ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНІҢ АШЫЛУЫ — ХАЛЫҚ ТАЛАБЫ

Білім Қоғам
40 Views

Екі күннен бері сөз болып жатқан Павлодардағы қазақ мектебінің ашылуы мәселесіне бір-екі ауыз сөзімді қоса кеткенім жөн болады деп шештім. Негізі, мен үшін, бастысы игі ісімізде жұмыс тоқтаусыз жүріп тұрса болғаны. Қалғаны келіп кететін дүние деп ойлаймын. Көп нәрсені жаза бергім келмейтіні де осыдан…

Сол кезден жасап жатқан Ruza Beisenbai Tegi апамның еңбегін ерекше атап өткім келіп отыр.
Мәселен, Павлодардағы “Достық” шағынауданындағы «Мектеп дауы» басталмас бұрын, Руза апай парламентке, Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға да, маған да күні бұрын хабарласып, осындай мәселе туындап жатқанын алдын ала айтып, ескертіп қойған болатын. Павлодар қаласында Кабылкаков Ертай деген азаматтың барын бұрын соңды естімегенбіз, сол Руза апамыздан естідік…

Кейін, Руза апамыз Астанаға арнайы келіп, парламентте ұлт мүддесін қорғаушы ақын депутат Қазыбек Исамен кездесіп, бірнеше мәселені көтеріп, соның ішінде осы «Достықтағы» ашылғалы тұрған мектеп мәселесін астын сызып тұрып айтып өткен болатын.
Міне, сол күндері, мектеп жайлы әуелі вацаппен алғашқы хат келіп, кейін, Кабылкаков Ертаймен хабарласып сөйлесіп, хатты Е-Өтінішпен жаздыртып, «Достық» шағынауданы ата-аналарының қолдары қойылған хат ресми түрде Мәжіліске, нақты депутат Қазыбек Исаға түсті. Сөйтіп, екі күн ішінде, Парламенттен Оқу-ағарту министрі мен Павлодар облысы әкімінің атына Қазыбек Иса жергілікті жағдайға және тиісті ережелерге байланысты ол жерде тек қазақ тіліндегі мектеп ашылуы тиіс екенін талап еткен депутаттық хат жолдады.

Енді, міне, нәтижесінде Павлодарда “Достық” шағынауданында қазақ мектебі ашылғалы отыр.

“ҚазАқпарат” агенттігінің хабарлауынша, Павлодар қаласының «Достық» ықшам ауданында тұрғызылып жатқан 1200 орындық жаңа мектеп тек қазақ тілінде білім беретін болып шешілді. Бүгінде облыс орталығындағы 43 мектептің 11-і — қазақ мектебі.
Бұл турлы Павлодар қаласының білім беру бөлімі хабарлады.

  • Біз жергілікті тұрғындардың тілектерін ескере отырып, «Достық» шағын ауданында салынып жатқан жаңа «жайлы мектепте» оқыту қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаймыз. Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» шағын ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80%-дан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте және Тәшенев, Момышұлы мектептерінде, Бөкейхан атындағы лицейде, сондай-ақ ықшам ауданнан тыс жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа «жайлы мектеп» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайды (желтоқсан айының соңына дейін мұнда қосымша 96 пәтер пайдалануға беріледі, ал келесі жылы 240 пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынады).

Парламентке хат жазған Ертай Кабылкаков кеше 2 желтоқсанда депутат Қазыбек Исаға жазған алғысы да жетті:
“Сіздерге мың алғыс. Әуелі құдай, содан соң сіздердің еңбектеріңіз! Зыр жүгіріп қолдаған Жасұлан Иса екеулеріңізге құдай ғұмыр берсін!”-деп ризалығын білдіріпті.
Руза апайымыз да мектеп мәселесі оң шешілуіне, халық талабының дер кезінде орындалуына ықпал еткен депутат Қазыбек Исаға алғысын ақтарып, аудио жолдап жатыр. Алла разы болсын!
Бұл жерде ұлттық мәселені ушықтырмай, халық талабына сай шешіп жатқан Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті әкімшілік пен білім басқармасына да рахмет айту керек.

Қазақ мектептерінің ашылуына зор үлес қосып жүрген Қазыбек Исаның 2022 жылы жасаған “Кеңес кезіндегі аралас мектепті тоқтататын уақыт жетті” атты депутаттық сауалы да елге белгілі. Соның арқасында қазір Риддердегі жалғыз қазақ мектебіне жаңа ғимарат салынып жатқаны туралы Оқу-ағарту министрі мен ШҚО әкімінің жауабы жарияланған. Ол депутаттық сауалдың сілтемесін төменде салып қоярмыз.

Тоқ етері, мәселенің басынан бас-көзі болып Руза Бейсенбайтегі апайымыз шырылдап жүргенін неге айтпасқа. Бүгінгі күнде де, Руза апаймен тікелей байланыста отырғанымыз ол да бар. Барын, бар деп айтып, жазуымыз керек, ағайын.

Кейбір блогерлер сияқты мәселені толық білмей, нақты тер төккен адамдардың еңбегін елемей, ұпай жинау мақсатында терең зерттемей оңды-солды жаза беруден аулақпын.
Сондай-ақ, жұртқа есеп беріп, дұрыс ақпаратпен бөлісу міндетіміз…

Жасұлан ИСА,
заңгер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *