ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯНЫҢ ҚАЗАСЫ ҚАБЫРҒАМЫЗДЫ ҚАЙЫСТЫРДЫ

Өмір-өзен
851 Views

Зайыт Әлімханұлы ӘЛІМОВ сексенге қараған шағында дүниеден озды. Ол 1940 жылы күллі түркі әлемінің рухани орталығы іспеттес Түркістан қаласының маңындағы Шорнақауылында дүниеге келген. Бұрынғы Ленинизм колхозында 40 жыл көлік жүргізуші болып еңбек еткен. Бес ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеп, олардан жиырма немере, сегіз шөбере сүйген. Еңбекқор, адал, жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететінөте ілтипатшыл жан еді.

Бес уақыт намазын қаза қылмай, ораза тұтып, өзін иманды, ибалы ұстайтын жаны жомарт жанды ауылдастары айрықша сый-құрмет тұтатын. 2007 жылы Шорнақ ауылында республикаға белгілі үлкен мешіт құрылысы басталған кезде ол өзінің тақуалығын тағы да таныта білді. Құрылыс жүргізіп жатқан жігіттерге ас әзірлеп, олардың толыққанды еңбек етуіне барлық жағдайды жасады. Бір жылдан кейін, яғни 2008 жылдың 8 қарашасында аталмыш мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі қатысып, ақ батасын берді. Міне, содан бері осы мешітте азаншы болып күллі мұсылман қауымын дінге ұйып, намаз оқуға шақырып жүрген еді. Сонымен қатар, мешіттің айналасын абаттандыруға атсалысып, сан түрлі гүл көшеттері мен жеміс ағаштарын отырғызғанын шорнақтықтар жақсы біледі.

Өзінің отбасын ғана емес, ауылдастарын да ынтымақ-бірлікке шақырып, берекеге бастайтын қазынады қария тұғын. Қатар құрдастарымен жастар арасында түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, оларды еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеп жүрген жағдайы бар еді. Ағайын-туыстың арасында сыйлы болып жүрген жан туған өңірі мен жаңадан ашылған Түркістан облысының қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысатын.

Міне, осындай ақжарқын жаннан айырылып қалып, қайғы құшып отырмыз. Алайда қатал тағдырға қарсы келер шамамыз бар ма? Енді Зәкеңнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болуын тілейміз. Жаныңыз жәннатта болғай!

Қазыналы қарияның қазасына байланысты оның өмірлік серігі Рысқы апамызға, қарындасы Фазилатқа және туған-туысқандарына қатты қайғырып, көңіл айтамыз.

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

Құрметті қауым, Зайыт Әлімханұлының қырық күндік асы 22 ақпан күні, сағат 12:00-де Шорнақ ауылындағы орталық мешіт жанындағы өз шаңырағында өтеді. Қонақасы 21 ақпан күні болады. Ағайын-туыс, құда-жекжат, бауырларды Құран ішінде болуға шақырамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *