ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ – БАСТЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ

Саясат Қоғам
146 Views


Міне, жылжи отырып, кезекті Жаңа – 2025 жыл өз қуанышын және шешілуі тиіс міндетін арқалап, келіп отыр. Өткен жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимимзм» атты Жолдауы қоғамды алға жылжытуға арналған идеологиялық ой-түйіні туралы сүйікті газетіміздің бетінде пікір бөліскен едім. Әрине, өз мүмкіндігімше, шамам келгенше.
Енді бұл ұсынып отырған жарияланымда өткендегі ой-пікірлерімнің, Президентіміздің Жолдауындағы даму идеяларының, алғашқы орындалу стадиясындағы көпшілікке сезілген әсерлері мен қоғамдық пікірлердегі өзімнің жеке және оны бөліскен қызметтес-әріптестерімнің сараптауымен бөлісу. Мұның үстіне өзіміз тәрбиелеп, оқытып жүрген студент жастар топтарының айтылмыш мәселелерге қызығуын, олардың көбірек қайталанатын сұрақтарын да ескерсек дедік.
Бүгінде тарих қойнауына енген 2024 жыл еліміздің тіршілігінде қаншалықты күрделі, жауапты болса да негізінен алғанда нәтижелігі жөнінен бір адым (мүмкін одан да көптеу) алға жылжу болды деп түсінеміз. Әсіресе, жылдың соңғы айларында Мемлекет басшысының да, Парламент депутаттарының да, Үкімет мүшелерінің де тараптарынан жылды әлеуметтік-экономикалық жауапкершілікпен аяқтау және алдағы жылдың жоспар-мақсаттарына ұтымды даярлану бесенділігі көзге айқын көрініп тұрды.
Еліміздің журналистері, әсіресе, жақсылық іздеп, оған ұмтылған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің игі әрекеті – тіршілігіміздің барлық салаларын көрейін, білейін дейтіндер үшін үйіңде алдына жайып салған ақпарат айдынындай әсер етуде. Бұл күндері бұрынғы жылдарға қарағанда телебағдарламаларда алдыңғы кезекте экономикалық іс-әрекеттер мен ондағы қол жеткен көрсеткіштердің, экономиалық саясаттың өз орнына, алдыңғы қатарға шығарылғаны анық көрініп тұр. Демек, көрсететін, қоғамдық оптимизмге оң әсер ететін қозғалыс бар. Сондықтан да қарсы «ақпараттық жауынгерлерінің» ең алдымен осы салада, шаруашылық саласында, үндері төмендегені анық көрінуде. Сол себепті де «білгішбектердің», өркениетке ұмтылғандардардың сөздерін естігенде дәлелсіз ыстығы көтерілетіндердің, негізгі сын тақырыптары әлеуметтік-саяси бағыттарға ойыса бастағандай болды.
«Қоғамдық оптимизм» термині бүгінгі кезеңдегі лидеріміздің идеологиясындағы басты сүрлеудің бірі болып табылатын «Әділетті Қазақстан» тақырыбында сөз тіркесінің үшінші қатарында көрінгенімен, әрекет алгоритмінде шартты түрде ғана екені даусыз. «Құқық тәртібі», «экономикалық өрлеу», «қоғамдық оптимизм» елдің даму барысында «үш тұғырлы» (триединый) екенін қазіргі уақытта көзіқарақты азаматтардың бәрі біледі. Ал, «ескі билік» кезіндегі «алдымен экономика, қалғаны кейін» дейтін «идеяның» тек жалған ғана емес, түбі деградация мен іруге әкелетіні зерттеусіз-ақ жай көзге де көрінді.
Осы ақиқаттыққа сәйкес жақында, өткен жылдың соңғы ширегінде, қолданыстағы заңдарға қоғамымыздың барлық негізі салаларында белсенді түрде жаңғыртулар мен реттеулер енгізілді. Ішкі инвестицияларды былай қойғанда, сыртқысының өзі Орталық Азиядағы ертеден ағайын елдердің осы түрдегі қаржылану жиынтығынан еліміз асып түсті. Мемлекет басшылығының біліктілігінсіз, алға қойган мақсаттардың айқындығысыз, шетел қаржы иелерінің сенімділігісіз, қоштасқан жылымыздағы шаруашылығымыздың көңілге қонымдылығысыз, мұндай нәтижелер мүмкін болмас еді…
Осылайша өзімізді қанша жұбатқанымызбен, тәуелсіздік тұсындағы өтпелі кезеңіміз «ескі биліктің» уақытындағы жауапсыздықтардан амалсыз созылып барады. Өткен уақыттағы қоғамдық-моральдық деградацияның әлі де болса созылатыны – таңғаларлық емес. Қоғамдық пікірдегі «жаңа билікке» деген сенім төңкерісінің созылуы, оның тек «Қаңтар оқиғасынан» кейін ғана тиісті екпін алуы – азаматтарымыздың қоғамдық-психологиялық жағдайының да, ұлттық бірлігінің де, әлеуметтік-саяси түсініктері мен деңгейінің де күрделілігін көрсетеді деп ойлаймыз.
Осындай жағдайда саяси-әлеуметтік және қоғамдық-экономикалық оптимизмнің контурын қалыптастыра бастаудың өзі, сол сәттердегі тарихи тағдырдың өз заңдылығымен билік толқынына әкелген жаңа лидердің соңынан ертуді ұйымдастырудың өзі күрес пен уақытты, шыдамдылықты талап етеді.
Сондықтан да «Ұлттық идеология» мәселесіне тағы да көңіл бөлуді қажеттілік деп есептейміз. Біздің бұл арада қайталап айтарымыз: «Біздің мемлекетімізде идеология жоқ», – деп ашына айтатын азаматтарымызбен келісу тым қиын. «Тәуелсіздік», «егемендік», «азаматтық қоғам», «құқықтық тәртіп», «демократиялық, әлеуметтік, зайырлы ел», «сайланбалы және ауысымды билік», тағы басқа да Ата Заңымызда атап көрсетілген идеологиялық құндылықтарды мойындамайтын саналы жан бізде бар ма?! Міне, біздің сенімімізше қоғамдық та, ұлттық та, мемлекеттік те идеологияның негізі тіреуіштері.
Рас. Бүгінгі күнге дейін Тәуелсіздігіміз үшін рухани күрес пен саяси ұмтылыс арқылы қолымыз жеткен арман-идеологиямызға 33 жылдан асса да оны қажетті көлемде толықтыру, қажетті тұстарын жан-жақтылау мен тереңдетуге биліктегілеріміз көңіл бөлмеді. Ең бастысы – әр қазақтың санасына жеткізу насихаты осы уақытқа дейін ақсап, құндылығына лайық қолға алынбағаны көзіқарақты, адал жандарды өкіндірмеуі мүмкін емес. Төл идеологиямызға тіптен «жараспайтын» істермен айналысатын билік иерархиясында орын тепкендерге қалың жұрттың сана құндылығын өздеріне қарсы ұйыстырудың керегі жоқ емес пе?!.
Оларға қызмет етуге бұрынғы заманнан машықтанған ғалымсымақтар мен «сарай ақындарынан» да күтетін нәтиже көп болмады. Тіпті, бұл категориялардың көпшілігінің «идеология» терминін гуманитарлық саладағы түсініктердің барлық жиынтығы деп ұғынатындары да есепсіз болып шықты. Бұл термин жаңа тарихтың екпін алған уақытында (1806 жылы) ұлы француз ғалымы Дестюд де Трасси айналымға енгізген, белгілі бір мемлекеттің, қоғамның алға қойған даму биіктігіне жету идеяларының жиынтығы екенін, кеңестен қалған бірлі жарым «обществоведтерден» басқа ешкімнен де бүгінге дейін естімедік.
Елдегі соңғы 30 жылдан астам уақытта, алғашқы биліктің араласуынсыз саяси партиялардың пайда болған кездерінен кейін де мемлекеттік басқару құрылымындағы идеологиялық жұмысқа жауапты саланың да жұртшылықты бетіне қаратқан белсенділігін байқамадық. Себебі, жоғарыда айтқандай, билік жүйесіндегілерге оның «қажетсіздігінен» болса керек.
Қоғамдағы идеологиялық саясаттың миы мен жүрегі іспетті саяси партиялардың да нәтижелігі көпшілікке белгілі. Бірі ашылып, бірі жабылып, негізі билік иесінің қоғамдық-саяси жәрдемшілеріне айналып кеткені қашан. Қазіргі уақытта елдегі саяси лидер, Мемлекет басшысы ешқандай саяси партияда жоқ тұлға! Сонда қай партия шын мәніндегі билік партиясы? Біз демократиялық елміз бе? Әлде, феодализмнен әлі де шыға алмай отырмыз ба? Әлде, ленинше айтқанда, еркіндіктің «балалық ауруын» созып отырмыз ба?
Егер елдегі ең жоғарғы билік иесі сол елдің, сол кезеңдегі ең белді де беделді қоғамдық-саяси партиясының лидері, ең болмағанда оның мүшесі, не өкілі болмаса, онда ол күнделікті өмірдегі негативті, не негативсіз, үлкенді-кішілі кемістіктің бәріне өзі ғана жеке жауапты болып шығады. Бізде осының тура өзі сияқты емес пе? Әйтпесе, неге әлеуметтік желілердегі «жамандаулардың» нысаны бір ғана мемлекеттік жеке тұлға? Әлеуметтік желілерде елдің саяси мәдениетін қалыптастыруға, заман талабына сай оны дамытуға арналған саяси партияларды мақтаған, не сынаған посттар мен комменттер көрінбейді есебінде. Есесіне діни, соның ішінде дәстүрге сәйкессіздері, шаршайтын да, секурялизациялық қарсы пікірлерден сескенетін де түрлері жоқ. Мифологиялық этнопікірлер туралы да осы ой. Сондықтан да ой-пікірлері шындыққа, әділеттілікке жанаспаса да, жанасса да кейіпкерлері – тек Тоқаев!
Жазығыруы дұрыстықтан алшақ, кейде тіпті, заңсыз, аморальді болса да араласуға тиісті-ау дегендердің ешқайсыларының тарапынан «контрпікір» атымен көрінбейді. Сонда әлгі «білгішбектердің» пессимизм туғызуға жасаған әрекетіне қарсы оптимизмді тек Мемлекет басшысының іс-нәтижесімен ғана бейнелейміз бе? Адами қолдаулар қайда? Ақиқатты насихаттау қайда? Ақпараттық қолдау көрсететін журналистерден басқа барлық саяси-әлеуметтік топтардың ойларында басқа нәрсе болғаны ма?! Ең болмаса, «билік партиясымыз» деп жүрген «Аманаттың» қазіргі белсенділердің біреуі жұртшылыққа жететіндей етіп жауап бермейді, «білгішбектерге!». Әйтеуір, жамандауды өздерінше «қару» еткендерге өткір жауап беру қиын болып па? Осыдан біраз уақыт бұрын, былтырғы су алғанда да есірген бір «арамсақал», аузына түскен негізсіз сөзін айтып жатып, арасында «Мен мұны әкімдерге айтып отырғаным жоқ» деп бірнеше рет қайталап қойды. Кейін әлеуметтік желіде бірде-бір әкімнің, не оның қызметкерінің «мұның қалайын» естімедік. Неге солай болды екен?!.
Біздің жеке пікірімізше, қоғамдық оптимизмге ең басты жан бітірушінің бірі, оны ел-жұрттың сенімімен алға өрлетуші, біздің жағдайымызда – бүкілхалықтық Құрылтайымыз болуы керек. Бұл мемлекеттегі ең жоғарғы халықтық құрылымның басқа қандай басты функциясы бар еді? Құрамына қарағаннан-ақ, үнсіз отырыстарынан-ақ, басым көпшілігінің ірі, маңызды ұсыныстарға қабілетсіздігі «көз тартады». Арасында ерте кезден ешқандай ұтымды ұсыныстары болмаса да «үлкен жиналыс» болатынын естісе болды шапқылай беретіндер де аз емес сияқты. Сонда бұл «бүкілхалықтық қоғамдық қайраткерлерден» идеологиялық құндылықтарды жетілдіруді, оны елге түсіндіруді, қоғамдық даму процесіне бағытталған ірі-ірі ұсыныстарды олардан «зор шыдамдылықпен» күтіп, «білгішбектерге» мазақ боп, отыра бермекпіз бе?
Құрылтай жиналысы деген жоғарғы қоғамдық-саяси, идеологиялық құрылымның кезінде жұрт мойындаған ел қайраткерлерінен тұрғанын, шешім-билігі ханнан да жоғары болғанын өткен тарихымыздан білеміз. Ал, қазіргі кезде заманымыздың ерекшелігі мен даму талаптарына сай етіп, елдің, ұлттың ақыл-ойын, адами моралін, әлемдік өркениетке ұмтылудағы ұтымды ұсыныстары мен идеяларын ұялмай үлгі ретінде ел-жұртқа көрсететіндей негізгі салалардың компетентті, белгілі азаматтарынан іріктеу керек деп есептейміз. Онсыз да саяси, мемлекеттік билігі, халық алдындағы міндеттері басынан асатын, қажет болған жағдайда Құрылтайға қоғамдық жауапкершілігін ел алдында бағалату мақсатында шақырылып, сөзін айтуға мүмкіндігі бар министрлер, оларға теңестірілгендер не үшін ең жоғарғы қоғамдық ұйымның мүшесі болуы керек? Олар ертедегідей әр өңірдің төрелері, сұлтандары мен билері емес қой? Ертедегі көшпенді феодализм тұсындағы мемлекеттік басқарудың бір тетігі болған Құрылтай мен бүгінгі күннің демократиялық мемлекетінің Құрылтайы дәстүрдің метаморфозалық жалғасының бір белгісі деп түсінеміз. Тарихи дәстүрден келіп жеткен халықпен идеологиялық қарым-қатынастың түрі, қоғамдық оптимизмді өрлетудің бір сара жолы деп ойлаймыз. Сонда ғана Құрылтайымыз қазіргі іс-қимылдағы Президентіміздің халықтан шыққан кеңесшісі және ұлт идеологиясын азаматтарымыздың санасына сіңірудің әрекеті дейміз.
Жоғарыда айтылған Жолдау тақырыбында бірінші аталған мақсат – «Құқтық тәртіп». Ол – рас. Осы үш басты әрі шешуші, мақсаттың бәрі бірі- бірімен ажыраспас байланыста ғана қол жететін дүние екені де рас. Сондықтан да қоғамдағы әр жанның санасын еріксіз тітіркендіретін оң сезіммен (не теріс сезіммен, пессимизммен) отимизмге бірінші көңіл бөлдік.
Ал, енді «Құқықтық тәртіпке» келетін болсақ, мұнсыз идеологиямыздың алға қойған сүбелі мақсаты – өркениетті қоғамға жете алмаймыз. Бұл ойды терең зерттеп, пікір таластырып жату – артық. Бүгінгі әлемдегі біз үлгілілігі жоғары, шаруашылығы өркенді, ғылымпаз, бірлігі жарасқан деп мақтайтын елдердің барлығының құқықтық тәртібі үйренерліктей.
Бұл проблемада да «жаңа тәртіпке» бет бұрып, өтпелі кезеңді басымыздан өткізе бастағанымызға 30 жылдан асыпты. Бәріміз көп есітіп жүрген Оңтүстік Шығыс Азияның уақтысында бұрынғы елімізден (кеңестік) әлдеқайда артта қалып кеткен «Барыстары» егемендігі бұйырғаннан соң 20-25 жыл өткеннен-ақ, әлеуметтік-экономикалық өрлеуімен бүткіл әлемді таңдандырған болатын. Өкінішке орай, біз жеріміз бен табиғи байлығымыз, өндірістік тәжірибеміз бен білімділігіміз, седентеризациядан өткен тәжірибеміз бола тұра әлі өтпеліліктен өте алмай еңбектеудеміз.
Мұндай жағдайды ескере алмауымыздың көзге ұрып тұрған бір себебі қоғамдық санамызды үлкен аумақта ұрлық, жемқорлық дейтін мерездерге алдырып қойғанымыздан деп ойлаймыз. Бұл мерез бұрын да болатын. Тек төмендеу деңгейде. «Дамыған социализм» жүйесінен құтылудың бір себебі де сол мерезден аластау деп ұрандатқан едік. Ол үшін әрине құқықтық тәртіп ауадай қажет екеніне Құдайдай сендік. Сөйтсек, біреулерге қажет, біреулерге сөз жүзінде болмаса, тіптен қажет емес екен.
Жаңа заманымыз, жаңа жүйеміз өз тіршілігін бастағаннан-ақ онсыз да тамыры өткеннің тереңіне сіңген аталмыш қоғамдық мерездерімізді аямай жоюдың орнына айналамызға «гумандымыз» деп қойып, жайбарақат қарадық. Әрине, бұл жерде сол кездегі биліктің де, халықтың да тарапынан егемендік пен тәуелсіздіктің алғашқы сәттеріндегі эйфория сезімі де үлкен әсер етті. Сол себепті «еркіндік өмір» басталғаннан әлі де «жаңа идеология», «жаңа құқықтық тәртіп» дегенді сана толыққанды қабылдамай тұрып, көптеген білгірлердің тарапынан «ата-баба жолы», «этнотәрбие», тағысын сол сияқты құндылықтар ұрандатылды. Әрине, жалпы түсініктерге негізделген, ешкімді іс жүзінде ешнәрсеге заңды түрде міндеттемейтін ұран мазмұнды дүние «қарабүдінге» құқықтық тәртібіңнен, нарықтық экономикаңнан әлдеқайда түсінікті болатын.
Тура осындай тек мазмұны басқаша негізделген, құқықтық тәртіп тәрбиесін қорықпаса аузына да алмайтын, жаратқанның жердегі «көлеңкесінен» басқаны мойындамайтын, «ұлттық тәрбие», «этнодан» сәл ғана кейін, коммунистік тәрбиенің өздеріне қауіпті бұлты сейілген соң көп кешікпей тағы біреуі жетіп келді. Тіптен, өзіміздің ғасырлар бойы діни дәстүрімізге айналған сенімімізді басып тастауға да әрекеттенді. Ал, айтып отырған «діни дәстүріміз» шеттен келген бақи дүниеде жұмаққа «жолдама» беретін, айтқанға көнбесең тозақ отына шыжғыртатындармен идеялық күрес жүргізудің орнына Ата дінімізді өз пайдасына «конторлары» мешіттерде орналасқан діни бизнеске айналдырып жіберген сияқты. «Жалған дүниеде» еңбегімен және ақыл-ойымен, аз да болса білімімен өзін қанағаттандыратын тіршілікке жете алмағандардың әжептеуір бөлігі қазір де «73 хордың қызы мен шарап өзенінен, ыстық құмдағы жапырағы жалпақ талдың саясынан» үміттеніп жүр. Бұл идеологиялық қауіп те әлі сейілген жоқ…
Міне, біздің жекелеген пікірімізше, осындай әлеуметтік-психологиялық ерекшелік аяқтан тартқан жағдайда мемлекеттегі жоғарғы басшымыз нұсқаған аталған бағдарларды барша көзіқарақты, әлемнің алға дамуынан түсінігі бар азаматтар болып, құқықтық тәртіппен, қоғамдық оптимизммен, туған еліміздің экономикалық өрлеуін сөзсіз қамтамасыз етуіміз керек. Бұл күндері де қоғамдық пікірге көз тастасақ, өкінішке орай, мұндай ұсыныстарға көндіксіз қарайтын топтар болып тұр. Біреулері, біздіңше «адасқандар», басқа біреулері сең қозғалып, бұрынғыдай жеңіл табыс табу қиындап, өздерінің «бақытты болашақтарына» күмәнданып, бірақ оған көнгісі келмей, жаулықпен қарайтындар. Демек, өркениеттікке жету, осы мақаланың арқауы болған мәселелерге қол жеткізу, басқа үлгілі елдер міндетті түрде шешкен этатизм, лаицизм, секурялизацияны орындау үшін қоғамдық, ұлттық күрес әлі алда деген сөз.
Кейде қоғамдық пікір арасында, студент жастардың сұрақтарында, Батыстың, Оңтүстік Шығыс Азияның «Барыстары» деп аталған елдерінде шынымен-ақ құқықтық тәртіптің салтанат құруына байланысты қылмыс атаулы атымен жоқ па дейтіндер де болды. Оларда да қылмыс бар. Бүткіл бір мемлекетте бұл «жарықтықтың» атымен болмауы мүмкін емес. Ол – қазіргі хомосапиенстің табиғатына, психологиясына, тіршілік философиясындағы қарама-қайшылық заңдарына байланысты мұндай жағымсыздық фактілері кездесетін болар? Тек біріншіден, бізбен және біз сияқтылармен салыстырғанда өте төмен дәрежеде деп ойлаймыз. Сондықтан да екіншіден, өркениетті қоғамда да құқықтық тәртіп талаптарын сақтамау істері қандай дәрежедегі болса да қабылданған заңды шаралар арқылы міндетті түрде өз шешімімін табатынын білеміз. Міне, қоғамдағы «құқықтық тәртіптің» негізгі белгісі біздің пайымдауымыз бойынша осы деп ойлаймыз. Осындай құқықтық тәртіп пен қоғамдық қатынас салтанат құрған мемлекетте тұрғындар арасында «қоғамдық оптимизм» де өз орнын иеленеді. Аталмыш екі негізгі әлеуметтік ұстынға сүйенген елде ғана экономикалық өрлеуге жол ашылады.
Әзірге мемлекеттік идеологиямыздың, экономикалық саясатымыздың және әлеуметтік жаңаруымыздың оптимистік саңылауы болған қазіргі Президентіміздің «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы мен соңғы сәттердегі сөздеріндегі азаматтарымыздың әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыруға, қиындықтарға мойымауға шақырғанын қолдауымыз керек. Елдегі бұрыннын жеткен, қазір де тамырын оңайлықпен бермей отырған, алуан түрлі, жан-жақтанған, өте келеңсіз, ұлттың да әбиіріне көлеңке түсіріп отырған ауру-мерездерді бәріміз білеміз. Оны тізіп жатудың қажеті шамалы деп білеміз. Тележаңалықтар мен әлеуметтік желілерден-ақ артылмайды. Тура осы ақпараттардан-ақ ұсталғандар мен қамалғандардың аз емес екені көзге ұрып тұр. Әрі қарай да осындай жаулығы сыртқылардан да қауіпті, ішкі ұлт жауларына қарсы заңды күрес ізгі мақсатқа қол жеткенше жалғаса береді деп ойлаймыз.
Соңында тағы да айта кететін көңіл көпшітетін үміт – экономикалық өрлеуге бағышталған оң өзгерістер. Бұл да – кейінгі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында көлемін арттырып, мазмұн-нәтижесін кеңейтіп, жұртшылықтағы пейілі ақ, ниеті таза жандардың оптимистік көңіл-күйіне оң әсер етіп жатқан қоғамдық өзгерістердің бастауы.
Құрметті оқырмандар, бәріміз де қиын күндер артта қалатынына, жақсылығы мол күндер жаңылыспай алдымызда келе жатқанына сенейік!

Сапарбек САХОВ,
Оңтүстік Қазақстан медициналық
академиясының доценті,
тарих ғылымының кандидаты.
Ақмарал БЕККУЛОВА,
аға оқытушы, магистр.
Ақмарал ИБРАИМОВА,
аға оқытушы, магистр.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *