ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Билік
3 326 Views

«Тек қана ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін».

В. А. Сухомлинский

«Отан отбасынан басталады», – десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ананың құрсағына шарана бітсе, ол қашан дүниеге келгенше «іштегі шарана ұл ма әлде қыз ба» деп уайымдайтын болған. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі – соңында келіп әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ.

Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.

Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Сондықтан да бүгін жалпы берілетін тәрбиенің ішінен қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алғандығы негізгі мақсатым: адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы қыздарымызды тәрбиелеп шығару.

 Мектеп өмірінде өнегелі істер мен сыпайылық қарым-қатынасқа тәрбиеленетін қыздар ертең еңбек еткенде жақсы жақтарымен көпшілік құрметіне бөленері сөзсіз. Қыздардың бірі – жаңа буырқанған бұлақ болса, екіншісі ағысы қатты арналы өзен, бірі момын жуас болса, енді бірі өткір де өжет жаратылған. Мектептегі қыздардың даму ерекшеліктерін ескере отырып яғни физиологиялық және психологиялық жағынан басшылыққа алып жүргізілетін тәрбие жұмыстары өз нәтижесін бермей қоймайды. Бастауыш сыныптан қыз баланы ұқыптылыққа, тәртіптілікке, тазалыққа,үлкенді сыйлауға, достарын құрметтеуге, ортада өзін өзі ұстауға тәрбиелесе, 5-8 сынып қыздарына осы тәрбиені кеңейтілген түрде жалғастырады. Үнемі тиянақты жүргізілген жұмыс қыздардың мінезіндегі тұрақтылықты қалыптастырады. Инабаттылық пен ізеттілік, мәдениеттілікке тәрбиелеу қажеттілігі қазіргі кезде үлкен орын алып отыр. 9-11 сынып қыздарына қоғамның белсенді мүшесі екенін ұғындыру,адал достықты, таза махаббатты қастерлеуге тәрбиелеу. Сонымен бірге өнерге, мәдениеттілікке, ұлттың құндылықтарын ұстана білуге, отбасының негізгі ұйытқысы болуға тәрбиелей отырып, ықпал ету. Өз көзқарасын адами тұрғыдан қалыптастыру арқылы, қазақ қызына тән мейрімділікті, ізеттілікті ұғындыру. Олар бір ұлттың мақтанышы және болашақта алдарында үлкен жауапкершілік тұрғанын санасына құя отырып, білікті, білімді, жан-жақты қыз баланы тәрбиелеуіміз – біздер үшін басты мақсат.

Қыздар ережесі:

– Қысқаша амандасу рәсімін орындау;

– Орынсыз еліктеп әлем-жәлем киініп еліктемеу;

– Әдепсіздік пен азғындық жолға түспеу;

– Әр қадамын ойланып басу;

– Ұстамдылықпен болашақ жарын таңдау;

– Спиртті ішімдік пен темекі шегуден аулақ болу;

– Әйел адамға тән өнердің бәрін меңгеруге ұмтылу;

– Үй шаруасын меңгеру;

– Жалқау болмау, өсек айтпау;

– Ұлдар мен ер азаматтар тәрбиесінде қыз балалардың рөлінің орны ерекше екенін, ықпалы бар екендігін сезіну;

– Үлкендердің алдын кесіп өтпеу;

Қай кезде де қыз бала тәрбиесі қоғамда үлкен орын алады.Бірақ бүгінгідей аласапыран кезде қыздарды жан-жақты тәрбиелеу – уақыт күттірмейтін мәселе. Әрбір қалыңдық – болашақ ана! Ол өз өмірінің жалғасын, ертеңгі елді құрайтын және соған ие болатын ұрпақты өмірге әкеледі. Ол ұлттың анасы, сондықтан біздің келешек ұрпағымыздың дұрыс тәрбие алуы, қазіргі қыздарымыз – ертеңгі аналарда.      

«Жігітті тәрбиелеген әскерді тәрбиелейді, қызды тәрбиелеген ұлттың анасын тәрбиелейді » деген дана халқымыз. Халықтың арманы, рухы, жаны, тарихы, үміті болып табылатын тілді «ана тілі » деп атау тегін емес. Өйткені – ұлттық тіл арқылы, дәстүр, тарих, әдебиет пен мәдениет жас ұрпақ бойына ана сүтімен дариды деген сөз. Қыз баланың сырт пішіні, киім сәні, жүріс-тұрысы, салғырт қарауы да келіспейді. Бұл оның тәрбиесінің жетімсіздігінің, мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейрімділікке, төзімділікке, шынайылыққа, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелесек, онда нұр үстіне нұр болар еді. Біз ата-ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан үйренген халықпыз. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Қыз ақылды ескермес – ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес – әке үлгісін көрмесе». Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсіну келешек ұрпаққа мирас ету – бүгінгі күнде ауадай қажет нәрсе.         

«Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен, не болмаса «Қызды қырық үйден тыюмен» ғана шектелмейді, мәселе орнымен ақылды ұсынып, үлгі-өнеге көрсете білуде. Қыз баланың бойына көрегендік, ізеттілік нәресте кезінен ана сүтімен бойына сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкен жолын кеспеу, ыдыс-аяқты сылдырлатпау, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмау, кесені төмен қарап ұсыну, үнемі ибалы болу – оның үлкен жауапкершілігін сездіреді.                                        

Қыз баланы құрметтеуге, олардың алдында дөрекі сөйлемеуге, жақсы нәрсені қызға деп арнау – ежелгі дәстүр. Қызды қонақ деп жоғарыға отырғызу да үлкен рөл атқарады. Қыздарды еркелетіп жеңгелері ат қойған. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» деп қызды гүлге теңеген. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал да осыдан шыққан.

«Қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана уақыт өте келе дәрежесі зор «әжеге »айналады. Осы үшеуінен сатылай келе ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге»деп қараған халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың жауапты ісі болып саналған. Қыз бала тәрбиесі ата-аналарға үлкен сын болған. «Анасын көріп қызын ал», – деген сөз де бекерге айтылмаған. Қыз баланы көрпе тігуге, құрақ құрауға да, дәмді ас пісіруге де тәрбиелеген. Осылай еңбекке тәрбиелеу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып психологиялық жағынан даярлай бастаған. Қыздарымызға дұрыс тәрбие беріп, болашағына дұрыс ат салысайық.

Мереке ТОҚБЕРГЕНОВА,

Ж. Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қазақ тілі мен әдебиетпән мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *