ҰЛТ ҮНБАЙРАҒЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Билік
13 Views

Алматы қаласында жоғары сән-салтанатпен атап өтілді

Қазақ руханиятының қарашаңырағына айналған «Шалқар» радиосының биылғы мерейтойы – тұтас ұлт мәдениетінің мерейлі межесі. Алпыс жыл бойы халқымыздың төл өнерін төрге оздырып, дәстүрлі ән мен қасиетті сөзді, ұлттың үнін ұрпақ санасына сіңіріп келе жатқан арнаның мерекесі Алматыда айрықша сән-салтанатпен аталып өтті.

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында өткен тағылымды басқосу – тарих пен тағзымның, өнер мен өнегенің тоғысқан сәтіне айналды. Кеш шымылдығы Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хатымен ашылып, ел басшылығы атынан жолданған жүрекжарды лебіздер мерейтойдың маңызын айшықтай түсті. Сенат пен Мәжіліс төрағаларының, Мемлекеттік кеңесші мен Үкімет басшылығының құттықтаулары да «Шалқардың» ел руханиятындағы орнының биіктігін танытты.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, сондай-ақ ардагер журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар «Шалқар» радиосының қазақ мәдениетін жаңғыртудағы, ұлттық өнерді насихаттаудағы тарихи миссиясына кеңінен тоқталды.

Кештің тағылымды сәттерінің бірі – «Ұлттың үнбайрағы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері болды. Бұл еңбек – «Шалқар» радиосының шежірелі жолын, эфирде тер төккен тұлғалардың өнегелі еңбегін зерделеген құнды жинақ. Тұсаукесер рәсімінде радио ардагерлері Сауық Жақанова, Руслана Құдайбергенова, Құсман Игісінов, Әшірхан Телғозиев және «Асыл кітап» баспасының директоры Жасұлан Сейдахметов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, кітаптың рухани маңызына тоқталды.

Мерейтой аясындағы тағы бір игі жаңалық – қазақ радиосының тұңғыш дикторы, дауыс мәдениетінің дара шебері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауының жариялануы болды. Бұл бастама – эфир мәдениетін жаңғыртып, жас буын дикторларға бағыт-бағдар беретін тағылымды жоба. Ұлттық үннің нақышын жоғалтпай, жаңа толқынның кәсіби шеберлігін шыңдауға жол ашатын байқау көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.

Кеш барысында «Шалқар» радиосында әр кезеңде еңбек еткен ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, эфирдің алтын дәуірінен сыр шертті. Олардың әңгімелерінен «Шалқардың» жай ғана радио емес, қазақтың үні мен жанына айналған рухани кеңістік екені анық сезілді.

Алпыс жылдық тарихында «Шалқар» талай буынның жүрегіне жол тауып, ұлттың үнін ұлықтаған қасиетті мінберге айналды. Бұл мерейтой – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат. Өйткені «Шалқардың» үні – қазақтың үні, ал қазақтың үні ешқашан өшпек емес.

 

Балжан АРИНОВА,

Халықаралық Журналистер одағының мүшесі

Алматы қаласы