Жұрт пандемиядан ес жия алмай, аты жаман аурудан қырылып, экономикалық дағдарыс қыспаққа алып жатқанда… мемлекет бюджетіндегі қаржынытеспей сорып жүргендер бар. Сырт қарағанда олар еліміздің дамуына, өсіпөркендеуіне, шын мәнінде мәдениеті бізден бір ғасырға ілгері озық елдермен иықтірестіру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүргендей көрінеді. Алайда мүлде олайемес! Олардың ойы: қайтсем мемлекет қаржысын қарпып қалсам деген қу құлқын ғанаекен! Өз елін сүйетін, құрметтейтін мемлекеттік қызметкер ешқашан мемлекетқазынасына көз сүзбейді, өз қалтасы мен мемлекет қоржынын шатастырып алмайды.
Әбден білесіздер, шаршы әлемде экономикалық дағдарыс белең алғанын… доллардың өзі өрден домалап құлдилай жөнелгенде, біздің теңгеміз қаңбақтай қалбалақтап, қалпақтай ұшты. Қымбатшылыққа белден батқан елді құтқаратын үкімет пандемиядан бері әлі шарасыз күй кешіп отыр. Елдегі әлеуметтік жағдай шиеленісіп тұрса да, бір таңғаларлығы – республика мен жергілікті мәслихат Шымкент қаласының мәдени дамуына 2021 жылы батпандай 37 миллиард теңге бөлген! Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12 есе көп! Яғни, салыстырмалы түрде айтсақ, Шымкент қаласының мәдениет саласын дамытуға 2018 жылы мемлекеттен 4,7 миллиард теңге, 2019 жылы 3,3 миллиард, 2020 жылы 3,3 миллиард қаралған. Ал 2021 жылы 37 миллиард! Әйтеуір былайғы күнде мәдениетке «өгей баладай» жырымдап көңіл бөлетін мәслихат бұл жолы оң жамбасына ойыса қалуының сыры неде?! Ертегілер елінде сиқырлы таяғымен тілегін екі етпей жеткізетін ханшайымдар болушы еді… Ойпырмай, шынайы әлемге сиқырлы ханшайымның өзі келіп қалды ма екен, әлде? Жоқ, бақсақ бақа екен депті ғой бір байқұс, сөйтсек бюджеттің қалтасын қомпайтып отырған Ханзада Есенованың өзі екен. Бірақ, мәдениетке келген Ханзада сүйкімді ханшайымның рөлін сомдамайды, оның образы айналасын мұзбен қатырған «Снежная Корелеваға» көбірек ұқсайтындай…
Себебі, 2020 жылдың қазанында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына басшы болып Ханзада Есенова тағайындалғалы мәдениет мекемелерінің басына қара бұлт үйіріледі. Қаһарына мінген Ханзада үш күнге жетпей басқарма басшысының орынбасары Ғалия Шарафиеваны жұмыстан шығарып жібереді. Ғалия Әлікенқызы ұзақ жылдар бойы мәдениетке еңбек сіңірген, басшылық қызметте болған сыйлы қызметкер, бірақ оның кәсібилігімен, талай жылғы тәжірибесімен санасқан Ханзада болмады. Қаһарлы пәрменімен әрі қарай тым қатты-қатты бұйрығын жалғастырып әкетті. Көңіліне жақпағаны үшін жұмыстан қуылғандардың тізімі күн санап көбейе түсті. Содан басқармадағы білікті он шақты маман хан қызының кейпіндегі Ханзаданың қабағынан ығып, «өз еркімен» жұмыстан кетіп тыныш тапты. Ол аз десеңіз, іштегі мамандар қатары сирегенімен қоймай, іле-шала басқармаға қарасты бірқатар мекемелердің басшылары қырғи тигендей «қырылды». «Салт-дәстүр орталығының» директоры Сұлтан Срайлов, Опера және балет театрының басшысы Әбдіхан Нұрмағанбетов, «Шымкент-Цирк» басшысы Арман Әлиев, Қуғын-сүргін музейінің директоры Батырғазы Серғазиев, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова, «Шым қала» тарихи мәдени кешені директоры Саттар Мәжитов және олармен бірге жасөсіпірімдер кітапханасының директоры, Абай атындағы кітапхана директоры, Гайдар атындағы балалар кітапханасының директорлары әй-шәйға жоқ, бықпырт тигендей әп-сәтте жұмыстан қуылды. Бұл тұлғалардың барлығы «сен тұр, мен атайын» дейтін сайдың тасындай іріктелген, мәдениеттің майын ішіп, мәйегіне айналған танымал есімдер. Бүкіл ғұмырын мәдениет саласына жұмсаған оларды қызметін ақсатып, жұмыстан кетті дегенге қай ақымақ сенеді?!
«Снежная Королева» бейнесіндегі Ханзаданың «спектаклі» мұнымен аяқталмайды, алдымен «қойылымның» шарықтау шегі болған іске тоқталайық. Ұят болғанда, басқармадан шыққан шу бүкіл республикаға тарады. 2021 жылдың ең даулы оқиғасы Шымкентте болды. Бұл «Наурыз» мерекесін тойлауға қатысты іс шаралар… әлі күнге дейін жұртшылық мерекелік датаға орай бөлінген 500 миллионның ізін таппай әлек, тоқ етер жауабы жоқ. Ал мемлекеттік сатып алу порталында 2021 жылдың 5 наурызы мен 26-сы аралығында дәл осы Наурыз мерекесін тойлауға қатысты 4 конкурс өтіп, оның жеңімпаздары бақандай 425 миллионды ұтып алған. Дәл бұл кез — елімізде нағыз эпидахуал өршіп тұрған, шаралардың көбі онлайн форматына көшкен шақ, коронавирус инфекциясы таралмау үшін Шымкент карантиндік режимде болды. Той-томалаққа дейін тыйым салынды. Сөйте тұра мәдениет басқармасы Наурыз тойын тойлауға мемлекеттік конкурс өткізген. Ал енді көзсіз жұмсалды делінген осы 400-500 миллион аралығындағы дау-дамайлы қаржының орнын жауып, жауапкершіліктен құтылғысы келген басқарманың бухгалтері, Түркістан сарайының бухгалтері, қысқасы осы қылмысқа қатысты үш қызметкер қазір қамауда екенін Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті растап отыр. Әлгі үш қызметкер бұл сценарийде «шелек жалағандардың» рөлінде жүр, ал «айран ішіп» бас кейіпкер образын сомдағандар қайда қалмақ?
Хош, сонымен 2021 жылдың наурызы бітіп, сәуір айы келеді. Ханзада ханым бұл жерде 1,3 миллиард қаржыны кітапханаларды модернизациялау стиліне жұмсаған. Біле білгенге, бұл әдемі «жымқыру». Модернизация ұғымы – ескіні жаңа заманға сай етіп жаңарту, не болмаса жаңғырту. Мұнда кітапханаларға күрделі жөндеу жүргізейін десе, оған өте қомақты қаржы кетеді, ағымдағы жөндеу жүргіземіз деу жоқ жерден қисынсыз, сондықтан косметикалық түрде ерекше дизайнмен модернизациялау стиліне салса, онда бюджет қаржысын «орнымен» жұмсауға оңай жол табылғаны. Қала кітапханалары бұрынғыдай тар кабинеттер емес, кең жарық залды, баяғы көмескі бояу емес, жарқын түсті боп жарқырап қалды… Есесіне мұндағы қабырғаларда миллиардтар жатыр. Мемлекеттік тапсырыс «бір көзден сатып алу» тәсілімен жүргізілген. Ал судай сапырылысқан қаржыға қол қоюдан бас тартқан кітапхана директорлары қызметімен сөзсіз қош айтысты. Ал қабырғасы сәнделгенмен, кәріз жүйесі шіріген кітапханалардың шатырынан су ағып, кітап қоры бүлінгенін кітапханашылар зар еңіреп айтып жүр.
Ханзада кешегі елде болған қаңтар көтерілісінен кейін де айылын жимаған сияқты. Тұтас ел болып «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жүргенде 2022 жылдың 4-5 ақпанында Алматыда антикоррдың қызметкерлері басқарманың бөлім басшысы Берік Нұржановты жеткізулердің бірінен ақша алып жатқан үстінде ұстаған деген сыбыс бар. Берік Нұржанов Ханзаданың өзімен бірге алып келген «командасы». Тергеу барысында түйіннің бір ұшы Ханзада Есеноваға келіп тірелген, сондықтан антикор қызметкерлері 11 ақпан күні Х.Есенованың Алматы қаласы Керей Жәнібек хандары көшесі, №10 үйінде тінту жүргізіп, 94 беттік тергеуге қатысты қызметтік құжаттар табылған деген сыбыс тағы бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы №703 қаулысымен бойынша қағаз жеткізгіштегі құжаттар ұйымның мұрағатына өткізілгенге дейін бір жыл ішінде олардың қалыптасу орны бойынша істерде, электрондық құжаттар – ЭЦҚ-да сақталады. Сондай-ақ іс құжаттар мемлекеттік корпустар немесе осы мақсат үшін арнайы бөлінген бөлмелерде шкафтар мен сейфтерде сақталады.
Осы жерде Х.Есенова басқарманың ресми құжаттарын Алматыдағы үйінде неге сақтайды деген сұрақ туады?
Қалай болғанда да, Х.Есенова қызметтік құжаттарды әкімшілік ғимараттан алып шығып, Алматы қаласындағы үйінде сақтағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Не істесе де, билік қолдарында тұрған Ханзада Есенова бастаған топтың жолына тосқауыл қойылмаса болмайды. Өйткені, бұл мемлекет қаржысын ішіп-жеп кете беретін бұрынғы ескі жүйе емес, біз Жаңа Қазақстанға бет бұрып, әділетті қоғам құру жолындамыз.
Мәдениет саласындағы қызметінен себепсіз шеттетілген азаматтардың, жапа шеккен қызметкерлердің бізге жазған арыз-шағымы, олардың мұң-зары осыған үндейді.
Арызда не айтылған? Оны 3-беттен оқи аласыздар.