Қазақстанда қай өңір сыбайлас жемқорлыққа жайлы екенін білесіз бе? Қалалар бойынша Алматы мен Шымкент, облыстар арасында Алматы және Батыс Қазақстан өткен жылы жемқорлық бойынша алдыңғы орынға шығыпты.
Ал пара алушылар кімдер? «Transparency Kazakhstan» 2019 жыл мен 2021 жылдың 11 айы ішінде сотқа жолданған айыптау қорытындыларының өңірлік динамикасын жасаған екен. Сонда мемлекеттік қызметшілер арасындағы заң бұзушылықтың 35%-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты екеніне көз жеткізген. Ал пара алу бойынша ішкі істер органдарының, әкімдіктердің қызметкерлері, әсіресе әкімдердің қолы таза емес деген қорытындыға келген. Сондай-ақ салық комитетінің қызметкерлері, әскери қызметшілер, қаржы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қылмыстық-атқару жүйесі органдарының қызметкерлері басқа салаларға қарағанда сыбайлас жемқорлық бойынша жиі жауапқа тартылатынын анықтаған.
Тағы бір қызықты мәлімет келтірейік: Қазақстанда жемқорлар өткен жылдың 10 айында 9,3 миллиард теңгені «жеп қойған». Бұл қаржыға 1000 орындық, барлық мүмкіндік пен жағдай жасалған 3 мектеп салуға (былтырғы бағамен есептегенде) болатын еді. Қаңтардан қазанға дейінгі құлқыннан өткен бұл сома шенеуніктердің өз өкілеттіктерін асыра пайдалануының көрсеткіші. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2020 жылға қарағанда былтыр – 2021 жылы жемқорлық 24%-ға өсті дейді. Жемқорлардың құлқынына құйылған сома да аз емес: 2020 жылы мемлекеттің 7,5 миллиард теңгесі жекенің жағдайын жасау үшін жымқырылыпты. Яғни жыл сайын жемқорлық көрсеткіші де, олар жымқырған қаржы да көбейіп келе жатыр деген сөз.
Жалпы, жемқор деген қандай болады өзі? Былай қарасаңыз, «халық қызметшілерінің» бәрінің де жүзінен «нұр төгіліп», отбасының қамынан гөрі жұрттың жайын көбірек ойлайтын жан сияқты көрінеді. Елге қызмет ету дегенде жүрегін жұлып беруге әзір сияқты сөйлейтін жандар арасында жымқырып қалу әдістерін жақсы меңгергендер кімдер?
Тағы да сол жемқорлыққа қарсы майдан ашқан «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының көз жеткізген қорытындысына назар салсақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 83%-ын ер адамдар, 17%-ын әйелдер жасайды екен. «Қолы таза емес» ер адамдардың жас шамасы –18-71 жас аралығын қамтиды. Ал әйелдерде ол 22–62 жас аралығы деп көрсетіліпті.
Мына бір қызық деректі қараңыз: әшкере болған пара беруші немесе алушының 30%-ы бұл қылмысы үшін айыппұл арқалап қана құтылады екен. Ал құрыққа түскен соң қамауға алынып, айдауға алынатындар көбіне орындаушы қызметтегі жандар, екі ортада делдал боламын деп басы дауға қалған «құрбандар» көрінеді. Жоққа шығара алмаймыз: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тамыз айында Шымкент қаласы мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары 80 миллион теңге пара бермек болғанын анықтады. Нақтырақ айтқанда, Агенттік Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларын әшкереледі. Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі пара беру арқылы тоқтатпақ болған. Енді берілетін пара сомасы 80 миллион болғанда, мемлекеттен жымқырылған қаржы қанша екенін пайымдай беріңіз. Міне, осы істе де негізгі жауаптылар сытылып, қармаққа түскендер – орындаушылар, яғни құрбандар екені айтылады. Кім білсін, «халық айтса, қалт айтпайды» деген бар емес пе? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой.
Н. ЕРҒАРА