ҮШБҰРЫШ ХАТ. КӨК АСПАН. ОРЫНДАЛҒАН АМАНАТ

Уақыт
110 Views

І.

Әуезді көп жылдан бері танимын. Жақсы білемін деп те айтуыма болатын сияқты. Себебі қандай адам екені сырт көзге де бір қарағаннан көрініп тұрады. Қалтарыс-бұлтарыстары аз, бетіне көп жапсырмайды, жүзін маскамен көлегейлемейді. Әукеңде ондай-ондай қажеттілік жоқ та. Жалпы алғанда өз заманының, өз уақытының перзенті. Оны қалыптастырған өз ортасы бар. Тағдыр, жазмышын да ескеру керек шығар, сірә.
Бір көргеннен жатсынбай, жақын тартып кеткенімнің бір себебі оның болмысы Ділдабек, Сахыбек ағаларыма ұқсайтын да сияқты. Замандас болғандықтан, сұрапыл соғыстың ауыртпалығын арқаларымен сезінгендіктен, қаршадайларынан қара жұмысқа жегілгендіктен шығар. Дегенмен, айталық, Ділдабектен Әуез, Әуезден Ділдабек жасай алмайсың. Ал мен сияқты бірнеше адамнан бір Әуезді «құрастыру» қиынға түсері анық. Біздің заманымыз – бір социализм қоғамы дегенмен, уақытымыз бөлектеу. Тағдырымыз басқаша.
Айтпақшы, тағдыр демекші, әр адам өз өмірінің қожасы болуға тиіс. Басқаша айтқанда, әркімнің тағдыры – өз қолында. Бірақ, өкінішке қарай, тағдырыңа сырт адамдардың араласуы жиі кездесіп жатады. Ол да ештеңе емес-ау, қажет болғанда ондайларға қарсы тұрып, өз бақытыңды қорғап та қалуға болады. Ең сорақысы, азаматтардың жеке өміріне мемлекеттік машинаның, яғни биліктің араласуы болып табылады. Ондай килігуге бірлі-жарымдар түгілі, тұтастай бүтін ұлттардың өзі қарсы тұра алмай, ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтың күйін кешіп кетеді. Кезінде мыңдаған Әуездердің құқына оларды қорғауға тиіс мемлекеттің өзі қол салды. «СССР» деп аталатын алып мемлекет – қызыл империя сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде «адамдар тағдыры» деген мәселеге бас қатырған жоқ, белден басты, халықты қуғын-сүргінге салды, аштыққа ұрындырды, соғысқа килікті.
1941-1945 жылдарғы соғыс өрті алыстағы Арыс қаласында дүние есігін ашқанына алты-ақ ай өткен Әуезді де шарпыды. Әкесі Мәдіхан алдыңғы лекте майданға аттанды. Бесіктен белі шықпаған ұлын – Әуезін әйеліне аманат етіп, қан майданға кете барды. Оқыған, сауатты адам еді. Ешкімге жамандығы жоқ-ты. Бірақ оқ адам таңдамайды екен. Ұзамай Мәдіхан атты қазақ солдатының үйіне оның майдан даласындағы кезекті бір ұрыстан соң хабар-ошарсыз кеткені туралы бір жапырақ қағаз келді. Арыстай азаматтан қалғаны осы және бір-екі үшбұрыш хат қана.
Мемлекет араласпаса, соғыс өрті тұтанбаса, тепсе темір үзетін шағында Мәдіхан хабар-ошарсыз кететін адам ба? Соғыс болмағанда алты айлық Әуез жетім қалар ма еді?
Құдай енді адамзат басына салмасын ондай алапатты. «Мың өліп, мың тірілген қазақ» бұл нәубеттен құр сүлдері шықты-ау әйтеуір. Аман шықты деу қиын. Ең таңдаулы жүз мыңдаған жігіттер сол қанды қырғында опат болды. Әдеттегідей жүзден аса ұлттың ішінен қазақ көп зардап шекті басқаларға қарағанда.
«Орнында бар оңалар» деген рас екен. Соғыс біткен соң қазақ қайта жандана бастады: келін түсірді, қыз ұзатты, шілдехана тойы көбейді. Бірақ, бірақ… ортасына түскен мыңдаған шаңырақтың оты біржола өшті.
Мыңдаған жесірлер бір бала, екі баланы құшақтап қалды.
Мыңдаған Әуездердің басынан сипар, еркелетер әкесі болған жоқ. Әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білген аналар оларды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» өсірді. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай. Әйтпесе…
Әуез өз құрдастары сияқты жақсы оқыды, үлкенді құрметтеп, кішіге ілтипат көрсетті. Тәртіпті және қара жұмысқа да бейім еді. Жалпы соғыстың алды-артында дүние есігін ашқан ұрпақтың бір ерекшелігі де осында болатын. Әрине, бұл жалпылама қасиеттер. Сол тұста үлкен өмірге қадам басқан мыңдаған ұл-қыздарға ортақ. Ал жеке алып қарағанда, екі-үш адамнан ғана тұратын шағын отбасында ержеткен олардың қайсарлықтары да бір бастарына жетерлік. Бас шұлғып тұрып та ешкімнің айдауына жүріп, жетегіне ермейді. Қысылтаяң шақтардан «мақұлмен-ақ» құтылып кетеді. Бұл ұрпақ өкілдері сондай-ақ тәуекелшіл де. «Нар тәуекелге» басатын батырлықтары да бар.
Мектеп табалдырығын аттап, оң-солын танып, жазып-сызуды үйренген соң, бәлкім, есейген шығар, бала әкесін іздеп, алаңдай бастады. Оңашада әкесінің суретіне қарап, үшбұрыш хат пен «қара қағазды» оқиды. Әсіресе қанша оқыса да хабар-ошарсыз кетті дегенді түсінбей-ақ қойды. Сол хатты кейде кітабының ішіне салатын әдет болған. Кейде сабақ үстінде, көңілі өз-өзінен алабұртып, қасындағы балаларды да, мұғалімді де, бәрін-бәрін ұмытып, қиялға беріліп кетеді…
Темір жолдың бойымен бара жатып, танк, зеңбірек артқан, солдаттар мінген пойыздарды да көріп қалушы еді. «Соғыстан қайтқандар» деп ойлайтын. Әкесі есіне түсетін. Бүгін де қиялға беріліп, сондай пойыздың бірінде әкесі келе жатқаны көз алдына елестеп кетті…
Қалай орнынан тұрып, сыртқа жүгіре жөнелгені есінде жоқ. Тәртіпті оқушысының оқыс қылығына таңданған ағайы артына еріп шыққан. Ұзап кеткенде әрең қуып жетті. Ұрысқан да жоқ. Ештеңе сұрамады да. Баланың басынан сипап, үнсіз тұрып қалды.
Әлден соң екеуі үн-түнсіз сынып бөлмесіне келіп кірді. Ұзамай қоңырау шырылдады. Балалар орындарынан дүр көтеріліп, далаға жүгірген. Ағай асықпады. Партадан тұра қоймаған Әуездің жанына келді.
– Хатты маған берші, – деді жайымен.
– Ағай, айтыңызшы, – деді Әуез де ашылып. – «Без вести пропал» деген не? Менің көкем…
Ағай қара қағазды асықпай, шұқшия оқыды. Сосын күрсінді. Біраз әңгіме айтты. Ойын жеткізе алмаған сияқты. Ақырында:
– Ержеткен соң бәрін де түсінесің, – деді. – Жақсы оқы. Апаңды ренжітпе. Көкең де соны қалайды.
Ылғи сабақ сұрайтын, тапсырма беретін, ақыл айтып-ұрсатын, бұларды баласынатын ағайының өзімен тең сөйлескені таңдандырды. Қатал ағайының дауысындағы діріл, көзінің жасаурағаны ерекше әсер етті. Есейе түсті.

ІІ.

Арыстың, жалпы темір жолдың бойында өскен балалар пысықтау, еті тірі болады. Әуез мектеп бітірерде «Қайда барамын? Не істеймін?» деп, апасының басын қатырған жоқ. Бірден Алматыға баратынын айтты. Апасы бір қозылы қойын сатып, ақшасын қалтасына салып берді де, ақ жол тілеп қала берді.
Ол кездегі, соғыстан кейінгі Алматы қазіргідей емес, басқаша ғой. Әуездерді құшақ жая қарсы алды. Талапты, ынталы ұл-қыздардың ешқайсысының да кеудесінен итерген жоқ. Арыс ұланы өз күшімен Қазақ политехникалық институтының студенті атанды. Енді оңтүстікке қарай ұшқалы тұрған. Деканатқа шақырды. Сонау Киев қаласындағы авиация институтынан арнайы келген өкілдер бұны оқуға шақырды. Авиация қай бозбаланың да арманы еді ғой ол кезде. Әуез келісімін берді. Сөйтіп Киевтен бір-ақ шықты.
Сонау Украинадан келіп, қазақ ұлдарын бірегей институтқа оқуға қабылдау, біріншіден, әділет нышаны екені талассыз. Екіншіден, Ұлы Отан соғысынан кейінгі алғашқы он-он бес жылда алып одақтың Еуропа тарабы демографиялық құлдырауды тоқтата қойған жоқ-ты. Үшіншіден, ең бастысы, қазақ ұл-қыздарының авиация саласына лайықты, яғни батыл әрі қабілетті екенін мамандар мойындаған тұс еді ол…
Жалғыз ұлын Алматыға, шығысқа қарай аттандырғанда апасы қиналған жоқ еді. Батысқа жол тартатын пойызға мінгізерде жанын қоярға жер таппай, қатты қиналды. Оны Әуез де түсініп тұр…
Бір кезде әкесі осы жолмен соғысқа аттанған.
Міне, енді артында қалған жалғыз тұяғы ат жалын тартып мініп, дәл сол бағытта, сол жолмен оқуға бара жатыр.
Институтта оқу қиынға түскен жоқ. Орыс тілін де тез игеріп алды.
Бір жылға таяу уақыттан соң Арыстың күнге күйген бидай өңді жас жігіті аппақ болып, әр бозбаланың арманы болған авиация формасымен оралғанда оны көпшілік танымай да қалды.
Бұл каникулға келгенде Шымкенттегі институттарда қабылдау емтиханы жүріп жатқан достарын іздеді. Әркім әр жақта екен. Бірі – студент. Бірі – жұмысшы. Бір жолдасы «медициналық тексеруден өте алмаймын ба?» деп, құжат өткізбепті.
– Оқымасаң болмайды ғой, – деді Әуез жұлып алғандай.
– Медкомиссия ше? – деді ол.
– Сенің орныңа мен өтейін.
Ел көріп, жер танып, ерте есейген Әуез досымен бірге Шымкентке келді. Ебін тауып, досының орнына сарапшы дәрігерлер алдына барды. Опыр-топырда бұлардың «кішкентай қулығын» ешкім аңғармады да. Авиацияға жараған денсаулық институттың талабына жауап бермесін бе? Зу етіп өте шықты. Сосын досының орнына орыс тілінен емтихан тапсырып шықты.
Досы өзі қалаған институттың студенті атанды.
Екі достың бұл әрекетін үлгі етіп ұсынуға болмайды, әрине. Бірақ кінәлау да қиын. Өйткені сол кездің өзінде Шымкенттің жоғары оқу орындарын тамыр-таныстық жайлай бастаған. Әуездің досы оқуға көнбегенде оның орнына таныстықпен бір шаласауаттының тұмсық іліндірері анық-ты. Ал әлгі Әуездің досымен кейін мен де таныс-біліс болдым. Институттың мақтана айтып жүретін түлектерінің қатарынан орын алды ол.
Иә, соғыс жетімдері бірі үшін бірі тәуекел тірлікке бара беретін-ді.
Қазір ойлап қарасам, қалай дегенде де Әуездердің кезінде, яғни елуінші жылдардың аяғына қарай жоғары оқу орындарында әділет өз позициясын бермеген екен.
Иә, тағдыр деген қызық. Ол әр адамға мүмкіндіктер беріп отырады. Бірақ билік соны да көп көрді емес пе. Табиғаттың сан түрлі бояуларындай бір-біріне ұқсамайтын жастарды бір ғана қоңыр, сұр бояулармен әрлеп, бір қалыпқа салып, «совет адамын» жасап шығаруға күш салды. Белгілі бір дәрежеде солай болған шығар. Ал шын мәнінде Әуездер Әуез күйінде, Құндыздар Құндыз қалпында қалды. Мықтылар қай заманда да болған, бола да береді. Айталық, сол бір соғыстан кейінгі демографиялық дүмпу кезінде Совет одағы қазақ жастарын мал бағуға көптеп жіберуді ойластырды, оқуға түсуге қабат-қабат кедергілер қойды. Солай бола тұра мектеп бітіре сала өз күшімен «студент» атанғандар да аз емес-ті. Солардың бірі, мысалы, Құндыз да, тағы бірі Есенкүл еді. Екеуі де бірінен кейін екінші Қазақстандағы ең беделді оқу орны, қара шаңырақ саналатын Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Бірді айтып, бірге кетіп барады екенбіз, бұл кезде, яғни 1966 жылы Әуез Мәдіханов Киев авиация институтын ойдағыдай бітіріп келіп, Шымкент аэропортында жұмыс істеп жүрген…

ІІІ.

Құндыздардың қалыптасу кезеңі «дамыған социализм» жылдарына тура келді. Осы тұста алып, мызғымас одақтың билігін тұтастай қолына жинақтаған Н.С.Хрущев өз еңбектерінде «коммунизм» ұғымын жиі қолдана бастады. Ол «Коммунизм таудың арғы жағында емес», яғни қол созымда деген ұғымды халық санасына сіңірді. Совет халқы коммунизмде өмір сүруге дағдылана бастауы керек болды. Бас хатшының түсінігінше, коммунизмде өмір сүретіндер үшін дүние жинаудың, үлкен үй салудың қажеті жоқ. Шынында да сол тұста қазақтар нан жабуды ұмыта бастады (Әлі еске түсіре алмай келе жатыр емес пе). Жұрт асханалардан тамақ ішіп, кинотеатрлар мен парктерде қызыққа қарқ болып, үйлеріне ұйықтау үшін ғана баруы тиіс еді. Осы бағытта кәдімгідей жоспарлы жұмыс жүрді. Алматыда, мысалы, «спальный район» деген атпен шағын аудандар салынды. Ол бір тұрмысқа қолайсыз қорапша үйлер еді, оларды көпшілік «хрущевка» деп атайтын. Ауылдағы қазақтардың да екі өкпесі сығыла бастады. Әр отбасына 1 сиыр, 5 қойдан артық мал ұстауға тыйым салынды. Міне, дәл осы тұста, шамасы, малсақ қазақ төрт түліктен қол үзе бастады (әлі табыса алмай келеді). Жағдай осындай болған соң қазақтың тұрмысы қалай көтерілсін? Қазіргідей күнде бірнеше тойға бару жоқ, туысқандардың бір-бірімен араласуға мұршалары аз. Жұмыс. Жұмыс. Жұмыс. Бірақ, қазақ қазақтығын мүлде жоғалтсын ба? Аралас-құралассыз емес, тыйым салынса да көкпарын қоймады, ретін тауып той да жасап жатты.
Құндыз есейіп қалған шағында, жоғары сыныпта оқып жүргенде нағашы ата-әжесіне келгені бар. Мен ол кезде үйде байласа тұрмаймын. Құндызбен нағашылы-жиен сияқты сөйлеспедік те. Оны қайдам, мен нағыз кісікиікпін. Дегенмен бір нәрсе есімде қалыпты. Мен таңертең кетіп бара жатқанда қолына кітап алып, оқуға кіріскен оны кешке келгенімде дәл сол қалпында көрдім. Кітапқұмар екен. Оны басқалар да байқапты. Көршіміз ақын Нармахан Бегәлиев сол тұста ауылдағы ең кітапқұмардың өзі-тін. Кейін көпке дейін Құндыздың күні бойы алма көлеңкесінде кітап оқығанын таңдана айтып жүрді… Оқулықтардан гөрі су жағалап, тоғай аралап, доп қуғанды ұнататын біз университетке әрең түскенде Құндыздың бірден жолы бола кетуінің сыры, әрине, осында – кітапты көп оқуында жатыр.
1966 жылы Айнакүлдің еркесі Құндыз сұлу Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсті. Осы арада бір қызық жайды айта кеткен жөн болар. Сол кезде (қазіргі күнде де) математика, химия, физика мамандықтары бойынша оқуға таныспен түсу фактісі жоқ есепті болатын. Талапкерлер бұл қиын пәндерден қашып жүретін, өзіне-өзі сенімділері болмаса, құжат өткізбейтін. Тамыр-таныстық, сыбайластық әсіресе заңгер, филолог, тарихшы мамандықтары төңірегінде көп шоғырланатын-ды. Осыған орай бір қызық жайға тап болғаным бар. Тоқсаныншы жылдары Алматыда атақты ғалымдардың өмірбаяны топтастырылған энциклопедия іспетті кітапқа редакторлық еттім. Ылғи ғылым докторлары өз өмірбаяндарын негізінен өздері жазып тапсырған екен. Соларды оқып отырғанда әдебиетші докторлардан гөрі математик-физик ғалымдардың сауаттырақ жазатынын көріп таңдандым. Ойлап отырсам, бұл сол баяғы оқуға «таныспен түскен» және «өз күшімен түскен» студенттердің өмірдегі шынайы көрінісі болып шықты.
Алматы Құндызды жатырқаған жоқ. Ол да қиналмады. Жатақхана дайын. Бұның үстіне Ленин жолы ауылынан шыққан атақты актер ағасы Сәбит Оразбаевтың үйі бар. 1967 жылы Алматының сұлулары Есенкүлдің келуімен тағы бір жанға көбейген. Ол да университет студенті. Құндыз үшін тете сіңлісінің оқуға түсуі ауыл көшіп келгенмен бірдей еді…
Студенттік қызықты, бақытты күндер жылжып өтіп жатқан. Бірақ Есенкүлге тау ауасы жақпады, ақырында, тіпті Шымкент педагогика институтына ауысуды ойластыра бастады. Осындай оймен елге бару үшін ұшаққа билет те алып қойған. Бірақ табан астында бара алмайтын болып қалды. Енді не істеу керек? Билет күйіп барады.
Осы арада тағдыр туралы тағы да еске алуға тура келеді.
Шымкентке Есенкүлдің орнына Құндыз ұшатын болды. Дәл сол ұшаққа Алматыға іссапармен келген авиация инженері Әуез Мәдіханов та билет алған. Университет студенті мен жас инженер сол ұшақта, заңғар биікте танысып қалды.
Содан кейін бәрі де өте жылдам сырғыды.
Күтпеген жерден студент қыз тұрмысқа шығатынын білдірді. Әкесі Сейіл, анасы Ажар, әсіресе әжесі Айнакүл бұны күтпеген еді.
Егер сол жолы Шымкентке Есенкүлдің өзі ұшқанда ше? Онда, бәлкім, Тәжітаевтар әулетінің маңдайдағы жұлдызы тұрмысқа бірер жыл кештеу шығар еді. Егер Есенкүл пединститутқа оқуға ауыспағанда ше? Онда, бәлкім, Оңалбай Аяшевпен жолдары түйіспес те…
Тағдыр деген осы енді. Кейде қиыспасты қиыстырады, бөлінбесті екі айырады…
Тәжітаев Сейіл төңірегіне топтасқан әулетке Әуез күйеу бала болып келгенде бұл отбасы өзінің дәуірлеу кезеңіне қадам басқан-ды. Ол, бейнелеп айтқанда, көктемгі көлдей толықсып жатқан. Тұңғыш күйеу бала сол көлдің бір құлақ суын ала қашқан бұлақ болған жоқ. Керісінше сол шалқарға келіп қосылған бір мөлдір бұлақ іспетті еді ол. Себебі тұрмысқа шыққан Құндыз отбасынан жат жұрттық болып жаратылған көптеген замандастары сияқты қара шаңырақтан қол үзбеді. Үлкен отбасының белгілі әулет ретінде қалыптасып-танылуына жолдасы екеуі үлес қосты. Бұдан Әуез де ұтылмады. Кешегі солдаттан қалған жалғыз тұяқ өсіп-өнді. Алға жүгіріп айтар болсақ, ұл-қыз, немерелер сүйді.
Айтпақшы, әуелгіде, сөз басында Әукең туралы сөз бастағанда оны Ділдабек, Сахыбек ағаларыма ұқсаттым. Ашық, қалтарыс-бұлтарыстары жоқ деп те тұспалдадым. Сол пікірдемін. Әйткенмен, тереңірек үңілсем, басқашалау көрінеді ол. Кейде сырт көздің өзі бәрін байқай бермейді емес пе. Ойланыңқырап қарасам, бұ кісінің мінез-құлқы, болмысы, жалпы жаратылысы менің бір танысыма ұқсап та кетті. Қазақтың біртуар азаматы, сыншы, ғалым Зейнолла Серікқалиев та бауырмал, жұмсақ мінезді еді. Жұрттың бәрімен танысындай, таныстарымен екі туып, бір қалғанында жақын тарта амандасатын. Жиын-жиналыстарда, т.б. жағдайларда біреулер ашуға мініп, мінбені сықырлата, тістерін қышырлата шыққанда ол кіші қалпынан аспайтын. «Жуас түйе» болып көрінетін. Бірақ кейде болмашыға көтеріліп кетсе, басылуы, сабасына түсуі қиын-ды. Әукеңде осы мінез бар деп шегелей алмаймын. Ал екеуінің ұқсайтыны анық.
Қазақ деген қызық халық қой. Күрделі жұрт. Мінез-құлқы да сан қилы. Бір қалыпқа сыймайды. Басқалар басқашалау сияқты. Бір халық саудаға жақын. Екіншісі жер өңдеуге бейім. Қазақ бір нәрсеге қата жабыспайды. Оны малшы деу қиын. Диқандықтан құралақан емес. Жалпы алғанша үш жүздің бейімделген салалары бар. «Ұлы жүзді малға қой» дегендей. «Бұл, әрине, шартты ұғым. Ұлы жүздің Шапырашты сияқты жауынгер рулары бар. Момын деген рулардың ішінде шаруадан гөрі қаруға бейім аталар болады… Қазақтың үз жүзге кірмейтін рулары ше? Төре. Қожа. Төлеңгіт. Әукең, міне, осы Төлеңгітке жатады.
Төлеңгіттер ғасырлар бойы қару асынған, тәртіпке үйренген, ұйымшыл, жауынгер топ. Қазір заман басқа. Дегенмен қанға сіңген қасиеттердің ген арқылы ұрпақтан ұрпаққа көше беретіні белгілі.
Зейнолла Серікқалиев Атырау жақтан еді. Соған қарап кіші жүз өкілі деген сенімде жүрдім. Фамилиясы да соған меңзеп тұр. Осы жақында ғана Төлеңгіт екенін біліп, таң қалдым. Әукең екеуінің ұқсап тұруының себеп-салдарын білдім. Қан деген қайда жатыр? Күйші Дина Нұрпейісова да біздің Әукеңнің әпкесі болып шықты. Ал мынау Созақтан шыққан классик қаламгер Тәкен Әлімқұлов та осы жауынгер рудан екен.
Осы кітаптың бір кейіпкері шежіреші, жазушы Момбек Әбдәкімұлының айтуына қарағанда, ормандай қалың орыстың мақтанына айналған Достоевский, Некрасовтардың аталары – Төлеңгіт. Көрдіңіз бе! Осы арадан қайтайық. Әйтпесе тым ұзаққа кетіп қалуымыз әбден мүмкін.

ІV.

2010 жылы, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 65 жыл толуы қарсаңында Шымкент қаласындағы Абай саябағында ерекше бір ескерткіштер кешені пайда болды. Алғашқыда «Апырай, осындай ескерткіш салу қаншама жылдар бойы қалай ешкімнің ойына келмеген деп те таңдандық. Содан соң «Оңтүстік Қазақстаннан соғысқа аттанған барша 140 мың жауынгер қалай ғана бір ескерткіштің аясына сыйып кеткен?» деп те таңдай қақтық. 140 мың адамның рухы (өлісі бар, тірісі де жоқ емес) Абай саябағында мәңгілікке тоғысты. Соншама жанның, сан ұлт өкілдерінің рухын біріктіре білген қазақы кең пейіл шығар-ау. Басқаларды қайдам, біз бұл мемориалды әлемнің жеті кереметін толықтырған сегізінші ғажайып дер едік. Әлемде, біздің білуімізше, соғыс тақырыбына дәл осындай иманы биік ескерткіш әлі жасалған емес…
Аталған ескерткіш талайды қуантып, талайды жұбатты. Жұрттың баршасын риза етті. Мен өзім де 140 мың жауынгердің арасынан әкемнің фамилиясын көріп, ерекше бір сезімге бөлендім. Ал әкесіз өскен Әуездердің сөзбен айтып жеткізе алмас аласапыран күй кешкені анық. Бірақ…
Арыстан соғысқа аттанғандар арасында қатарынан тізіліп «М.Тәжібаев» деген төрт фамилия тұрды. «Қайсысы Мәдіхан?». Кейде қатал тағдыр, о, жоқ, адамдардың самарқаулығы салдарынан деген дұрыс шығар, 70 жыл күткен әкесімен кездесіп тұрып, қолын қыса алмағандай өкініште болды…
Төрт жауынгердің де аты-жөндерін алақанымен сипап өтті.
Жауынгер ақын Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген өлеңі осындайда ылғи есіме түседі:
Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім…
Иә, Мәдіхан көкеміз де Әуез үшін, біз үшін қолы мен жолын ғана емес, өмірін де қиған ғой.

Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ.
2010 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *