Бұл жолғы Қазығұрт сапары әдеттегіден ерекше. Мезгіл сарытап күз болғанмен, күнніңкөзі ашық, жылымық сәулесі жымыңдап шуақ шашып тұр. Қазығұрт ауданынажетер-жетпес Сарапхана ауылын бетке ұстап, «Шымкент-Ташкент» тас жолыменжүйткіп келеміз. Көлікпен Қазығұрттың ең биік қия беткейіне өрмелеп шығып, Нұхпайғамбардың кемесі қалды дейтін аңыз белгінің тұсынан төмен құлдилаған шақтатау сілемдерімен созылып Сарапхана ауылы шыға келеді.
АЛАШ АРЫСТАРЫНА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ
Бұл күн тарих бетін қайта парақтаған, ұлттың ұлы тұлғаларына бас иіп тағзым еткен тағылымы мол сәт болды. Яғни, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылы «Мәңгілік ел» саябағында егемен еліміздің 30 жылдығына орай үш бірдей тарихи ескерткіштің ашылу салтанатына куә болдық. Бұл ардақты Алаш арыстарына және қазақты әлемге әйгілеген Қажымұқан Мұңайтпас бабамызға арнап қойылған, үшіншісі – барша қазақтың асыл Анасы бейнесіндегі «Анаға тағзым» атты ескерткіш.
Жаңа ескерткішті өз көзімен тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келген зиялы қауым рәсімді алдымен мұнда Алаштың тоғыз бірдей қайраткері иық тіресіп, жұмған жұдырықтай тізіліп бірге тұрған мүсіндеріне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Тоғызы да ұлт азаттығы жолында жан аямаған күрескерлер, олар: ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсын, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, «Тұтас Түркістан» идеясын тірек еткен Мұстафа Шоқай, ұлт рухын оятқан Міржақып Дулат, «ұраным Алаш» деп атой сала ұрандаған Жүсіпбек Аймауытұлы, «Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері, Тұрансыз тарқамаған алаш шері», «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен…!» деп қазақ руханиятының, күллі түркі тарихының түп төркіні Түркістанды жырлап кеткен Мағжан Жұмабаев, аумалы-төкпелі халде тұрған қазақ территориясын бекіттіруге атсалысқан Әлімхан Ермекұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы еді. Қай-қайсы да қазақтың қамы үшін басын өлімге тіккен есімдер. Тоғыз тұлғадан құралған мүсін тастың төменгі жағында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сөзі жазылған: «Алаш қайраткерлері өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының асыл мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек».
Расында бұл дүниелер жастарға, келер ұрпаққа үлгі мен өнеге болып, өткен тарихымызды перзент бойына сіңіру мақсатында жасалды. ХХ ғасырдың басында ел бостандығы жолында бұғаудан босап шыққысы келген, Мәскеу билігіне қарсы тұрып, ақыр аяғы бірі атылып, бірі асылып кеткен тарихи есімдер мұнан да көп екені белгілі. Сондықтан Алаш арыстарына арнап орнатылған осы ескерткіштің екі қапталына аяулы 144 азаматтың аты-жөні түгенделіп жазылды. Сондықтан бүгін болмаса да, алдағы ұрпағы азат өмір сүріп, өз алдына дербес мемлекет құратынына кәміл сенген алаштың кемеңгерлерінің бұл күні рухы шаттанғандай. Ағартушы ақын, қазақтың көгіне күн боламын деп армандаған, халықтың білімге бой алдыруына барын салған, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге қазақтың тұңғыш «Айқап» журналын шығарған Сұлтанмахмұт Торайғырұлы бір кездері:
«Алаш туы астында,
Куә болсын арымыз!
Көркейтуге алашты,
Құрбандық біздің жанымыз!
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын, алаш, жасасын!»,
– деп жырлағаны дәл бүгінгі күнді асқан көрегенділікпен тап басып білгендегі емей немене?! Тас мүсіндегі тау тұлғаларға әр қараған сайын осы өлең жолдары санаңа сарт ете қалады. Көкте көк туымыз желбіреп, бейбіт күннің сәулесі себелеп тұрған азаттықтың әр таңында олардың есімдері ұрпақ жадында мәңгіге сақталары анық!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы үндеу тастады. Қазір қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мемлекеттік комиссиясы жұмысын бастап кетті. Қазығұрттың төрінде ту тіккен осынау еңселі ескерткіштің басына тарихшыларымызбен бірге комиссия мүшелері де арнайы келді. Бағасын берді. Ескерткіштің идея авторы, елдік тұрғыда қыруар еңбек атқарып жүрген, кешегі тарихымыздың астаң-кестең зұлматты жылдарында ізі жоғалып, қызыл империяның табанында тапталған, жыртылған парақтарын түгендеп жүрген ел ағасы Бекет Тұрғараұлына бірауыздан алғыстарын білдіріп өтті.
Ал өмірінің отыз бес жылын осы Алаш арыстарын зерттеуге арнап келе жатқан Мәмбет Қойгелді көзқарақты пікірін былай білдірді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының
академигі, тарих ғылымдарының
докторы, профессор:
МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ СҮЙЕГІН ТҮРКІСТАНҒА АЛДЫРУЫМЫЗ КЕРЕК!
– Қазір Алаш қайраткерлерін ақтау, зерттеу, зерделеу, олар жайлы кітап жазу жұмыстары жүріп жатыр. Мақсат мұнымен шектелу емес, халықтың санасын өзгерту, халықтың санасына ықпал жасау – маңыздысы осы! Ұлт ретінде біздің санамыз үлкен дағдарысқа ұшыраған сана. Қайтсек аяқтан тұрамыз, қалай етсек халықтың санасын оятамыз деген о бастағы Алаш арыстарының мақсат мүддесі де осы болатын. Мұстафа Шоқай мен жары Мариям Шоқайдың сүйегін Түркістанға жеткізу туралы кезінде Елбасыға ұсыныс хат жазғанмын. Бұл қазіргі заман сұранысына лайық мазмұн беру үшін керек! Тұтас Түркістан идеясын жаңғырту үшін! Міне, рухани жаңғыру осыдан басталады. Жеке ұлт, жеке мемлекет ретінде дара шауып ұзаққа бара алмаймыз. Түркі тілдес елдер тізе біріктірсек ғана алып күшке айналамыз. Шығыс пен Батыстағы көршілерімізбен сыйластықта боламыз. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың тұтас Түркістан идеясы бүгінгі күнге дейін саяси маңызын жоғалтқан жоқ.
Елдігін танытып, тарихын түгендеп, арыстай азаматтарының рухына бас иіп келген ағайынның арасында мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов та болып, жиналған жұрт алдына сөзін сабақтады:
– Бұрын Қазығұрттың бұл жотасы Сарапхана ауылының қозы-лағы жайылатын жер еді. Қазір тарихи танымдық мекенге айналып кетті. Бұл бүгінгі замандағы алаш арыстарының арқасы. Бұл біздің Бекет Тұрғараұлы. Егер әр облыста, әр ауданда бір-екі Бекет болса, онда біздің тарихымызды танып, түгендеуіміз әлдеқашан тереңдей түсер еді, – деді.
Ауылдың қырқа төбесінде бас-аяғы екі гектар жерді алып жатқан «Мәңгілік ел» саябағының іші кірсе шыққысыз, жасыл желекке бөленген алқап шынымен тарихқа саяхат шегетін орын секілді. Ауыздығымен алысқан арғымақ үстінде мығым тұрған Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге орнатылған ескерткіш тұғыр сонадайдан мен мұндалап көрінеді. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке биге арналған ескерткіш те осында. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді». Қожаберген жырау «Елім-айлап» жырлайтын зобалаң аштық кезеңін суреттейтін кескін монумент бар, Ұлы Отан соғысы ардагерлер құрметіне арналған ескерткіш… тізімдей берсеңіз жалғасып кете береді. Мұның барлығы «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекең-Бекет Тұрғараұлындай асыл азаматтың қолынан туған туындылар.
Дихан ХАМЗАБЕКҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Ұлттық ғылым
академиясының академигі.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің проректоры:
ҚАЗЫҒҰРТ БІЗДІҢ ЖАҢҒЫРУЫМЫЗДЫҢ БАСЫ!
– Қазығұрт біздің жаңғыруымыздың басы! Бұл тарихқа тағзым етіп, жас ұрпақтың тәлім алатын жері болады. Тоғыз бірдей тұлғаның бір жерге орын тебуі алаш қайраткерлері бір тудың астында болғандығын айғақтап тұр. Алаш идеясының мақсаты да біздің бірлікте болуымызды меңзейді. Ескерткішке жапсарлас тұрғызылған көк тақтаға жазулы жүз қырықтан аса алаш азаматтарының есімінің артында бүгінгі ұрпақтары – іздеушісі мен жоқтаушысы бар деген сөз!
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірзақ Озғанбаев Алаштың өр тұлғалы қайраткерлеріне арналған ескерткіш бұған дейін Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қарқаралыда ашылғанын, Қарағанды облысында Әлихан Нұрмұханбетұлы атындағы аудан, Семейде университет, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының көптеген мектебіне Алаш қайраткерлерінің есімі берілгенін тілге тиек етті. Әлі де Алаш азаматтарын ұлықтауға, танып-білуге жасалатын жұмыстар көп. Соның бірі бүгінгі Қазығұрт асуынан асқанда алдыңнан көлденең шығатын мынау қасиетті көркем төбе! «Мен Қазығұртқа келген сайын таң қаламын, жота басындағы бұл тарихи кешен ашық аспан астындағы мұражайға айналып бара жатқан ғажайып мекен!» деді академик Ө.Озғанбаев.
Мерекелік іс-шараға мейман болып келген мүйізі қарағайдай профессорлар қатарынан философия ғылымдарының докторы Бәкір Әбдіжәлелұлы ұлт қайраткерлері жайлы, алаштықтардың арқасында бүгінгі қол жеткізген тәуелсіз мемлекетіміздің бет-бейнесі, олқылық танытып алған тұстарымыз жөнінде де қамшылай сөз айтты.
Бәкір ӘБДІЖӘЛЕЛҰЛЫ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор:
ӘЛИХАН ИДЕЯСЫН ІСКЕ АСЫРСАҚ, ӨРКЕНИЕТ БЕЛЕСІНДЕ БОЛАР ЕДІК!
– Әлихан Бөкейхан: «Менің әкелерім Қалдан қазаққа қарыздар болып кетіп еді, сол қарызды өтеймін» деген екен. Расында Әлихан қазақ халқының ұлт болып ұйысу жолында қайраткерлік көрсетті, қаны мен жанын қиып, қыруар еңбек сіңіріп кетті. Мұстафа Шоқай 1935 жылдары шетелде жүргенде Әлихан былай деп айтқан деген сөзі бар: «Егер ұлтқа пайдалы болғыларыңыз келсе, орыс тілінен келіп жатқан кеселді игеріңдер». Мұстафа да, Әлихан да тәуелсіздіктің кілті – ана тілімізде екенін білді! Ал, біз неге әлі күнге дейін өз тілімізге ие бола алмай жүрміз? Бұл сол баяғы Алаштың өсиеттерін орындай алмай жүргенімізден болып отыр!
Біз әлі тәуелсіздікті жете түсіне қойған жоқпыз, рас біз тәуелсіздікті Ресейден белгілі бір жағдайда алдық. Бірақ, біз шын тәуелсіз ел боламыз десек, тіліміз таза, рухымыз биік болуы керек! Өйткені, тәуелсіз ана тілі мен тәуелсіз рух болмай тәуелсіз ел бола алмаймыз! Неге Алаштың қайраткерлерінің арасынан суырылып шығып Әлихан 1905 жылы қазақ тілін көтерді, неге іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізілсін деді, қазақ мектептері мен сыныптары ашылсын деді?! Себебі, тәуелсіздіктің кілті – тіл! Ал тіліне тәуелсіздік ете алмаған елді тәуелсіз деу қиындау болады. Мен Мұстафа Шоқайдың екі томдығынан бір баспа табақ афоризмдер жинадым. Мемлекет, ұлт, қайраткерлік, тіл, партия туралы толып жатқан идеялары бар. Біз Мұстафа мен Әлиханның идеяларын іске асырсақ, өркениеттің жаңа бір белесіне көтерілген болар едік!
* * *
«Мәңгілік ел» саябағында Алаш арыстарынан кейін «Анаға тағзым» атты екінші ескерткіштің ашылуы болды. Қазақта жақсы сөз бар, «Әуелде үш нұр бар дейді, бірі – Алланың нұры және күннің нұры, үшінші Ананың нұры!». Ана ұғымы күллі жер бетіндегі адамзатқа ортақ қастерлі ұғым. Құшағына сәбиін қысып, тым алыс жолға ойлана көз тастап тұрған Ана бейнесіне қарап, терең ойға шомдық. Кешегі көш бастаған хандарды да, ел қорғаған хас батырларды да, қара қылды қақ жарған билерді де, Алаш қайраткерлерін де дүниеге әкелген, қазақ демографиясына үлесін қосқан қазақ Анасына құрметтің шексіздігін тағы бір көрсетті.
Сондай-ақ биыл күш атасы, қазақты күллі әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы. Кезінде Қажекең 1941-1943 жылдары Сарапханадағы жотаның етегіне халықты жинап, өз өнерін көрсетіп, одан жиналған қаржыға ұшақ жасатып, соғысқа жолдаған дейді көзкөрген қариялар. Екі иығына екі кісі мінгесердей алып денелі Мұңайтпасұлының мүсіні алдында игі жақсы зиялы қауым сөз сөйлеп, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Белгілі ақын Нармахан Бегалы осы игі істі жүзеге асырған Бекет Тұрғараевқа «Қажымұқан қағанаты» кітабын тарту етті. Осы жиында Бекеңнің аты, оның дәл бүгінгі заманда елге сіңірген еңбегі жайлы жиі аталды.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
тари ғылымдарының докторы,
профессор, генерал-лейтенант:
– Бекең нар азамат, егер әркім өз туған жеріне Бекет секілді қызмет етсе, онда Алаш қайраткерлері әлдеқашан ақталып кетер еді. Бекең қоғамның қозғаушы күші. Бекеңді мемлекеттік деңгейде насихаттамай басқа насихаттарды оята алмаймыз, – дейді.
ТАРИХСЫЗ МЕМЛЕКЕТ ЖОҚ
Ел тарихының ХХ ғасырдағы саяси-экономикалық және тарихи-мәдени дамуындағы ерекше мәні бар «Алаш» идеясы, «Алаш» қозғалысы – біздің Тәуелсіздікке жету жолындағы жетістіктерімізге өзіндік үлес қосқандығын жоққа шығара алмаймыз. Қазығұрттың қойнауындағы қазынаға толы ескерткіштердің ашылу мезетінен соң зиялы қауым Шымкентке қарай аяңдады. Түскен кейін Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Алаш руханияты және тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Конференцияны университет ректоры Дария Пернешқызы Қожамжарова жүргізіп отырды. Шараға Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 4 академигі Мәмбет Қойгелді, Дихан Хамза, Хангелді Әбжан, Дария Қожамжарова, 11 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері Сауытбек Абдрахманов, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, парламент депутаттары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері Берік Әбдіғалиұлы, Айдос Сарым, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Түркістан облысы, Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы конференцияға онлайн қатысып, өзінің өзекжарды ой-пікірін білдірді.
Қазір оқу ордасында «Алаш қайраткерлері» атты пән енгізілген. Алаш тақырыбын зерттеу, магистрлік қорғау жұмыстары басталып кеткен.
ТЕРІСКЕЙДЕ «СОЗАҚ ҚАСІРЕТІ» МЕМОРИАЛЫ БОЙ КӨТЕРДІ
Ғасырға таяу уақыт өткенмен «Созақ көтерілісінің» табы ұрпақ жадынан әлі өше қойған жоқ. Созақ қасіретіне қалам тербеген жазушылар, тарихшы ғалымдарды сөйлетсеңіз, қанды оқиғаға қатысты мәліметті там-тұмдап жинағанын айтар еді. Өйткені, 1929-1930 жылдардағы нәубеттен бері қарай осы күні нешеме буын ауысқанмен, бүгінгі ұрпағы сол бір зұлматты қинала еске алады екен.
Тарихта «Созақ көтерілісін» ескерусіз қалдыру мүмкін емес. Бұл қызыл империяның саясатына қарсы сол кездегі үш жүзден аса бұрқ ете қалған бас көтерулердің ең ірісі еді. Басқа көтеріліске қарағанда адам шығыны көп болды.
Міне, дәл осы қозғалысқа тарихи баға беру, белгі орнату мақсатында және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таяуда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында ескерткіш мемориал ашылды. Жастар саябағында орын тепкен бұл тарихи ескерткіш «Созақ қасіреті» деп аталды. Ескерткіште көтерілісті ұйымдастырған белсенділердің бірі Сұлтанбек Шалақұлы мен бас мерген Салықбай Аралбайұлының бейнесі көрсетілген. Қос батырдың қасында 9-10 жастағы қайсар бала тұр, белдігіне жалаң шоқпар байлаған. Мына көріністен ауылдың тайлы-тұяғы қалмай озбыр режимге қарсы шыққанын жазбай аңғарасыз. Сақадай сай қаруы жоқ, әйткенмен жан алқымға тірелгенде бас көтеріп шыққан асыл ерлердің мұқалмас рухын байқайсың… Ескерткіш мүсіннің арқа тұсындағы 8 метрлік төргі тақтаға «Созақ қасіретінің» тарихы, көтерілістің бастау алған күні, кімдер басқарғаны, қалай аяқталғаны туралы мол мағлұмат келтірілген. Ал саябақтың орта тұсындағы қаз-қатар тізілген көк тақтаға Созақ көтерілісінде қапыда қаза тапқан тұлғалардың тізімі жазылыпты. Ұзын-ырғасы 287 адам.
Ескерткіш мемориалдың ашылу салтанатына жер-жерден тарихшы ғалымдар, академик, профессорлар, Парламент депутаттары, ақын-жазушылар, ауыл ақсақалдары жиналды. Алдымен сөздің басы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа беріліп, ескерткіштің шымылдығы ашылған соң, гүл шоқтары қойылып, көпшілік назары келелі әңгімеге ауды.
БҰЛ БІР РУДЫҢ ЕМЕС, ҰЛТТЫҢ КӨТЕРІЛІСІ
«Созақ көтерілісі» жайлы алғаш рет «Ана тілі» газетіне мақала жазған автор, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков алқалы топ алдына әңгіме тиегін ағытты.
– Созақта болған көтеріліс туралы тырнақалды зерттеу мақалам 1989 жылы жарияланды. Ол кезде Компартия тарамаған, өзім ғылыми институтта ғылыми қызметкермін. Көтерген тақырыбым партияның мүддесіне қайшы, «Бай-құлақтар мен дінбасыларының кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтерілісі» ретінде насихатталып келгені белгілі. Дегенмен билік басынан Колбин кетіп, Нұрсұлтан Назарбаев бірінші хатшы, Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз идеология хатшысы, Қуаныш Сұлтанов идеология бөлімінің меңгерушісі болған кез еді. Мақаланың жарық көруіне ешкім кедергі жасамады. Мына мақалаң жақсы деп те, жаман деп те айтқан жоқ. Марқұм Мұхамеджан Рүстемов сол жылдары облыстық архивті басқаратын, сол кісі қарсы мақала жариялады. Созақ көтерілісінің мән-маңызын ашып жазғаныммен, оларды кімдер бастап шыққанын айта алмаған болатынмын. Міне, сол Созақ көтерілісшілерінің бастаушылардың бірі Сұлтанбек Шалақовтың есімін алғаш болып Мұхамеджан Рүстемов атады. Шалақов туралы мәлімет, оның «Аллаху деген ұранмен атой салғаны, хан болып сайланғаны партияның архивін басқарып отырған Рүстемовтің жазбасында тұңғыш рет келтірілді. Бір жақсысы, осы мақаладан соң іле-шала Шымкент жақта сең қозғалды. Мен деген азаматтар хат жаза бастады. Мәселен, «Әділет» қоғамдық қорын басқаратын Дулат Тұранов дереу Созақ көтерілісі туралы шынайы дерек жинап, жауап жазды. Жергілікті жазушы Өтеш Қырғызбаев Созақ көтерілісін бастаған Тама руы туралы үш томдық кітап, «Зобалаң» атты шығармаларын дүниеге әкелді. Деректі көркем шығарма болғанмен мұнда Салықбай мергеннің бейнесін жақсы ашқан. Бұлар Созақ көтерілісіне қатысты көзқарасымызды толықтыра түсті.
1992 жылы Мәмбет Қойгелді екеуміз мемлекеттік комиссияның құрамына бекітіліп, сол жерде тағы Созақ көтерілісімен айналыстық. Сондағы анықтағанымыз, 1931 жылы сәуірде Голощекин Сталинге жазған хатында қазақ жерінде орын алған 15 көтерілістің арасынан 4 көтерілістің ерекше қиян-кескі болғанын атап көрсеткен. Солардың бірі Созақ көтерілісінде 300 бандының өлтірілгені баяндалған… Сол «банды» атанған аталарымызды бүгінгі күнге дейін ақтау оңай болған жоқ.
Міне, бұл күнде сіз бен біз ескерткіш басында кездесіп отырмыз. Ескерткішті тәуелсіздік алған мезетте орнатуымыз керек еді. Бұл әділдік жолында құрбан болған аталарымыздың алдындағы азаматтық перзенттік міндетіміз.
ӨЗ ХАЛҚЫН ҚЫРҒАН МЕМЛЕКЕТТІҢ ТАҒДЫРЫ НЕМЕН ТӘМАМДАЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ…
Сәл шегініс жасап, Созақ көтерілісі туралы аз-кем тоқталсақ.
1930 жыл. 7 ақпан күні Қазақ автономиялық КСР әскери комиссариатынан Идельсон әскерді бастап келген. Отызыншы жылы Созақта ірі байлар қамалып, айдалып кетіп, орташаларды кәмпескелеу басталады. Оларға белуардан шұңқыр қазып, шыбықтан шарбақ тоқып, қоршаулы күзет қойған. Осыған байланысты ашулы қозғалыс басталған. С.Шалақов жігіттердің басын қосып, ақсақалдардан рұқсат сұрайды. Араларында Ассатулла Ибрагимов деген Ауған елінде туған ишан азамат бар, көтерілістің рухтандырушысы, атақты тәуіп, діндар болған деседі. Кейбір деректерде Асатулла Ауғанстан тыңшысы екен деген сөз желдей еседі. Алайда, бұл көтерілісшілерді әшкерелеп, діндарларды қаралау үшін тыңшы етіп көрсетпек болған кеңестің өкіметінің әрекеті дейді тарихшылар. Айдалада малдың соңында жүрген халықтың ортасында ағылшын тыңшысын ұстаудың қандай қажеттілігі бар? Бұл ел ішіндегі арандатушылық еді. Шектен шыққан салық саясатына, озбырлыққа шыдамаған ауыл азаматтары бесатар нашар қарумен бас көтерген көтерілісті басуға Саратовтан қосымша әскери дивизия келеді. Жердегі бейбіт халықтың төбесінен бомба жаудырған. Ақыр соңы 7-16 ақпан аралығында қол бастап шыққан үш жүзден аса азаматтардың құрбан болуымен көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Мұздай қаруланған қызыл әскер жасақтары бір жетінің ішінде қосауыз мылтық, айыр, орақ, бақанмен қарсы тұрған қарапайым халықты қынадай қырып салды.
Десек те, Созақ көтерілісіне қатысқандардың бәрі батыр. Базбір деректерде Шалақов біразға дейін Шолақов деп те жазылды. Бірақ, Созақ көтерілісі әлі де зерттелетін, зерделене түсетін тарихи тақырып.
Бүгінгі қойылған ескерткіш ұлттың рухы! Біз ерлік пен қаһармандықты қол бастап шыққан батырларымыз арқылы түсінеміз. «Ескерткіш мемориал тұрғызуға демеу болған азамат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараұлына, атпал азамат Орынбек Ібіжановқа алғысымыз шексіз» дейді ауыл ақсақалдарының атынан Сексенбай Тұрысбеков.
Бекет ТҰРҒАРАҰЛЫ,
«Жеті жарғы және Қожаберген
жырау» халықаралық қоғамдық
қайырымдылық қорының
төрағасы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері-заңгері:
– Туған жерінен Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанға қарай ауа көшкен халықтың тау мен таста, құмда сүйектері шашылып қалғаны тарихи шындық. Бұдан кейінгі 1931-1933 жылдары Кеңес өкіметінің қолдан ұйымдастырған солақай саясатының кесірінен халық ашаршылық, босқыншылыққа ұшырап, ел күйзеліп, халықтың саны күрт азайып кетті. Созақта 1929 жылы он екі мың түтіннен 1935 жылы 2 915 үйдің қалғаны соның дәлелі. Созақ жеріндегі бас көтеру – бодандық пен ескі жүйенің қанды шеңгеліне қарсы тұрған қарапайым халықтың жан айқайы мен наразылық үні болды. «Алла, Алла» деп атқа қонған, адам төзгісіз зорлық-зомбылыққа қарсы тұрған халық қозғалысына «Аллаху» деген айдар тағылып, олардың ұрпағы ұзақ жылдар бойы қоғамдық саяси ортадан шеттетіліп келді. Халықтың қайғы-қасіретін, мұң мен зарын көзімен көріп, куәсі болған Сүгір күйші, өзінің күйлеріне арқау етіп, шертпе күймен елдің шерін тарқатумен өмір өткізді, – деп Созақтың басына төнген қайғы-қасіретін көп алдында бөлісті.
Астана Қызылорда болып тұрғанда Ахмет Байтұрсын өзінің күйеу баласы Рүстем Әбдіғаппаровтың қолына хат жазып берген. Тергеуде сұрайды, хаттың мәтінінде не айтылды деп. «Салық саясаты күшейді, бұл солақай саясат! Халық аштыққа ұрынуы мүмкін, қарсылық танытыңдар» делінген екен. «Адам өлтірмеңдер, қару жұмсамаңдар, бірақ қарсылық көрсетіңдер!» дейді. Халық сол кезде үкіметке сес көрсету үшін емес, басын қорғау үшін шықты. Ал оны бандылар деді. Кеңес өкіметі өз халқымен соғысты, өз халқын қырған мемлекеттің соңы, тағдыры не болатыны тарихтан белгілі.
Алқалы жиын барысында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов тарихи көтеріліске арнаған жыр жолдарын арқалана оқыды.
Хангелді ӘБЖАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, ҰҒА академигі:
– Көтеріліс біздің тарихымызға ғана тән емес, бодан халықтардың бәріне тән. Солардың ішінде күресе алғаны ақыры азаттыққа жетті. Күресуге қабілет-қарымы жетпегендер халық ретінде жоғалып кеткені ащы шындық. Біз жер бетінен ұлт ретінде енді жоғалып кетеміз бе дегенде ақыры тәуелсіздікке қол жеткіздік. Созақ көтерілісін Кеңес Одағы өмір бойы есінен шығарған жоқ. Колбин бір жылдары Созақтан депутат болды. Созақты жаны сүйгеннен емес, Мәскеудің тапсырмасымен депутат атанды. Тарих – ол жадыңда сақталғанда ғана, санаңды ширатқанда, танымыңда тереңдеткенде ғана тарих болып қалады, әйтпесе көп оқиғаның бірі боп қалып кетеді. Бұл мемориал Созақты жоқтаудың емес, Созақты сұрауының орны болуы керек!
Сұлтанбектей батырлар не үшін атқа қонды? Өзінің еркін ұрпағын қорғағысы келді, шын мәнінде ұлтын қорғады. Бұл елдік ұлттық намыс. Осынау батыр бабаларымызға бүгінгі ұрпағы ретінде мың мәрте тағзым етіп, басымызды иеміз.
Беттерді әзірлеген
Құралай АХМЕТОВА