ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙ ӨНЕРІ

мәдениет
2 855 Views

Егер әрбір жеке әріптің дыбыс екені рас болса, сол дыбыстардың бірігуі арқылы сөздердің туындайтыны рас болса, әрбір сөздің ойға, санаға, зердеге ұласып жататыны рас болса, онда адамды адам еткен дыбыс деген тұжырым жасауға негіз бар. Мұның өзі де музыканың да этникалық тілі болатынын аңғартады.

Қазақ тілінің мән-мағынасын қапысыз танитын адам күй деген сөзді естігенде сан түрлі сезімге бөленеді. Бір ғана сөзбен тамырлас сөздерді еске түсірсек: күй, күйші, күйле, күйледі, күйді, күйік, күйіт, күйіттеу, күйіну, күйек, күйгелек, күйдіргі, күйе, күйеу, күйзелу, күйреу, күйлеу, тағы басқалар.

Осынау күй деген түбірден өрбіген алуан мағыналы сөздердің ортақ қасиетін, сабақтас мәнін аңғаруға болады. Бұл – күй деп басталатын қай сөздің де сезіммен астасып жататындығы. Көшпелілердің дәстүрлі ұғым-танымы бойынша ең киелі сезім, сол сезімді оятатын ең киелі сенім тәңірлік наным-сеніммен ұштасып жатады. Ал иісі түркітілдес халықтарда, оның ішінде қазақтарда да Тәңірдің синонимі ретінде көк сөзі қолданылады. Қазіргі күнге дейін қазақ бата-тілек айтқанда «көгеріп-көктеңдер» дейтіні, тыйым салғанда «көкті баспа» дейтіні, қарғап-сілегенде «көктей солғыр», «көгерме», «көк шешегі келсін», «көк соққыр» дейтіні сондықтан. Қазақ тіліндегі күй сөзінің түркілік түпкі мағынасы көк сөзімен тектес. Демек, күй деген сөз әу баста тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады.

Тәңірлік наным-сенім күйді кие тұттырғандықтан, күй қазақ халқының өмір салтында, тіршілік-тынысында елеулі орын алған. Оның мысалы мың сан. Мәселен, қазақ күйлерінің туу себептеріне қарай «арнау күйлері», «сый күйлері», «тілек күйлері», «хабаршы күйлер», «естірту күйлер», «бәсеке күйлер», «емеурін күйлері» «құлақ күйлері», «теліктеу күйлері» деп саралап танитын дәстүр бар. Аты айтып тұрғандай, дәулескер күйші өзінің жүректен шыққан күйлерін өмір құбылыстарына, жеке адамның қылық-қасиетіне арнайды, сыйға тартады, тілек етеді, күймен хабар береді, естіртеді, емеурін етеді, сондай-ақ өлімге басу айтқандай жұбатады немесе бірге қайғырып жоқтайды. Дүниеге келген нәрестені домбырамен ауыздандырып, құлағын күймен ашса, дүниеден адам көшіп, көз жұмғанда ет жақындарына ауыр қазаны күймен естіртетін, күймен жоқтайтын немесе күймен басу айтатын дәстүр болған. Ықылас Дүкенұлының «Ерден», «Айрауық», Тоқа Шоманұлының «Төрт толғау» сияқты күйлері – өлімді естірту, жоқтау үстінде дүниеге келген. Әйгілі Шоқан Уалихановтың өлімін әкесі Шыңғысқа қобызшы Қанқожа мен сыбызғышы Тулақ сөзбен емес, күймен естірткен.

Қазақ күйлерінің тарихы, пайда болу, даму жолдары, күйдің өмір шындығын бейнелеудегі өзіндік ерекшеліктері, қазақ күйлерінің сөз өнерімен шендесіп жататын синкретті сипаты және әрбір күйдің қосарланып айтылатын тарихи-шежірелік әңгімелері сияқты қасиеттері – күй өнерінің көркемдік-эстетикалық мәнін саралап түсінудің бірден-бір кілті. Нағыз төлтума музыканың болмысындағы этникалық сипат сөйлеу тіліне қарағанда басымдау болады. Музыканы ұлттық таным-түсінікпен тыңдау, музыканың семантикасын ұлттық сезім тілінен жору арқылы ғана оның шынайы түпнұсқалық парқын бажайлауға болады. Ұлттың төлтума музыкалық тілінің еліктеуші нысаны тек қана сол ұлт өмір сүруге экожүйе, тек қана сол ұлттың (қауымның) орныққан өмір салты, тек қана сол ұлттың шаруашылық-мәдени типі, тек қана сол ұлттың өмір салтынан туындайтын дыбыстар күмән тудырмайды. Бұл – бүкіл әлем халықтарының музыка мәдениетіне ортақ қасиет. Дамудың қай деңгейінде болғанына қарамастан, әр халықтың өз музыкасына көбірек ұйитыны, оны тыңдағанда алуан түрлі сезім күйіне бөленетіні сондықтан. Тек ол ғана емес, әрбір жұмыр басты пенде мүлде бөтен бір елдің дәстүрлі музыкасын тыңдағанда да ең алдымен өзінің этникалық ділін (менталитетін) тұғыр ете отырып жойды. Бөтен музыканың өзін этникалық талғам сүзгісінен өткізе отырып эстетикалық ләззат алады.

Қазақ халқының рухани құндылықтарын зерделеуге бағытталған, оның ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, әсіресе күйшілік өнердің ұлт өміріндегі орнын сөз еткен аса құнды зерттеулері қаламгер-ғалым Ақселеу Сейдімбек еңбектерінде толықтай зерделенген. Қазақ күйлерін тыңдаған адам оның сөздік мағынасына іштей ілесе алмаса, дәлірек айтқанда қазақ тілін білмесе, күйдің мән-маңызын, емеуріні мен астарын толық түсінуі мүмкін емес. Ондай адамның күй тыңдау барысындағы эстетикалық-эмоциялық әсері де жартыкеш деген сөз.

Қазақ халқының дәстүрлі талғам-танымы бойынша, күй атаулы өзінің саз-сарынына орай «қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» деп үшке бөлінеді. Дана халқымыз бұл атауларды әсте күйшілік мектептерге теліп қолданбайды. «Қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» атаулары әрбір жеке күйдің саз-сарынын анықтайды. Мәселен, қоңыр күйлер философиялық ойға құрылып, көбінесе өмірдің ойлы, мұңды сәттерін толғайды. Сол арқылы тыңдаушыны сабырға шақырады немесе өмірдің мән-мағынасын зердеге ұялатады. Айталық, Ықыластың «Қоңыр», Тәттімбеттің «Көкейкесті», Қазанғаптың «Көкіл», Дәулеткерейдің «Жігер» сияқты күйлерін атауға болады.

Қазақтың дәстүрлі талғам-танымы бойынша жалпы музыкалық мұрасы төл сипаттары бар бес мектепті құрайды. Бірінші – Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән күйшілік-әншілік мектеп. Екінші – Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын күйшілік-әншілік мектеп. Үшінші – Қазақстанның батыс өңірін қамтитын күйшілік-әншілік мектеп.Төртінші – Сыр бойының күйшілік-әншілік (термешілік) мектебі. Бесінші – Қазақстанның шығыс өңірін, Баян Өлгий мен Шығыс Түркістанды қамтитын күйшілік-әншілік мектеп. Музыкалық мектептер сөз болғанда жеке әнші-күйшілердің шығармашылық ерекшелігімен, олардың төл қасиеттерімен шектеліп қалуға әсте болмайды. Әр аймақ, әр өңірге кең аяда қарап, оның тектес, типті сипатын тап басып, тани білу қажет. Мұндай зерде қазақ халқының бес музыкалық мектебін жеке-жеке саралап жазбай тануға көмектесіп қана қоймайды. Сонымен бірге сол мектептердің өзара біте қайнасып жатқан біртұтас мәдени-рухани феномен екенін танудың да кілті болмақ. Ұлттық музыка мәдениеті сонда ғана өзгеге ұқсамайтын тұлғасын тұтастыққа танытады.

Күй тек белгілі бір музыкалық аспапты тарту, шерту, қағу, үрлеу, шалу арқылы ғана естіледі. Аспапты музыка дейтіні сондықтан. Ал қай аспаппен болсын күйді естіртуді «күй тарту» дейді. Күй тарта білетін адамның өнерін қызықтаушылар «күй тартшы» деп қолқа салады. «Күй ойнашы», «күй үрлеші», «күй соқшы» деген тіркестер қазақтың дәстүрлі сөз қолданысында болмаған.

Домбырада тартылатын күйлер оң қолдың қимыл-қозғалысына орай «қағып тарту», «шертіп тарту» және «іліп тарту» деп аталатын негізгі үш түрге бөлінеді. Осы орайда қазақтың музыкалық аспаптарында күй тартудың алуан түрі мен тәсілінің бар екені айрықша назар аудартады. Себебі, күйдің саз-сарыны мен әуен-ырғағындағы төлтума қасиеттердің сақталуы сол күй тартудың әдіс-тәсілдерін біліктілікпен меңгеруге тікелей байланысты. Мәселен, бір ғана домбырада күй тартудың әдіс-тәсіліне қатысты атау ұғымдарға ден қойып көрсек. Қазақ домбырашылары күй тартудың тәсіліне, әсіресе оң қолдың қимыл қозғалысына айрықша мән беріп отырған.

Күйді өз жанынан шығаратындарды, яғни композиторды қазақ күйші деп атаған. Ал өзгенің күйін тартатындарды, қолындағы аспабына қарай қобызшы, домбырашы, сыбызғышы, сырнайшы деген.

Күйдің ішіне түсіп, жүрегімен тартуды ел ішінде «сірге қондырып тарту» деп те атайды. Мұның мәнісі – зергердің күміске ою жүргізіп, өрнектеуіне байланысты айтылған бейнелі сөз. Домбырашы да зергер сияқты күйді өзінше өрнектеп, меңгере тартса, риза болған тыңдаушы: «Пах, шіркін, нағыз сірге қондырып тартатын шебер екен!» – деп көтермелеп отырады.

Сөз соңында осынау дәстүрлі күй өнері және күй үйрену тәсілдері терең зерттеліп, оның әдістемесін (методикасын) қалыптастырып, музыкалық оқу орындарында кеңінен қолданудың маңызы айрықша екенін айта кеткен жөн.

Роза АУЕЛОВА,

№80 мектеп-лицейінің мұғалімі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *