ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСКЕ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ОҚУ ОРДАСЫ ҚАЖЕТ

мәдениет Өнер
255 Views

Бүгінгі қоғамның даму үрдісінде адамдардың сана-сезімі мен психологиясына зерделі көзбен қарай отырып бақыласаңыз басым бөлігінің мәдениеттен алшақтап бара жатқанын аңғару қиын емес. Өз-өзінен «Бұған не себеп?» деген сыңайдағы сұрақтар да санаңды шымшылайды. Жасымыз да, кәріміз де ұялы телефонға шырмалып, соның ғана «әуеніне» төңкерілген заманда еріксіз өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдайсың.

Кеңестік заманды қаншама сын тезіне алғанымызбен де ол дәуірдің өзіндік игі жақтарының болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ең негізгісі адамдардың рухани тұрғыдан кемелденуіне негіз қалайтын – кітапханалар мен мәдениет үйлері, клубтар, тағы басқа да көпшілік орындар үздіксіз жұмыс істеп тұратын. Әдеби кітаптарды кім көп оқыса сол адам білімді, мәдениетті саналатын. Мұнан сол дәуірдегі мемлекеттік құрылым, қоғам ұтылған жоқ. Адамдардың бір-біріне деген сыйластығы артып, Отанға, туған жер мен елге деген сүйіспеншілігі, патриотизмі тым жоғары болатын.

Қойнауы құт пен байлыққа толы республикамызды отыз жылдай басқарғандардың «Әуелі экономика, онан соң саясат пен идеология» деген мүлдем қате «саясаттары» мәдениет саласын да алға жылжытпады. Ал, мәдениет саласы идеологияның негізгі ажырамас бөлігі екені айтпаса да түсінікті. Ұлттық идеология мен мәдениеттен алшақтаған қоғамда адамдардың Отанға, туған елге деген шынайы сезімі әлсіреп, жемқорлық пен сыбайластықтың белең алатынын бәрімізде біліп отырмыз.

Атам қазақ «Ештен кеш жақсы» дейді ғой. Ендеше елімізде мәдениет саласының өрге басуына шынайы қамқорлық, нақты бағдарлама қажет-ақ. «Бәрін кадрлар шешеді» демекші, білікті де білімді мамандар дайындау да кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.

Ал, ілгері оңтүстік өлкеміздегі мәдениет ошақтарына мамандар негізінен Шымкенттегі мәдениет институтында даярланатын. Оның түлектері республикамыздың түкпір-түкпірлерінде нәтижелі еңбек етіп, мәдениет саласының өрге басуына сүбелі үлестерін қосты. Әсіресе мәдениет институтының даңқы аталған саланың шын білгір жанашыры Жүнісбаев Мүтән Жүнісбайұлы ректор болып тұрғанда шартарапқа белгілі болған еді.

Аталған іргелі білім ордасы шалағай шешімнің салдарынан кезінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің қарамағына берілген-ді. Бір сөзбен айтқанда кафедра деңгейінде қалып, мәдениет саласының майталман кадрларын толыққанды даярлауға қауқарсыз болып отыр. Ал, мәдениет институтының ғимараты әу баста аталған салаға аса қажетті мамандар даярлауға ыңғайластырылған болатын. Әлі де солай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, үшінші мегаполисте мәдениет пен өнер оқу ордасын ашу қажет. Себебі еліміз үшін аса қажетті мамандарға білім нәрін беруді, сапалы кадрларды дайындауды жандандырса екен дейміз. Бұл бүгінгі уақыттың да талабы екені даусыз.

Ә. ТІЛЕУБЕКОВ,

ҚР журналистер Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *