Ай аунап, жүйрік жылдар оза берген,
Ғасырлар көш-керуен соза берген…
«Елім-ай!» болып жұртқа сәлем айтқан,
Есіл ер, ерен жырау Қожаберген.
«Елім-ай!» – өлең шығар, дастан шығар,
Дастанға сыймай тасып, асқан шығар.
«Қарындастан айрылған…» деген кезде,
Қазір де қара көзден жас тамшылар.
«Елім-ай!» – зарым менің, шерім менің,
Шебімнен шарасыздан шегінгенім,
Біртұтас Алаш жұрты жау тигенде,
Білеміз бөлшектеніп, бөлінгенін…
«Елім-ай!» – еңіреген ер ұраны,
Еңкейсе не болады ел ұланы!
Ескерткіш мәңгілікке соғып кеткен,
Жырауды ардақ тұтсын Елі мәңгі!
«Елім-ай!» – шежіремнің тармақтары,
Ескерген келер күнге арнап бәрін.
«Елім-ай!» – туым болып желбіреген,
Ерлерім ата-жұртын қорғап қалып!
Бас иіп Бұқар жырау «Ғаділ ерге»,
Тайдырмай бастан жыға әбігерде,
Ұрпаққа жеткізіпті жырыменен,
Ұстазын ардақ тұтып қалың елге!
Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы,
Әлдилеп «Елім-айды» көкей үні,
Өсиет «Бабаңды сүй!» қалдырыпты,
Өмірден өкінішсіз өтейіні…
Жатқанда тоқсан тарау жол айрылып,
Жұртына оғыз -түрік орай бұрып,
Рухына Қожаберген тағзым жасап,
Жыр төкті Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Мына жыр – сол сарынның жалғасқаны,
Жорықта «Елім-ай!» жыр қол бастады!
Жұртымен Қожаберген қауышты ғой,
Жарқылдап асыл сөздің алдаспаны!
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі