Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі – облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасы мен облыстық ардагерлер кенесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылардың «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының халқына арнаған ҮНДЕУІ
Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық кұндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңаша ойлап. коғам игілігі үшін ізгі іс жасауға шақырып, барлық рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға үндеді. Рухани жаңғыруды басты мақсат тұтқан мақалада халқымызға парасатты ой, пайымды пікір ұсынылды. Рухани жаңғыру ұсынысы арқылы мемлекет басшысы еліміздің тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, болашаққа сеніммен кадам басу қажеттігін нақты айқындап берді.
Біз, Ақылдастар алқасы мен ОҚО ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылар халқымыз үшін ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сан ғасырлар бойы қалыптасқан сабақтастығын, бір-бірімен тығыз байланысын ерекше атап өтеміз және рухани жаңғыруды осы тұрғыда жалғастыру қажет деп есептейміз. Себебі. дін мен дәстүр – халқымыз үшін егіз ұғымдар. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамымызда дін мен дәстүр сабақтастығы бұрмаланып, жаңсақ пікірлер мен үрдістер орын алып, бара-бара халықтың күнделікті өміріне, тыныс-тіршілігіне еніп, үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны жасырын емес. Әрине, өмір болған соң жаңсақ басу да, қателесу де болады. Алайда, ата-бабадан бастап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тура жолдан тайғанға, сүрінгенге демеу болу, жол көрсету – қоғамның, әрбір иманды азаматтың міндеті болып табылады.
Құрметті қауым! Бұл міндет қоғамның зиялылары мен ел ақсақалдарының, имамдардың кеңесімен келісіп жүргізетін іс. Ата салт-дәстүрлеріміз бен дінімізге жат әрі жағымсыз теріс әрекеттерге бүкіл қоғам болып қарсы тұрып, ұрпағымызды адасудан сақтандыруға тиіспіз.
Кез келген мәселеде ауыр жүк алдыңғы буын ағаларымыздың, олардың өкшесін басып келе жатқан орта буынның иығында. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді». Аузынан аталы сөз ағылып, тентегін тезге салып, сөзге тоқтатар, қоғамды дұрыс жолға бағыттар ақсақалдық дәстүрімізді жаңғыртуымызға көп нәрсе байланысты. Бұл бағытта ел ішінде айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, қоғам өмірінде, ұлттық құндылықтарымызға қатысты жат қылықтардан арылып, тазаланып болдық деп айта алмаймыз. Қарызға батып, бейәдеп көріністерге толы той жасау, ысырапшылдық, мақтангершілік, тағы басқа да асыра сілтеушіліктер жас отаудың тұғырын шайқалтпаса, тіктеуіне себеп болып жатқан жоқ.
Біз, елімізде дәстүрлі де қастерлі Ислам дінін өркендетудегі, дін мен дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз етудегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) еселі еңбегін атап өтеміз әрі қолдаймыз, қуаттаймыз. Қазақстан мұсылмандары Имам Ағзам мазһабы бойынша амал-әрекет жасайды. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы. Алайда, бүгінгі жағдайда еліміздің мұсылмандар қауымының сана-сезімінде адамдардың қайтыс болуына байланысты рәсімдер өткізу мәселелеріне катысты кейбір көзқарастарды, іс-әрекеттерді ҚМДБ-ның ұстанымдары мен үйлесімділігі негізінде қайта қарау, реттеу және жаңғырту қажет деп есептейміз. Себебі, жаназа жиындарымыздың өзі тойдан қалыспайтын дәрежеге жетті десек, артық айтқандық емес. Қазаның артын күтумен байланысты рәсімдерді өткізу бәсекеге айналып, тілекке ұқсас сөз айтылатын жиналысқа, аста-төк дастарқан жаю жарысына айналуда.
Кей жерлерде жаназа намазы оқылмай және мәйіттің жамбасы жерге тимей жатып ас тарату әлі де орын алып жүр. Бұл дінге де, дәстүрге де қайшы әрі қайтыс болған адамның жақын туыстары қайғы ұшып жатқанда өте ерсі көрінетіні айқын. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан облысының мұсылман тұрғындарын және ел ағаларын Ислам діні талаптары бойынша қайғылы отбасында қазалы күн ішінде ас беруге тоқтау салуды ұсынамыз. Қазалы үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қою – күнә. Ондай адамдардың қазасына ортақтасып, көңіл айту, қол ұшын беріп, сабырға шақыру, қайғы-қасіреттерін жеңілдетуге әрекет жасау – сүннет. Сондай-ақ, оларға тамақ әзірлеп апарып беру, алыстан келген қонақтарды ас-сумен қамтамасыз етуді туған-туыстары, жора-жолдастары немесе көршілері жасағаны дұрыс. Ислам діні мен ұлттық салт-дәстүрлердің тығыз байланысы негізінде қайғы түскен отбасында құдайы ас (жетісі, қырқы, жылдығы) дастарқаны барынша қарапайым болғаны абзал. Шариғаттың ысырапшылдыққа, мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген ас та төк ас, құдайы тамақ беруді міндеттемейтініне баса назар аударамыз және садақа астың ұзаққа созылған жиналысқа ұласуын құптамаймыз.
Кейбір жағдайларға молдаларымыз асқа жиылғандарға тыңдары жоқ уағыз айтып, өзгеге үлгі болатын сипаттан айырылуда. Есесіне жаһандану үрдісімен келген теріс пиғылды діни идеология жастарымыздың санасын улап, ұлттық құндылықтарымыздан, ата салт-дәстүрлерімізден алшақтатуға, соқыр сенімге баулуға әрекеттеніп бағуда. Сондықтан имамдар тарапынан айтылатын уағыздарды ұзын-сонар әңгімеге айналдырып, көпшілікті мезі етпей, халықтың назарын өзіне аудара біліп, құлаққа сіңімді де жағымды дауыспен қысқаша жеткізген дұрыс.
Ұлттық құндылықтар адами құндылықтардан құралады. Адами құндылығын жоғалтпаған әрбір адам өз болмысын, өз тілін, өз дінін, өз ортасын, өз отбасын, өз қоғамын, өз ұлтын, өз Отанын сақтап қалатынын ешқашан ұмытпауымыз керек, құрметті қауым!
Мешіттеріміз бен оларды басқарушы имамдарымыз, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымымыз, жалпы қоғам болып ұлттық құндылықтарымызға теріс пиғылды діни ағымдардың зияндылығын тигізбеуге, дін мен дәстүрді қайшы қоймауға жұмылғанымыз абзал. Елбасымыздың: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», – деп айтқанын әрдайым жадымызда сақтап, жалпы өміріміздегі, соның ішінде тойдағы немесе кісі қайтыс болғандағы ысырапшылдыққа, жаназадағы жөнсіз әдеттер мен әрекеттерге тосқауыл қойып, ортақ тәртіпке бағындырудың уақыты келді деп есептейміз, ардақты ағайын.
Ұлтымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген даналық сөз бар. Өкінішке орай, жергілікті жерлердегі мазараттарды тазалау, жан-жағын қоршап, қолайсыз ауа райына байланысты зиярат етушілерге арналған бастырмалар орнату, абаттандыру мақсатында су жүйесі мен электр желісін орнату, баратын жолды ретке келтіру, мәйіт таситын арнайы автокөлікпен қамтамасыз ету сияқты шаралар әлі де жөнді қолға алынбай келеді. Бұл жұмыстарды облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар мен әкімдіктердің назарына ұсына отырып, мемлекет және қоғам болып қолға алуға үндейміз.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген керемет даналық сөзі бар. Әсіресе, бүгінгідей алмағайып заманда тазалық пен адалдыққа, имандылық пен отаншылдыққа үндейтін асыл дініміздің орны ерекше маңызға ие болуы қажет.
Біз, мәжіліске қатысушылар, жергілікті халықты діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуге, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен діни рәсімдердің бірізділігін сақтау мақсатында осы Үндеуде айтылған мәселелерді жүзеге асыруға шақырамыз.
Қадірлі қауым!
Елбасымыздың «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деген өнегелі сөзін есте сақтай отырып, ең бастысы – санадан сабыр, жүректен иман кетпесін дейміз, қадірменді қауым!
Үндеу Ақылдастар алқасы мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісінде қабылданған.
Шымкент қаласы, 24 ақпан, 2018 жыл.
Бұл Үндеу жер-жерде жұртшылықтан қолдау тапты. Сондай-ақ ол Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық Сейіткәрім қажы мешітінде де талқыланып, ондағы айтылған мәселелерді алдағы кезде рет-ретімен жүзеге асыру жайы сөз болды.