Академик, тарихшы Ханкелді Әбжанов – 70 жаста
Ханкелді Әбжановтың ғылыми еңбектерін оқығанда, оның сонау көне заманнан бүгінге дейін сыр шертетін тарихты терең безбендеп, тәуелсіздік тұғырын қалай биіктетуге болатыны жайлы тұжырымдары маған ерекше әсер етті.
Қазақта: «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген қанатты сөз бар. Мұның мағынасы кең, ұғымы терең. Біздің халқымыздың тарихында талай-талай жол бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, көңілдегі көрікті ойды өлең тілімен жеткізе білген ақын-жыраулар болған. Алайда, біз олардың бірін білсек, бірін білмей келдік. Оған әр түрлі жағдайлар себеп болды. Ең бастысы біреудің боданында болғандықтан басымызда билік, қолымызда мүмкіндік болмады. Сондықтан да өз заманының озық ойлы ағартушы-ғалымы, ұлы Шоқан Уалиханов: «Әр халықтың кемеліне келіп, өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» — деп көрегендікпен болжап айтты. Ата-бабаларымыз өмір бойы аңсаған, осы жолда күресіп, қаншама тері мен қанын төккен азаттық пен еркіндікке біз ХХ ғасырдың аяғында қол жеткіздік. Басымызға бақ болып қонған тәуелсіздік, Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет болуы саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға ғана емес, өткен тарихымызды түгендеп, қилы-қилы «ақтаңдақтардың» бетін ашып, ұмыт бола жаздаған қайраткерлеріміз бен тұлғаларымызды тірілтіп, олардан қалған мұраларды зерттеуге де даңғыл жол ашты.
Осы орайда академик Х. Әбжанов былай дейді: — Ертеңін ойлаған мемлекет қана өз тарихына көз жүгіртіп қана қоймай, оған барынша мəн беріп, болашағын бағамдайтынын əлем елдерінің тəжірибесі дəлелдеп отыр. Сондықтан да төл тарихымызды терең білмей, ертеңіміз айқын болады деу қисынсыз. «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» — деп, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қай заманда болмасын, тарихшыларға артылар жүк ауыр болған. Оның себебі де түсінікті. Қай заманды алсаңыз да, тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухында тəрбиелеу қызметін атқарған. «Тарих ғылымы – барлық ғылымдардың атасы» десек, артық айтпаған болармыз.
Шындығында халықтың тарихи жады, тарихи санасы – аса қуатты субъективті фактор. Өз халқының дамуының кезеңдерін, жолдарын басынан кешірген ауыртпашылықтарын, қайғы-қасіретін, жеңістері мен жеңілістерін білген, оларға объективті баға бере алатын адамдары бар елдер ғана бәсекеге қабілетті. Ондай халықтар тарихтан дұрыс сабақ алады, қателіктерін жылдам түзейді, Отанын, елін, жерін қорғауға әркез дайын болады. Міне осындай сом-сом алтындай ойларын ортаға салған академик Х.Әбжанов бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихы туралы жаңаша зерттеу методологиясын ұсынады.
Тәуелсіз Қазақстан құрылғанға дейін халықтың тарихи болмысы мен тарихи санасы бұрмаланды, ауыр деформацияға ұшырады. Қазақстан тарихы ғылымының даму сатысы аса күрделі, әрі аса қиын, жауапкершілігі мол кезеңдерді бастан кешті. Оның себеп-салдары түсінікті, кеңестік идеология қазақ елінің тарихын қайта жабулы қазан күйінде ұстауға тырысты. Өйткені, Қазақстан тарихының қыр-сырының тереңдей зерттеліп ашылуы кеңес дәуіріндегі талай ақтаңдақтардың ақиқатына жол салатын еді. Бірақ, осындай күрделі кезеңде де қол қусырып қарап отырмай, еліміздің тарихына тыңнан түрен салып, қиянатшыл идеологиямен күресе отырып, бұл салада жемісті еңбек еткен тарихшыларымыз аз болған жоқ. Солардың бірі, бірі ғана емес бірегей тұлғасы — тарихшы Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов.
Қазақстанның көрнекті ғалымы, Ұлттық ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов, 1953 жылы қазанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қазақ университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1976 жылы үздік дипломмен аяқтап шығады. Тарихшы мамандығын алған соң Алматы, Астана қалаларында жоғары білім мен ғылым саласында еңбек етті. Өткен ғасырдың 70-жылдары ортасынан академик Р.Б.Сүлейменовтың жетекшілігімен ұлт мәдениеті мен зиялыларының тарихын зерттеуге ден қояды. Осы кезең Абылай хан, Қазыбек би, А.Құнанбаев, Ш.Уалиханов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев сияқты тарихи біртуарлардың өмірбаяны мен өмір жолына бет бұруына тікелей әсер етсе керек. 1983 жылы тарих ғылымдарынан кандидаттық диссертациясын, 1992 жылы ҚР ҰҒА корреспондент мүшелігіне сайланады. 2011 жылы Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметіне тағайындалады.
Ғылым жолының ұзақ та даңғыл сүрлеуінде елімізге танымал көрнекті тарихшылар Манаш Қозыбаев, Рамазан Сүлейменов және басқа да тарих ғылымының майталмандарымен қызметтес бола жүріп, солардың да ғылыми өмір мектебінен тәлім алды.
ХХІ ғасырда қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға деген сұраныстың күрт артуы, әсіресе, отандық тарих ғылымының ұлттық сана, қоғамдық және мемлекеттік өмірдегі рөлінің артуы, олардың евроцентристік қағидалардан оқшау, идеологиялық тәуелсіз, кеңестік жүйе кезіндегі таптық және партиялық көзқарастарға негізделген тарихи зерттеулер методологиясын түбегейлі өзгеріске ұшырату оңай емес еді. Сондықтан ғалымның еңбектері мемлекет тұтастығы, тарихи идея, ұлт бірлігі, тұлғаның орны сияқты бұлжымас қағидаға арналып, өмірлік ұстанымы болды.
Тәуелсіз Қазақстан құрылған күннен бастап қазақ халқын, барша қазақстандықтарды отарлық санадан тазарту жұмысы басталды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген халық мақалын осы құбылысқа қатысты айтуға болады. Сананы, тарихты, мәдениетті отарсыздандырудың күрделі үдерісі басталды. Өкінішке қарай, әлі де халықтың басым бөлшегі отарлық санадан құтыла алмай отыр.
Қазақстан халқының тарихи санасын тәрбиелеудің мемлекеттік маңызы зор. Тарихи болмыс пен тарихи сана – мемлекет тұтастығының кепілі болады. Мемлекеттің күш-қуаты белгілі дәрежеде халықтың тарихи санасының, саяси мәдениеті мен руханилығына тәуелді екендігін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Дамыған мемлекеттердің барлығы өз халқының ақиқат, шындыққа негізделген тарихи санасының тәрбиеленуіне ерекше назар аударатыны сондықтан.
Осы орайда мен Ханкелді Махмұтұлының мына бір өз сөздерінен мысал келтіруді жөн санадым: «Демек, ұлттық тарихымызды зерделейтін, ғалымдар мен зиялыларға артылатын міндет жүгі жеңіл емес. Тарихшыларымыз қара қылды қақ жарған тура бидей ақиқат биігінен көрінуге тиіс. Қазіргі уақытта қатпары қалың деректерді игерместен «өзім білемге» салынған кейбір зерттеушілер әлеуметтік қақтығыстарға, пессимизмге, танымдық адасуға ұрындыратын еңбексымақтарын жариялап жатқаны құпия емес. Ғылыми атақ-дәрежені, сол арқылы лауазымды қызметті сұғанақтық (плагиат) жолмен алған әріптестеріміз арамызда жүр. Жүздеген кітаптар, мыңдаған мақалалар әлдеқашан айтылған ойларды қайталап, тарихтың тартымдылығын жойды. Осының бәрі ұлттық тарих ғылымына қойылған президенттік талап пен өлшемнің үдесінен шықпағанның көрінісі. Тарих өлшемі бойынша, ширек ғасырға жуық уақыт – қас-қағым ғана сәт. Ұлттық тарихымызды зерттеу мен насихаттауда, оқыту мен ұлықтауда біткенінен бітпеген іс көп».
Халқымыздың тəуелсіз Қазақстан Республикасы атты мемлекет құрып, ұлттың азаттығын сақтай білуі бүгінде қаншалықты маңызды болса, сол мемлекеттің шынайы да танымды тарихын жазып, келер ұрпаққа жеткізе білуде соншалықты маңызды. Өйткені, тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, ғылыми негізде жазылған танымды тарих – ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ тəуелсіздігінің кепілі.
Тəуелсіздік жылдары Қазақстан тарихы қайта жазылып, ұлттық жəне мемлекеттік мүдде тұрғысынан қайта зерттелуде. Кеңестік кезең жылдарында солақай саясаттың негізінде бұрмаланып жазылған келеңсіз тарихи тұстары қайта қарастырылып, ақиқат тұрғысынан жаңаша зерделенуде. Сонымен бірге, азаттық жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктері басты назарда болып отыр. Қазіргі уақытта тарих ғылымы кеңестік дəуірдегі таптық методологияның шеңберінен шығып, зерттеудің жаңа бағыттары анықталып, тарихтың ақтаңдақтар беттері қайта ғылыми негізде зерделенуде. Қазақ тарихы Түркі өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде зерттеліп, дала тарихындағы көшпелілердің орны айқындала түсуде. Қазақстан мемлекеті Еуразиялық идеяның жалғастырушысына айналды. Бірнеше ғасырлар бойы тағдырдың тауқыметті қасіретінен көз ашпаған қазақ халқы өз тарихында тұңғыш рет өз тарихын өзі жасап қана қоймай, сол жасаған деректерін тарих ғылымының талаптарына сай: жинау, жүйелеу, саралау, тасқа басып жариялау жəне деректанулық талдаудан өткізу арқылы өзінің объективті тарихын жазу мүмкіндігінеде ие болып отыр. Кезінде өзінің төл деректерін жинауға, жүйелеуге, шашау шығармай сақтап, өз тарихын жазуға мүмкіндігі болмаған халқымыз, бүгінде, ақпараттар, яғни деректер тасқынының астында қалып отыр. Уақыт ерекшелігіне сай қоғамның аса үлкен жылдамдықпен дамуы, бұрын ғасырлар бойы болмайтын маңызды тарихи оқиғалар тізбегінің көз алдымызда үздіксіз өтіп жатуы, сол оқиғалар бейнеленген деректер тасқынының пайда болуына алып келді
Х.Әбжановтың осындай ұланасыр сан-салалы еңбегіне әр қырынан келуге болады. Солардың ішінде айырықша атап өтетініміз – Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметі. Бұл күндері еліміздегі беделі зор институттың бірі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Институт өзіндік дәстүрін қалыптастырған, ғылыми ізденіс ауқымы кеңейген іргелі ұжымға айналса, оған Х.Әбжановтың қосқан үлесі орасан зор. Осы жылдардың ішінде толайым табыстарын тізе берсек өте көп, әсіресе, мұнда магистранттар, докторанттар дайындалып шығарылатын бөлімдердің ашылуы үлкен жетістік екендігі сөзсіз. Оның институтта қызмет атқарған жылдарының ішінде 150-ден астам астам PhD докторы, 400-ден астам магистрант білім алып, нағыз тарихшы ғалым, ел тарихының жанашыры ретінде таныта білді. Ал, профессор Х.М.Әбжановтың жетекшілігімен «Қазақстан: ұлттық тарих, идея, методология», «Рухани жаңғыру және ұлттық тарих» сияқты жинақ және монографиясының жарық көруі – ғалымның ғылым саласындағы зор табысы болып саналады.
Х.Әбжановтың мейлінше жарқырай көрінген тағы бір саласы – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына қосқан үлесі деп білемін. Ежелгі дәуірден ХХІ ғасыр басына дейінгі тарихи үдерісті бедерлеген деректер, жәдігерлер, құнды ақпараттар дүниенің төрт бұрышынан ағылды. Зерттеушілердің әлеуметтік-кәсіби есеюі көз алдымызда жүріп жатты. Бес ғасырдан астам тарихы бар Қазақ мемлекетінің шежіресінде бұрын-соңды мұндай ауқымды, нәтижелі, мақсатты рухани-практикалық және ғылыми-танымдық ізденіс орын алмағаны күмәнсіз ақиқат. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы – тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтан ұрпаққа жалғасар мақтанышы. ЮНЕСКО тарапынан да бұл дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді.
Ежелгі аталарымыз «Өз тарихын білген ел ешкімнен жеңілмейді» дегеніндей, халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудың басым бағыттары айқындалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуында да Ханкелді Махмұтұлының қолтаңбасы сайрап тұр. Бұл бағдарлама заманауи тәуекелдіктер мен жаһандық талаптарды ескере отырып, ұлттың тарихи, рухани құндылықтарын жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстанның заманауи әлемдегі басекелік қабілеттілігін арттыруға, ұлттық сәйкестікті сақтауға, азаматтардың мәдени білімін және сана-сезімінің жоғары екендігін дәріптеуге бағытталған еді. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Х.Әбжановтың жетекшілігімен жарық көрген «Рухани жаңғыру және ұлттық тарих» атты жинақты қайта-қайта оқып шықтым. Аталған еңбекте атамекенмен ұлттың бір болуын, үнемі ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын негіздейді. Ол жеке адамды, ұрпақты, ұлтты, халықты табиғаттан, өзінің төл болмысынан ажыратып алып кетпейді, керісінше өз болмысының әлеуметтік рухани негіздерін сақтай отырып оны нығайтуға, қорғауға, сақтап қалуға ықпал ететін ұғым, ұлттық деңгей, бір ұрпақтың мемлекеттің тарихы мен болашағы алдында жасайтын, қол жеткізетін жетістігін анық, ашық, талдап көрсете білген күрделі әрі тағылымы мол еңбек.
XX ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы дәуір болды. Бұл ақиқат. Мысалы, ашаршылық кезеңінде қазақ халқының жартысынан астамын жоғалтып алдық. Бұл, бүкіл адамзат тарихындағы ең ауқымды қасіреттің бірі және сол кездегі биліктің бүкіл адамзатқа қарсы жантүршігерлік қылмысы. Бұл тақырыптың зерттелуіне, тарихи ақиқаттың өз деңгейінде ашылуында Х.Әбжанов көп еңбек жазды.
Күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық жайлы көлемді зерттеу жүргізіп, ұйымдастыру факторына өз үлесін қосты. Қазақстан тарихын ғылыми танудың өтпелі кезеңі аяқталып, сапалық жаңа сатыға көтерілгенін айшықтаған бетбұрысты сәтті ерекше айтатын уақыт келді. Х.Әбжанов секілді белгілі де белсенді білімді тарихшыларымыздың табанды еңбектері арқылы «Алаштың», ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің ақиқаты ашылады деп айта аламыз.
Тәуелсіздік таңымен бірге атып, халқымен қайта қауышып жатқан көптеген тарихи құндылықтарымыздың, алаштың айтулы тұлғаларының тарихи ақиқатымен танылуына зор еңбек сіңірген, әлі де осы игілікті істерге мұрындық болып келе жатқан профессор Х.Әбжанов, міне, еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сергек үн қатып, осы бастаманың алға басуына зор үлесін қосып келеді, сондай-ақ, осы бағдарламаның заңды жалғасы – «Ұлы Даланың жеті қыры» бағыты бойынша өз зерттеулерімен үлесін қосып, сонымен бірге осы тұрғыда еңбектеніп жүрген жастарға ақыл-кеңестерін үйретіп, зор тағылымдық қызметтер атқаруда.
Жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған Ханкелді Әбжанов әлі де тұғырынан түспей, өзі тәрбиелеп өсірген, ғылымға қанат қақтырған жастармен бірге қалыспай тізе қосып, қатарласа еңбек етуде.
Біз жаны да, тәні де сергек ғалымды қала, облыс, республика деңгейінде өтіп жататын тарихи танымдық бағыттағы іс-шараларға, түрлі қоғамдық мәселелер көтерілген семинар-конференцияларға жиі қатысып, мазмұнды баяндамалар жасап жүргенін жиі көреміз. Ол қоғам қайраткерлерімен белсене атсалысып, әртүрлі ауқымды, маңызды мәселелер көтеруге ұйытқы болуда.
Гректің ойшылы Демокриттің: «Әрбір адам – өзінше құбылыс. Еш уақытта толық зерттеліп бітпейтін тақырып» деуі өмір заңдылығы. Шынында профессор Х.Әбжановтың өнегелі тағылымын, еңбек жолын, тарихи зертеулерін бір мақала аясына сыйдыру мүмкін емес.
Біз оның осы бір сергек те сезімтал, қажырлы да қайратты тұлғасына ризашылықпен сүйсіне көз салып, әрқашан осы тұғырынан түспеуін, аға буынның ақылшы өкілі ретінде тек алдыңғы сапта көріне беруін тілейміз.
Ханкелді Махмұтұлын көптеген білікті ғалымдар, ел басқарған азаматтар өзіне ұстаз тұтады, сыйлайды, жазған ғылыми еңбектерін қадағалап оқиды. Х.Әбжанов осындай құрмет пен сыйға өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен, ойшылдығы және жаңашылдығымен қол жеткізгендігі ақиқат. Ол бұл абыройдың асқарына асықпай, күнделікті жасаған еңбегімен, тірнектеп жинаған білімімен, жазған ғылыми жұмыстарымен, студенттерге оқыған дәрістерімен қол жеткізді.
Қоғамдық өмірдің даму диалектикасын, заңдылықтарын дөп басып көре білу, олар туралы ой қозғау – қиямет-қиын шаруа. Бұл жұмысты саналы өмірін ғылым жолында сарп еткен ойшыл ғалымдар ғана жасай алады. Х.Әбжанов осындай, тарихтың күрмеулі мәселелерін зерттеген ойшыл ғалымдардан оқыды, үйренді, өнеге алды және өзі де осындай ойшыл ғалымдар дәрежесіне көтерілді. Тарих ғылымының теориялық және методологиялық танымы мен тәлімін жетік меңгерген Х.Әбжанов айтары бар, кең диапазондағы сирек кездесетін ғалым.
Ханкелді былай деп тұжырымдап жазады:
«Тәуелсіздік пен тарих – тамырлас. Тәуелсіздіксіз тарих оңалмайды, тарихсыз тәуелсіздіктің қадір-қасиеті ашылмайды. Ендеше біздер, тарихшылар, ұлы міндетке сай еңбек етейік.
Ұлт тарихын жазу – ердің ісі. Уақыт артқан міндет үдесінен шығу баршамыз үшін әрі абырой, әрі жауапкершілігі аса зор тағдыранықтағыш сәт. Отан тарихын елестен арылтып, ақиқат тұжырымдарымен көмкере білген ғалымдарымыздың жүзі қашан да жарқын. Олар «ер» деген атаққа лайық».
Мен тарихқа бүкіл ғұмырын арнаған Х.Әбжановтың кітаптары мен ғылыми мақала, еңбектерін сүзіп оқып шығып, бұл оқымысты ғалымның терең біліміне, жанкешті еңбекқорлығына ерекші риза болдым.
Нағыз оқымысты, ғұлама академик, ел шежіре тарихын ғұмыр бойы зерттеп, жаңаша жазған қазақ елінің біртуар тұлғасы Ханкелді досымның әлі де алар асулары алда, биіктен көріне беретініне кәміл сенемін.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы