О, қазақ әйелі! Атам заманнан – көргенің қиямет, шеккенің азап, күрес. Ұрпағың үшін жаныңды отқа да, суға да салып, қажет кезінде, жеріңе көз алартқанжауларыңа қарсы, атқа отырып, қолыңа найза алып, қан майданның ішіне де кірдің!
Үш жүз жыл бойына қазақ-қалмақ айқасында, бір қарыс жерін жатқа бермей, көзінің қарашығындай сақтаған ер-азаматтарыңның тебінгісі түймедей, үзеңгісі инедей болғанша жаумен айқасқанда, бүкіл ауыл-аймақтың қызыл қарын балаларының, майлық-сулығын түгендеп, ас-ауқатын табу үшін аңшылықпен де айналыстың. Аллаға шүкір, ауыл-аймағыңды сүттей ұйытып, ұрпақтарыңа дала дастаны мен демократиясы жөнінде сабақ бердің. Босбелбеу, ынжық етпей, өз елі мен жерін батылдықпен қорғай алатын нағыз қайсарлық пен ерлікке үйреттің.
Ұлтыңның салт-дәстүрін ардақтап, өмірлік ұстанымының алғашқы әліппесін қалыптастырдың. Демек, сен ұстаған жерден сынбайтын ЖАУЫНГЕРСІҢ! Сен ұрпақтың қоңыраулы талбесігін тербетіп қана қоймай, пайым мен сананы, өрлік пен ерлікті, батырлық пен батылдықты, ақыл мен адамгершілікті бойына сіңірген ұлы ҰСТАЗСЫҢ!
Өзгесін былай қойғанда, соңғы жүз жылдың ішінде беліңдегі белбеуіңді шешіп жатқан күнің болды ма?! 1916-жылғы «Ақ патшаның» жарлығымен қазақтан әскер алып, күйеуіңді, балаңды қара жұмысқа жеккенін былай қойғанда, 1917-ші жылы патша өкіметі жойылып, Кеңес орнағанда, сен тағы да қиыншылыққа тап болдың.
Алдыңдағы адал малыңды қасқырша талап, қойыңды отарымен, жылқыңды үйірімен, түйеңді қосымен қоса тонап; өздеріңді адам төзгісіз төмендетіп, қара құлдар алдында сағыңды сындырып, ол аздай, қақаған қыста Итжеккенге айдап, түп-тұқияныңмен құртып жіберуді көздеген қарашекпенділердің табасына қалсаң да, «тобаң» мен «шүкіріңді» жоғалтпағансың. Бұл неткен төзімділік! «Алладан өзге ием жоқ» деген қосақтарыңа «сенен өзге кием жоқ» деп, жанына жалау, көңіліне медеу болып, адамзаттық парызын адал атқарған қазақ әйелі! Сендер әлі де сол қалыптан таймай, ұлт ұрпақтарын өрбітіп, өмірді жалғастырып келе жатырсыңдар. Сол үшін Сіздерге мың тағзым!
* * *
Өмірдің кездейсоқ сындары сүріндіргеніне қарамай, сұламай; майыстырғанына сынбай, байы мен баласын өз қолымен жерлеп, алты ай қыста айдалада жалғыз қалып, қасқырмен алысып, аюмен табысқан – Жібек, айдай ару Жібек – менің әжем еді! Рухы тыныш, жаны жәннатта болғай деп, осы эссе-повесімді сол кісінің әруағына бағыштадым. Қабыл алғайсыздар, қалың оқырманым!
АВТОР.