен бұл жобалардың артында сұрауы, іздеуі, есебі жоқ.

Қалай десек те, мемлекеттік бағдарламаның «арқасында» Бөген ауылына 44 скважина «салынып кетті», бұл ауылға қайтадан жаңа скважина салу алдағы 44 жылда бола ма, болмай ма, бір Құдай біледі.

* * *

Ақыры ағын судың ау-жайы қозғалған екен, тағы бір тақырыптың ұшы қылтиып шығып тұр. Оны да қаузай кетейік.

«Сырдария өзеніне құятын Арыс өзеніндегі Қараспан, Шәуілдір және Бөген су қоймасының су алғыш тораптарына автоматтандырылған су есептеу жүйелерін енгізіп, қайта құру» жобасы 2012 жылы бастау алған. 2014-2016 жылдар аралығында іске асыру кезеңдері жүргізілді. Су тораптарына 76 миллионға жуық теңгеге автоматтандыру жүйесі толық қойылды. Бұл, Қараспан мен Шәуілдірге дейін канал бойы қанша су кетеді, қанша су қалады, жалпы судың көлемін, жылдамдығын, ағысын есептеп шығаратын қондырғылар. Орнату керек болды. Орнатты. Бітті. Әрі қарай не болып жатыр, қирады ма, тоналды ма, ешкімнің онда ісі жоқ.

Тағы да сол қадағалаудың жоқтығынан.

Мемлекет қаражатына атқарылған, іске асқан жоба болғаннан кейін ары қарай жұмыс қалай жалғасып жатыр, есеп-қисап жүргізуі тиіс басында белгілі бір маман отыру керек емес пе? Жоқ, бұл қаржылар тек желге ұшыру үшін көзделіп жұмсалған дүниелер ме сонда?

Арыс өзенінің бойында екі жерде су өлшейтін ГР-70 қондырғысы бар. 2017 жылы тасқын болғанда тілсіз жау түбімен қопарып жұлып әкетті. Бұрын Қараспан, Шәуілдір каналдарының бойында су тасу қаупі туындаған жағдайда алдын-ала дабыл қағып белгі беретін аппарат болатын. Қазір ол да жоқ. Сардоба су қоймасының апаты неліктен орын алды? Тасқынның алдын-алу шаралары болмағандықтан ғой. Ал, осындай тасқынның ауық-ауық қайталанбасына кім кепіл?

Мысалы, Бөген су қоймасына 371 миллион текше метр су жиналуы керек. Одан көп жинауға болмайды. Су арнасынан асып кетер болса, желдің екпінінен алып толқын туып, қолдан апат туындап кететіні сөзсіз.

Арыстың белді ақсақалдары осы жөнсіздікті тезге саламыз деп түбіне жете алмай жүр шырқырап, әкімге бір жүгіреді, депутатқа, прокурорға, қолында билігі бар дегеннің бәріне жүгінумен келеді бір түйіні шешіліп қала ма деп…

* * *

Иә, айтқандай Сайрам су бөгетіне автоматтандыру жүйесі де осының кебін киген. Яғни, Сайрамдағы су тораптарын автоматтандыру жобасына 60 миллион бөлінеді. Сайрам су өзеніндегі суды қадағалау мақсатында автоматтандыру құрылғылары қондырылған. Бүгінде сол автоматтандыру желісі жұмыс істемейді.

Су шаруашылығы саласының шарасыз бүгінгі жай-күйі осындай. Біз шағын бір ауылдың ғана көрінісін сипаттап отырмыз. Түркістан облысы ағын суды Қазақстан бойынша ең көп көлемде тұтынады. Бұл аграрлы өңірдің өзіне қыл аяғы су жетпей жатса, мұқым елдің су мәселесі, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың қалай екенін өзіңіз бағамдай беріңіз, құрметті оқырман.

Су шаруашылығында жыл өткен сайын білікті мамандардың қалмай бара жатқанының өзінде бір кілтипан бар. Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшыларының жұмбақ жағдайда қызмет орнында өзіне қол жұмсауы, соңы өлімге апаруы, тіпті бірінің қамалып, ұсталып кетуі нені аңғартады?

Айта берсе, су мәселесі шаш-етектен.

Өкінішке қарай, 2012 жылдан бастап «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының орталық аппараты басшылығының жыл сайын ауысуы, Су ресурстары комитетінің әртүрлі министрліктердің құрылымына жиі «кірігіп кетуі» су жүйесінің құлдырауына, «Қазсушар» кәсіпорны мен Су ресурстары комитетінен көп жылдық тәжірибесі бар сауатты сушы мамандарының жұмыстан баз кешіп кетуіне алып келді. Бұған себеп, соңғы екі жыл ішінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылары төрт рет ауысты. Мамандығы сәйкес келмейді. Су шаруашылығында жұмыс тәжірибесі жоқ мамандар келіп, республика деңгейінде жаңа жобалар мен бағдарламалар қабылдап суару жүйелеріне автоматтандырудың 5 жылдық бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет» делінген. Суару жүйелерінің қазіргі жағдайлары сын көтермейді. Қызылорда, Түркістан аумақтарындағы көптеген магистралды каналдардың пайдалы әсер коэффициенті 60-65 пайызды құрайды. Қазақстан Республикасына ағын сулар трансшекаралық өзендерден келеді. Қытай, Қырғызстан Өзбекстан республикаларынан ал Батыс Қазақстанға Ресей арқылы келетін өзен суларына тәуелдіміз. Қазақстан жұртшылығы, яғни вегетация кезінде, диқандар өздеріне қажетті су мөлшерін ала алмай, егілген егістіктерін сақтап қалу мақсатында қолда бар сорғыларын (насостарын) қосып, қосымша шығынға батып күн көруде.

Әрине су жүйелерін автоматтандыру бағдарламасына қарсы емеспіз. Бағдарлама жасап, әрбір каналдағы судың көлемін автоматтандыру жүйесі арқылы есепке алып отыру қажет. Алайда, осы уақытқа дейін суды өлшеуді автоматтандыру саласына жұмсалған қаржылардың нәтижесі қалай болғандығы жөнінде мәлімет бар ма екен?! Орналастырылған автоматтандыру жүйелері қызмет атқарып тұр ма?! Экономикалық тұрғыдан тиімділігін есептеп шыққан маман бар ма екен?!

Каналдарда судың қажетті мөлшерде болмай, шаруааралық каналдарда су көлемі жетпей, диқандар қалаған жеріне насос қондырғыларын қойып суды сорып алып отырған каналдарда автоматтандыру қондырғылары жұмыс жасай алмайды, судың ңақты көлемін анықтау мүмкін болмайды. «Қазсушар» кәсіпорнының мамандары трансшекаралық өзендер мен каналдардан келетін судың көлемін ұлғайтуға, Қазақстан диқандары үшін бөлінген лимитті алуға атсалысуы қажет-ақ.

Осы уақытқа дейін ТМД елдерінде суды есепке алуды автоматтандыру орнату сатысында бір немесе бірнеше арналар немесе тек пилоттық жобалар деңгейінде қолданылды. Міне, әу баста Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы К-19 арнасына қолданылған автоматтандыру желісі де осындай пилоттық жоба болатын. Алайда, бұл пилоттық жоба сәтсіз аяқталды. Себебі, К-19 каналы тегіс жерде орналасқан, судың деңгейіне қарап, ағып жатқан судың көлемін анықтау дұрыс емес. Сонымен бірге, каналдың бойында екі жерде насос стансасы орналасқан. Пилоттық жобаның сәтсіз болғанына қарамастан, «Қазсушар» РМК-ның ІТ саласы бойынша Басқарушы директор – Т.Наримбаевтың басшылығымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты 119 каналға автоматтандыру жүйесін орналастырудың 5-жылдық бағдарламасы түзіліп, құлшынып кірісіп кеткен.

2012 жылдан бастап «Қазсушарда» басшылық тұрақтамай келеді. Бас директор 2017 жылы тергеу кезеңінде прокурорды атып, одан соң өзін-өзіне қол жұмсады. Бір облыстағы филиалдың директоры көп қабатты ғимараттан өзі құлап мерт болды. Жеті-сегіз маман сотталып шықты.

Соңғы 2 жылда 4 бас директор өз командасымен ауыстырылды. Жаңадан келген басшылар жұмыстармен танысып, нәтижелі жұмыс көрсету үшін уақыт кетеді. Ал 8-9 айдан кейін Қазсушар басшылығы қайтадан өзгереді және жағдай қайталанады. Бұл жағдай филиалдарды негізгі жұмысынан алшақтатады және мұның бәрі облыстық филиалдардың жұмысына теріс әсер етеді.

Бұдан әрі еліміздің су ресурстарын басқарудың тағдырын жыл сайын Қазсушар орталық аппараты басшылығына келетін «кездейсоқ» адамдар шешуіне жол бермеу қажет.

«Қазсушар» РМК-ның орталық аппаратын ұстау оның филиалдарына «консультациялық қызметтер» көрсеткені үшін оның филиалдары есебінен жүзеге асырылады. Бұл әкімшілік шығындар су пайдаланушылар үшін тарифке автоматты түрде қосылады.

2021 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің су пайдаланушыларына жаңа қымбат тариф бекітілді, бұл фермерлер үшін гектарлық төлем кезінде ауыр болады.

«Қазсушар» РМК құрған және оның қызметі бірнеше жыл бұрын ҚР Қауіпсіздік кеңесінде бірнеше рет талқыланған, онда тәжірибесі бар су сарапшылары облыстық филиалдар мен Су ресурстары комитетінің арасындағы делдалдың («Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының) артық бюрократиялық мемлекеттік мекеме екенін айтқан болатын.

Бүгінгі таңда Қазсушар орталық аппараты филиалдарындағы кез-келген қағаз ұзақ уақыт бойы өз жауабын күтеді немесе мүлдем шешім қабылдамайды. Осылайша, ҚР Су ресурстарының болашағына үлкен залал келтірді. Қазсушар басшылығының 2018-19 жылдары бірыңғай тарифті қабылдау жөніндегі ойластырылмаған тарифтік саясаты филиалдарды миллиардтаған шығындарға алып келді.

Жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі мен құрылымының қызметкерлерін тартпай, «Қазсушар» РМК-ның орталық аппаратының жұмысын талдау үшін Президент Әкімшілігінен комиссияны жолдауларыңызды және жеке Су шаруашылығы министрлігін құруды сұраймыз.

Әділғазы ЖҰМАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *