ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК БАҒЫТЫНА ЖАҢА АВТОБУСТАР ҚОСЫЛДЫ

Билік Жастар Мәселе Саясат Уақыт Экономика Қоғам
12 Views


Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдаудың сапасын арттыру жұмысы кезең-кезеңімен атқарылуда. Басты мақсат – тұрғындарға қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи қызмет ұсыну.

Осы орайда №42 және 70 бағыттарда жаңа Yutong маркалы автобустар қатынай бастады. Жаңа қоғамдық көліктердің саны резервтік құрамды қоса есептегенде – 30 автобус.

Жолаушылар сыйымдылығы 65-85 адамға дейін жететін автобустар экологиялық таза газ-метанмен жұмыс істейді. Техникалық сипаттамалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Қазақстанда жасалған жаңа көліктер желдеткіш жүйелерімен, электронды бағыт көрсеткіштерімен, GPS бақылау жүйесімен, алты бейнебақылау камерасымен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған механикалық пандуспен жабдықталған және жүргізушінің орны қоршалған.

Айта кетейік, Қайтпас шағынауданы – Теміржол вокзалы сызбасындағы №42 бағытта – 12 автобус, ал Қайнарбұлақ шағынауданынан «Гипер Хаус» орталығына дейін қатынайтын №70 бағытта 14 автобус  қызмет көрсетеді.

Қала әкімдігі тарапынан саладағы бәсекелестікті арттыруға, жаңа тасымалдаушы компанияларды жұмылдыруға және қызмет сапасын жүйелі түрде арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде жолаушылардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық көлік инфрақұрылымын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.