ҚИЯНБЕКОВТЕРДІҢ ҚУАНЫШЫ

Қоғам
807 Views

Қыркүйектің екінші жексенбісі Қазақстанда Отбасы күні ретінде тойланады. Осы айтулы мерекеге орай, елордада «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздарымарапатталды. Елдегі 14 облыс пен 3 республикалық маңыздағы қаланың намысын қорғап келген үздік отбасылар астана төрінде қошеметке ие болды.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 3204 отбасы қатысқан. Алты жылда аталмыш конкурста 15 197 отбасы бақ сынапты. Соның 62 пайызы – ауыл жанұялары, 3 пайызы – көпбалалы отбасылар, 18 пайызы – жасошақтар, 17 пайызын еңбек әулеттері құраған.

Марапаттау рәсіміне қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жеңімпаз жанұяларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Халқымыздың ұлттық және отбасылық дәстүрлерге беріктігі қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Елбасы бастамасымен мерекелер күнтізбесіне Отбасы күні мейрамы енгізілді. Ырыс-берекесі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. Бұл шаралар сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің жаңғыруына, отбасы институтының нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша мән беріп, өнегелі әулеттердің өрісін нығайтуға ықпал етеді. Бұл конкурсқа қатысушылардың барлығын жеңімпаздар деп айтуға болады. Өйткені, осы конкурсқа қатысқан әрбір отбасы – мерейлі», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Жылдағыдай бұл жолы да еліміздің ең «Мерейлі отбасын» анықтауға барша қазақстандықтар атсалысты. SMS-пен және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде жеңімпаздар анықталған.

Осы байқаудың ақтық кезеңіне Сыр елінің атынан жолдама алып, Қызылорда облысының намысын қорғаған Қиянбековтер әулеті лауреат атанды. Жүлдегерлер қатарынан көрінген қызылордалық отбасыға 300 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Нұр-Сұлтан төріндегі байқауда қасиетті өңіріміздің атағын аспандатқан аталған әулет облыстық кезеңге қатысқан 372 отбасының арасынан жеңімпаз атанып, республикалық кезеңіне жолдама алған болатын.

Қиянбековтер отбасы шаңырақ көтерген 53 жылда 10 баланы өсіріп, ұядан ұшырған. Бүгінде 45 немере, 16 шөберенің қызығына тоймай отырған бақытты әулеттің бәй­терегі Әмір ата Шиелі ауда­ны­ның Құрметті азаматы атанған. Еңбек жолын 1959 жылы механизаторлықтан бастаған. «Гигант» ұжымшарында механизатор болып істеген. Әскер қатарында жүріп, Архангельск облысының комсомол комитетінің грамотасымен марапатталған, «Әскери бөлімшенің Алтын кітабына» енген.

Берекесі тасыған әулет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жүлдегер атанғанда ерекше әсерге бөленгенін жасырып қалмады. Бұрын байқауды теледидардан тек көрермен ретінде тамашалап қана жүрген қызылордалық Қиянбековтер отбасына соңғы бірнеше жылдан бері әкімдіктен қатысуға ұсыныстар түскенін де тілге тиек етті.

Нұрбибі ЖҰМАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *