Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы – қазіргі қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі. Оның «Құс қанаты» деп аталатын әңгімелер жинағы түрік тіліне аударылып, бауырлас ел оқырмандарының қолына жетті.
Бұл жинаққа 20 әңгіме кірген. Кейбір әңгімелері хикаяттың жүгін көтереді. Жалпы алғанда, әңгімелерінде кедейшіліктің азабын тартқан, адал еңбегімен табыс тауып отырған адамдардың тағдыры, интернатта қалып жүріп білім алған балалардың, жастардың қызықты өмірі орын алған. Әңгімелерінің көбінде мектеп жасындағы жас боздақтардың басынан кешкен түрлі оқиғалары баяндалады.
Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы әңгімелерінде сана ағымы әдісін қолданған. Әңгіменің бас кейіпкерлері өз кезеңдерінен балалық шаққа, не жастық жылдарына барып қайтады, содан кейін өз кезеңдеріне қайтып оралады.
Дерлік барлық кейіпкерлері, авторлары Қызыләскерде туып-өскен. Осы тұрғыдан келгенде әңгімелер автордың балалық кездерін, сол кездегі түрлі оқиғаларды арқау етеді.
Сонымен қатар әңгімелерде қисса-дастан, аңыз-әпсана, қаһармандық хикаяларды айтып беріп отыратын кейіпкерлер орын алады. Автор өз әңгімелерінде ұлттық салтты, дәстүрді, мәдениетті арқалаған осындай тұлғаларды мысалы ретінде көрсетеді. «Үрей» атты әңгімесінде аңыз-әпсана айтып отыратын Алмабек дейтін қария – есте қалатын образдардың бірі.
«Сүлде» атты әңгімеде қазіргі таңда да көкейтесті мәселелердің бірі – нашақорлық проблемасы көтерілген. Нашақорлыққа душар болған жандардың тірі өлік іспетті тіршілік етуі бұл мәселенің қаншалықты өміршең екенін көрсетеді. Дәуірдің ең үлкен мәселесі – нашақорлықтың адам өміріне қандай зиян келтіретіні баяндалған. Мәскеулік Владимирдің нашақорлыққа үйреткен қазақ жігітінің аянышты өмірі суреттелген. Әрине, ішкі күрестің арқасында және татар жігіті Рашиттің қолдауының нәтижесінде қазақ жігіті бұл дерттен айығады. Автор ішімдік, темекі, есірткі сынды жағымсыздықтарды «елді ірітіп-шірітетін құрт» ретінде атайды. Сондай-ақ, қазақ жастарын осындай дерттен сақтау керектігін тілге тиек етеді.
«Ақ шымылдық» атты әңгімесі махаббат тақырыбын арқау етеді. Бұл әңгімеде бір-біріне қауыша алмаған Әмір мен Айтолының махаббат хикаясы баяндалады. Әңгімені әңгіме қозғайды демекші, осы жерде автор Серіктастағы Айманкүл мен Серіктің махаббат дастанын, мәңгі сағынышын аңыз арқылы шебер жеткізеді.
«Тұсанның дойбысы» – жинақта орын алған тартымды әңгімелердің бірі. Автор халық әдебиетіндегі элементтерді жиі-жиі қолданып отырады. Тұсанның әкесі «Рүстем дастанын» күніге кешкісін оқиды. Бала Тұсан әлгі дастанды жаттап алады. Қарапайым шопанның баласы Тұсан өте зерек, зерделі, зәки бала. Әңгімеде өмірде барлық нәрсе тағдырмен, тағдырдың адамға берген нәрсесімен қатысы бар екені айтылады. Әрине, өмір баршаға бірдей мүмкіндік бермейді. Ерік-жігерге байланған адам баласы тағдырдың шындығына көне бастайды.
«Бүкіш кемпір» атты әңгімесінде автор Қырмызы дейтін әйелдің ішкі сұлулығы мен сыртқы сұлулығын таразылайды. Нәтижесінде, көпшілік сыртқы сұлулыққа мән берсе, автор ішкі сұлулыққа бет бұрғызады. Ішкі сұлулықты аңғарған адам ғана шынайы махаббатқа қол жеткізеді деп түйіндейді. Махаббаттың мұндай биіктігіне жете білген қарапайым Жақан дейтін кісі.
«Құс қанаты» деп аталатын әңгімеде Балқаш көлінің жағасында қой бағып жүрген Нәшірбектің әкесі-шешесі балаларын жалғыз қалдырып кетеді. Автор cол жалғыздықты суреттейді. «Әттең, науқастансам әке мен шешемнің қасында ауырып жатқанға не жетсін! Сәл суық тиіп, түшкірсем болды, екеуі де алаңдап шығады ғой», – деген баланың ойы, сағыныш сезімі, жалғыздықпен өзінше арпалысып жатуы оқырманды бейжай қалдырмайды. Дегенмен, Нәшірбекке қолдау білдіріп отыратын оның досы Молдахан бар. Екеуі де құстың қос қанатындай. Бір-бірінен ажырамайды. Қиындықты да, қызықты да бірге көріп өседі.
«Бір тілім нан», «Бір уыс бидай», «Жарты дорба ұн» сынды әңгімелері тұтас бір повестің жүгін арқалайды. Құдайдың берген нығметі – бидай, нан, ұн секілді ұғымдар жиі кездеседі. Оның қадіріне жету қажеттіге түрлі сюжеттерменен баяндалады. Автор ашаршылық кезеңін де атап өтеді. Қазақ еліне қасірет болған ашаршылық. Бұл тақырыпты көтерген әңгіме сөзсіз қазақты ғана емес, түрік оқырманына да әсерін тигізеді. Автор осындай трагедиялық жағдайды драма есебінде баяндайды. Сахналық туындыға сұранып тұрған дүние. Ұжымдастыру жүріп жатқан нәубет жылдар. Сол жылдарда бір уыс бидайдың, нанның қадірі қандай?! Автор өмірдің жанды жерінен алатын үлкен мәселені көтереді.
Автор «Аспанқараның алтыны» атты әңгімесінде Садабай дейтін кейіпкердің ішімдікке беріліп, ақыр-аяғы одан бас тартып, сабасына түсіп, тәубеге келіп, емен-жарқын өмір сүргенін жеткізеді. Бұл әңгімеде де жағымсыз ғана емес, ұлттың трагедиясына айналған арақтың зиянын айтады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, автор балалық шақтағы естеліктерін көркем тілмен жаңаша формамен жеткізеді. Отбасылық трагедияны, қоғамдағы драманы, халықтың басына төнген тағдырлы кезеңді түрлі әдеби әдістері арқылы суреттейді.
Жинақтағы «Құт пен жұт» атты әңгіме – этнографиялық дүние. Темірбек пен Атагелді екеуінің әңгімесі өрбиді. Әңгімелеріне қазақтың салты мен дәстүрі арқау болады. Қазақтың салтында маңызды орны бар көп әйел алу мәселесі талқыланады. Дүниежүзілік соғыстан кейін, тіпті одан бұрын ашаршылық сынды халықтың басына төнген трагедиялық жағдайлардың салдарынан халықтың саны күрт азайды. Бұл қазір де Қазақстанның өзекті проблемаларының бірі. Өйткені отырып қалған қыздардың саны азаймай тұр, ажырасқан отбасылардың саны көбеюде. Әңгімеде дүниенің ізін қуып, іскерлікке бет бұрған әйелдердің тұрмыстық жағдайы сыналуда. Бедеу әйелдер де аз емес. Осылайша көп балалы болу идеясы туындайды.
«Суықтөбенің ұлары» атты әңгімеде Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында бай болғаны үшін жазаға тартылған адамдардың құралақан қалып, балаларының кеңестік жатақханаларында тәрбие көргені айтылады. Бұл балалар – кеңестік тәрбие алып, өз әке-шешесінен ажыраған ұрпақ. Текті отбасынан шыққан балалар тексіз тәрбие көреді. Егізбайдың Қапаш дейтін ұлының кейінгі кезеңде Костя болып атануы соны көрсетеді.
Қазақтың ұлттық тарихы мен фольклорлық шығармаларды оқып өскен, сусындаған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы – ұлттық құндылықтарды паш ететін көрнекті қаламгер. Ол Кеңес кезеңінен бастап, Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерді, болған оқиғаларды әңгімелейді. Қарапайым адамның тұрмыс-тіршілігін, боямасыз өмір салтын, күнделікті тіршілікте кездесіп қалатын кісілерді, солардың бойында сақталған саф-таза сезімін тамаша жеткізеді.
Осындай жинақтың түрік тіліне тәржімаланғаны үлкен абырой деп білеміз. Кітапты шығарған барлық ағайындарға, соның ішінде Елшілік қызметкерлеріне, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлына алғысымыз шексіз. Әңгімелерді түрік тіліне шебер аударған Эльмира Қалжановаға да ризашылығымызды білдіреміз. Осындай туындылар арқылы бауырмалдық пен достығымыз нығая береді деп сенеміз.
Жәмиля КЫНАЖЫ,
филология ғылымының докторы,
Қажы Байрам Уәли университетінің доценті (Түркия).
Анкара қаласы.