95 жылдық бай тарихы бар Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры соңғы кездері өнердің таза жолынан ауытқып, халтура мен плагиатқа біржола бет бұрды. Жазушы әрі театрмен байланысым болғандықтан мен бұны жақсы білемін. Театрдағы белгілі топ мемлекеттік мекемені жекешелендіріп алғандай, емін-еркін әрекет етеді. Олар өз дүниелерін тоқтау, шектеусіз сахналау үшін басқа авторларға есікті ашпауға тырысады.
Менің осыдан сегіз жыл бұрын өткізген «Айтбай-Мария» атты пьесама күні бүгінге дейін не бар, не жоқ деген жауап айтпай, сергелдеңге салып келеді. Бұның аяғы дауға ұласып барады.
Театрдың аяқалысын байқау үшін онда сахналанған үш «пьесаның» бейнебаянын көріп шығу жеткілікті болар еді.
1.«ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ…»
Бұл пьеса – режиссер Қуандық Қасымовтың Абай шығармаларынан үзіп-жұлқып, жүйесіз, бас-аяқсыз алған үзінділерден құрылған қойылым. Бұнда сахнаға бірден отыздан астам әртіс опыр-топыр шығады. Бірі – Абай, екіншісі Әйгерім рөлінде. Қалған отызында кейіпкер жоқ. Сондықтан олар №1, №2 актер…, №1, №2 актриса… деп, концлагерь тұтқындары сияқты нөмірленген.
Ұлы Абай сахнаға қып-қызыл костюм киіп, мойнына көбелек (бабочка) тағып, жалаңбас шығады. Қайран Әйгерімнің үстінде омырауы ашық-шашық қара көйлек, ол да шашы удырап-дудырап, жалаңбас жүр. Жай жүрген жоқ, ерінің бетінен алып, өкпесін жеткізуде. Бір қызығы – осы халтура-плагиаттың авторы ретінде Абай Құнанбайұлы көрсетілген. Қаламақы кімге төленді екен?!
«Театр үш нәрседен құралады: Жазушы. Сахна. Көрермен. Үшеуінің басын қосып, талқыға салатын – пьеса».
Жұмат ШАНИН.
2. «ДАРИҒА-ЖҮРЕК»
Режиссер Қуандық Қасымов бұл жолы халтурасын одан әрі дамытып, нағыз, яғни қолданыстағы заң бойынша қылмыстық іске негіз болатындай плагиат дәрежесіне жеткізген. Ол Мұқағали Мақатаевтың екі поэмасын қосақтап, бір сөз қоспай, бір үтірін өзгертпей, «пьеса» туғыза салған. Бұнда да сахнаға опыр-топыр отыздан аса актер шығады, бәрінің қолында бір-бір ұзын таяқ, бұнысы несі? Сөйтсек, бұлар 1943 жылы тау баурайында шөп шауып жүрген колхозшылар екен. Бәрі жап-жас, бәрі сұп-сұлу, арасында мосқалдары да, кәмелетке толмаған жасөспірімдері де жоқ. Конкурста жеңіске жеткен таңдаулылар сияқты. Хор капелласының әншілеріне ұқсайды. Әйелдер жағы түгел етегі жер сызған ақ көйлек, ілгекті сәнді камзол киген, аяқтарында – платформа ақ туфли. Жігіттері де қалыспайды: ақ көйлек, ақ шалбар, тіпті крассовкамен шыққандары да бар.
Бұл қойылым да бастан-аяқ ән-жырмен өрілген. Тіпті кейінгі, кейінгі 90-жылдары шығып, хитке айналған әндер де шырқалады.
Қысқасы, театр ұжымы «әжептеуір ән еді, пұшық шіркін қор етті» дегендей, екі ұлы ақынның шығармаларындағы тарихи шындықты аяққа таптап, адам нанғысыз қиял қуып, лағып кеткен…
3. «АТЖАЛМАН ҒАСЫР»
Бұл 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин туралы «пьеса». Кейіпкерлері: Жұмат Шанин, зайыбы Жанбике, Карлик, Вышинский, Берия, Голощёкин, Мирзоян, тағы басқалар. Жұмат Шанин мен зайыбы Жанбикенің кейіпкер болатын жөні бар, әрине.
Голощёкин неғып жүр? Ол Қазақстандағы қызметінен 1933 жылы қуылып кеткен, сонда арада 4-5 жылдай уақыт өткенде режиссерді қаралау үшін Қазақстанға іссапармен келген бе?! Сол сияқты Республиканың бірінші басшысы Мирзоянның да «пьеса» кейіпкері ретінде сахнаға шығатын жөні жоқ. Бұл екі факті де автор Сая Қасымбектің саяси, тарихи сауатсыздығын мемлекеттік құрылымның қандай тәртіппен жұмыс істейтінінен хабарсыздығын көрсетеді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Сахнадағы бір топ Одақтық дәрежедегі басшылардың арасында Берия да жүр. Бұл енді нағыз масқара. Қараңғылық. Жұмат Шанин 1938 жылдың бірінші жартысында атылған еді, ал Берияның НКВД-ға басшының орынбасары болып келуі 1938 жылдың екінші жартысы. Демек, бұл да өтірікке жамалған өтірік.
КСРО прокуроры Выщинский мен НКВД басшысы, Сталиннің ең сенімді адамы Ежовтың өздері басқарып отырған аса құзырлы да, құдыретті органдарда басқа қызметшілер құрып қалғандай, «үштік» аталған мың-сан қанішерлер құрдымға кеткендей, Республиканың да, алып Одақтың да жоғарғы басшылығы қатарында жоқ, қолында мемлекетті төңкеріп тастайтындай күштік құрылымдар болмаған қазақ режиссерін тұтқындау үшін жанып-күйіп тұрған негізгі міндет, мақсаттарын былай ысырып тастап, жердің түбі саналатын Қазақстанға келуі шаласауатты адамның қиялынан туған мың өтіріктің бірі, басқа ештеңе де емес.
«Пьесада» суреттелген түрме Қара теңіз жағалауындағы курорт сияқты. Жұмат Шанинге келген әйелі Жанбике күйеуімен емін-еркін ұзақ сөйлесіп, сырласады. Тіпті, сол 1938 жылы Жұмат Шанинмен көрші камераларда 1937 жылы атылып кеткен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, тағы басқалар отыр…
4. «ЛИФТ» ДЕГЕН «ПЬЕСА» ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Театрдың құлағын ұстап отырғандардың бірі – драматург, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек. Оның «Лифт» деген «пьесасы», өз айтуы бойынша, жер-жерде, тіпті шетелде қойыла бастапты. Нағыз масқараның масқарасы осы. Айтпайын-ақ деп едім, айтпасыма қоймады… Сая Қасымбек кезінде жаңадан құрылып, дүркіреп тұрған Түркістан театрын тығырыққа тіреген, жемқорлығы үшін сотталған, түрмеде отырған. Бірақ абақтыдан шыққан соң анау-мынау емес, академиялық театрға қызметке тұрғанына қарағанда күлшелі кезінде орнатқан байланыстары сақталған болып тұр ғой.
Жалпы, Сая Қасымбекті қаралаудан аулақпын. Жаза басқан шығар. Бірақ «Лифтісі» түрлі күдікті ойларға жетелейді, бұл дүниесін ол кек алу үшін әйгілі Боратпен бірігіп жазған ба, қалай? Туған ұлтына, жоғары билікке, сот жүйесіне қара күйені аямай-ақ жағыпты. Пьесаны сахналау түгілі жай оқып шығудың өзі кімнен де болса, темірдей жүйкені, бейжайлықты, немкеттілікті қажет етеді, отаншыл жүрекке ауыр тиеді. Сондықтан кейіпкерлеріне, оқиғасына, идеясына, мақсатына тоқталып жатпаймыз.
Театрда қалыптасқан жағдайдың ақ-қарасын анықтау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзіретіндегі іс деп ойлаймын. Өнерді қапысыз түсінетін, әділ бағалайтын мамандар бар екеніне сенімдімін. Жақында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен, Түркістан облысы әкімінің қолдауымен Түркістандағы «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Әділетті Қазақстан: ғасырлар ғұламалары және Қазақстан қаламгерлері» деп аталатын көшпелі пленум өткенін бәріңіз жақсы білесіздер. Сонда аталмыш министрлік атынан сөз сөйлеген министрдің кеңесшісі Шерхан Талапқа бәріміз риза болдық. Мәдениет, әдебиет және өнерді жан-жақты түсінетін азамат екен. Мен көтеріп отырған күрделі мәселені сондай білікті мамандардың біріне тапсырып, ырың-жырың тірлікке нүкте қоюды сұраймын. Келесі 2025 жылы Шымкентте «Қаламгер және театр» деп аталатын көшпелі пленум өткізу жөнінде ұсыныс жасаймын. Менің театрмен арадағы дауым бүгінде ауданаралық сотқа дейін жетті. Мәселе үзіліп-созылып, республика Президентіне дейін баратын сыңайлы…
Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ