Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран төңірегіндегі ахуалдың шиеленісуіне байланысты шұғыл шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Тиісті міндеттер Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық ведомстволар басшыларымен бірлесіп жүктелді.
Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, әзірленетін жоспар Таяу Шығыстағы оқиғалардың Қазақстандағы ішкі тұрақтылыққа ықтимал әсерін ескеруі тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің барлық күштік органдары тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен арнайы мониторингтік топ құрылды. Оның негізгі міндеті — халықаралық жағдайды жедел бағалау және тиісті ұсыныстар әзірлеу.
Өңір әкімдеріне қалыптасқан геосаяси жағдайды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Шиеленістің күшеюі Израиль мен Иран арасындағы әскери әрекеттерге байланысты болып отыр. Мәліметтерге сәйкес, 28 ақпанда Израиль тарапы Тегеранға соққы жасаған, ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери операцияның басталғанын мәлімдеді.
Осы оқиғалар аясында Қазақстаннан Таяу Шығыс елдеріне бағытталған бірқатар әуе рейстері тоқтатылды. Құзырлы органдар жағдайды бақылауды жалғастыруда.
