Н әтижелі жұмыспен қамтылып, оның игілігін көріп отырғандардың бірі – Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылының тұрғыны Қайырғали Жарқынбаев. Қайырғали көпбалалы әке. Ол соңғы 4 жылдан бері омарташылықпен айналысады. Кез-келген кәсіпке бел шеше кірісіп, жұмысың өнімді болу үшін қомақты қаражат қажет болатыны белгілі. Қайырғали кәсібін кеңейтуді ойластырып, мемлекеттің көмегіне жүгінді. 600 мыңдай қайтарымсыз ақшаны қолына алып, жұмысының ауқымын арттырды. Бүгінде қырдағы ұяшықтарының саны 100-ге жетіпті. Кейіпкеріміз әңгімесінде «әзірге 100 ұяшық бар» деп, алдағы уақытта тағы да кәсібін жандандыра түсетінінен хабар берді.
Қ.Жарқынбаев омарта шаруасын қолға алмас бұрын бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтардың болуын ескерді. Сулы жердің бар екеніне де көз жеткізді. Жәшіктерді орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берді.
Бал арасына да балаға қарағандай қарап, бабын жасап тұру керек. Уақытылы дәрілеп отырамыз. Ұяшықтың іші салқындап кетпеуін қадағалап, салқындаса жылытып отырамыз. Араларды тыныштандыру үшін тиісті мөлшерде түтіндетіп тұрамыз. Жұмысымызды арнайы киім киіп жасаймыз. Ұяшықтар құрғақ, көлбеу жерге орналастырылады. Жаңбыр жауғанда су ішіне ағып дымқылданып қалмауы керек.
Бізде балдың қурай, гауйл, жантақ, мақта түрлері бар.Маусым айында мамыр балын жинасақ, тамыздың 10 – ы мен 20 – сы аралығында мақтаның балын жинап аламыз. Әр жұмыстың өз қиындығы болады ғой. Сол сияқты омарташылықпен айналысудың да машақаты аз емес. Жұмысымыз наурыз айынан басталып, қазан айына дейін тыным таппаймыз. Балды айырып алып, ыдыстарға саламыз, өлшеп сатылымға шығаруға дайындаймыз. Бұл кезде әйел, бала-шағам жұмылып көмектеседі. Негізгі тұтынушыларымыз Шымкент, Жетісай, Абай, сарыағаштық тұрғындар. Араларды қысқа дайындап болған соң ғана демаламыз.
Қайырғали ара балынан тыс ара сүті, балауыз, балтозаң, ара уы, прополис секілді араның пайдалы өнімдерін саудалауды қолға алуда. Бұл өнімдер медицинада, косметикада, тұрмыста, автомобиль, химия, радиотехника, өнеркәсіптің металлургия саласында шикізат ретінде қолданылады.
«Тұтыншыларымыз балымыздың сапасына оң бағаларын беріп жатады. Омарташылықпен айналысып, емдік қасиетке ие ара балын сатумен айналысу арқылы адамдарға пайдалы өнім ұсынып жүргеніме қуаныштымын. Осы адал ырзығымның арқасында ешкімнен кем болмай, бала-шағамызды асырап, тіршілік кешудеміз. Табысымыздың барына шүкір», — дейді.
Кейіпкеріміз өзінен басқа бір адамды жұмыспен қамтып, маңдай тер, адал еңбекпен нандарын тауып отыр..
«Келешектегі мақсатым – бал араларын көбейтіп, жұмысты тиімді ұйымдастырып, механизацияланған жүйеге көшіру» дейді кейіпкеріміз.
Айгүл СҮНДЕТОВА