Заманының заңғар тұлғаларын, ұлт үшін, ұрпақ үшін еңбек еткен асылдарымызды, ұлыларымызды дәуір туғызады. Осыдан 176 жыл бұрын шырайлы Шығыстағы Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арадан жылға жетпес уақыт өткен соң Алатау мен Қаратау түйіскен Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл туды. Біз атап өткен тұлғалар қазақ деген ұлы халықтың екі алыбына – поэзиядағы піріне айналды. Әрбір ұлы тұлға өзінше бір әлем, бөлек жаратылыс. Абай мен Жамбыл өз замандастарының ішінде жұлдыздай жарқырап ерекше көзге түсті де ұлттық поэзиямызға екі түрлі жолмен келді. Абай жазба әдебиетімізді жаңа реалистік дәстүрде берік қалыптастырды. Ал Жамбыл Жабаев – сонау заманнан бері халық өмірінің айнасы болған ақындық, жыршы-жыраулық өнердің саңлағы. Бұл – қазақ поэзиясының дамуындағы тарихи қоғамдық негізі бар құбылыс.
Жамбыл мен Абай нәрленген рухани қайнарлардың бірі – халық ауыз әдебиеті. Қос ақын өзінен бұрынғы күллі көркемдік байлықты саралап, өздеріне тағылым ала білді. Заңғар жазушы М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Абай сусындаған күллі фольклор байлығы, ауыз әдебиеті жанрларының әрқайсысына тоқталып өтеді. Мәселен, «Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар, мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп есітеді… Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде оларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру – шешендерге көп жайылған әдет еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен болып көріне бастайды» – дейді. Ал Жамбыл жайында академик С.Қасқабасов: «Ата-анасынан дарыған өнер, өз табиғатындағы талант, халық поэзиясы мен ауыз әдебиетінің дәстүрі – міне, осының бәрі қосыла келіп, ұлы жыршыны дүниеге әкелді, оны ауыл ақынынан қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау етті» – деп, ақынның эволюциялық өсуіне ықпалын тигізген жайттарды тілге тиек етеді. Осы мысалдардан екі алыпқа ортақ сабақтастықты көреміз. Ол үндестік қос ақынның нәр алып сусындаған өзіне дейінгі руханият құндылықтары еді.
Абай мен Жамбыл балалық шағынан бастап халық ауыз әдебиетінің мол мұраларынан еркін сусындап, өз шығармаларында шеберлік шыңына жетіп, көркемдік тұрғысынан дамыта, өзгеге дарыта білді. Ақиқатында, туған әдебиеттің тұнық тұмасынан нәр алып, өз тағдырына темірқазық ете білген ақынның асқақ рухы тума әдебиеттің кәусар бұлағынан нәрленді. Олардың қазақ әдебиетінің сан қырлы қайнарларынан тамаша тағылым, рухани бастау алуы – табиғи, заңды құбылыс еді. Халқымыздың бай әдеби қазынасы қос ақынның азаматтық жолының қалыптасуына, ақындық шеберліктерінің шыңдалуына зор ықпалын тигізген құбылыс болды.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Оның көбісі сақталмаған. Тек есте қалып, хатқа түскені – «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» деген өлең-толғаулары. Осы шығармаларында Құлансаз, Үшқоңыр жайлауындағы Қарғалы, Самсы, Ұзынағаш және Шиенде болған қақтығыстардан елес береді. Жамбыл көтерілісшілерді өлең-жырымен жігерлендірді, оның үгітшілік қимыл-әрекетін патша әкімдері жазаламақ болды, бірақ халық Жамбылды қорғап қалып отырған.
Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930–1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді.
Біз ең алдымен бір нәрсеге назар салуымыз керек. Өзінен бұрынғы барлық ірі қайраткерлер сияқты, Жамбыл да ұлттың рухы. Қазақтық ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзгеше құбылыс. Жәкеңнің өз тұсында қаншалық атақты болғаны, совет кеңістігіндегі, одан шалғай аймақтардағы жұртшылық санасына қалай әсер еткені, неге әсер еткені жаңаша байыпталуға тиіс. Анық ақиқат – ол заманда Жамбыл – қазақ деген ұлттың тұлғасы, көрнекі бейнесі болды. Сол кейіпте тарихқа енді, санаға орнықты. Біз мұның бәрін сызып, өшіріп тастай алмаймыз, керісінше, нығыздай, бекіте түсуіміз керек. Жырау үшін халық басты ұғым. Оны Жәкеңнің мына бір өлең шумақтарынан анық аңғарамыз:
Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,
Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа.
Бір жағы қайнап өскен қалың елім,
Бір жағы атқа мінген бай мен датқа.
Жамбыл ел мұңын айта білген, әділдікті жақтаған. Оған дәлел «Менің өмірім» деген мәтінінде былай делінген: Манаптар Жамбылдан «Ханды мақтағалы келдің бе? Даттағалы келдің бе?» дегенінде: «Екеуі де емес, елдің мұңын жоқтағалы келдім» – деп жауап береді. Бұл сөздерде де Жамбыл ақынның басты концепті айқын.
ХХ ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, атамандар мен комиссарлардың ылаңы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру, ашаршылық сияқты оқиғалар халықтың бүкіл бітіміне теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. Осындай жағдайдың куәгері болған Жамбыл шындықты айтып, замана болмысын суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлайды, мысқылдайды, сынайды, күйініп те, қиналып та сөйлейді. Шыншылдық пен сыншылдық қасиетін Жамбыл ақындармен айтыстарында да сақтап, турашылдығымен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, оның шығармаларында метафора, символ, метонимия, меңзеу, аллегория, сарказм мен ирония, ұлғайту мен кішірейту немесе дамыту мен шендестіру, эпитет пен теңеу және басқа бейнелеу құралдары молынан табылады. Оларды Жамбыл дара, жалаң пайдаланбай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық аясында қолданады. Ақын шығармаларындағы бейнелеу құралдарының мұндай тұтастығы Жамбыл поэзиясын ерекше көркемдік-эстетикалық жүйе деңгейіне дейін көтереді. Жамбыл өшпес мұра қалдырды.
Ғ.Мүсірепов заманының заңғар тұлғалары, қос алыбымыз жайлы былай деген: «Сол кезге көз салсаң, Абай мен Жәкең бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласына өрлей аттаған сияқтанады: бірі – жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі – халықтың байырғы өнегесі – суырыпсалма ақындық жолы» Абай мен Жамбыл құрдас, аралары бір жасқа жетпейді. Жазба әдебиеттің, жазба поэзияның Бас ақыны – Абай. Ал Жамбыл – біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан ауызша, импровизаторлық, жыраулық жырдың соңғы тұяғы. Қазақ асыл сөзінің екі арнасын бір-бірімен тікелей салыстыруға болады ма?! Жамбылды Абаймен салыстыра отырып, «совет заманын жырлады ғой» деп кінә тағуға дейін барамыз. Біз Абайды оқығанда міндетті түрде жазба әдебиет өкілі ретінде оқимыз. Абайдың сөзін оқу үшін кітап ашуымыз керек. Жамбылды түсіну үшін Жамбылдың айтыстарын орындалуында тыңдауымыз керек.
Сананың сілкінісі шығар, қазір тұлғатануға тереңдей бастадық. Зерттеушілер жаңа заманның идеологиясы да соны қажет етіп тұрғанын айтады. Ғалымдар да бұрынғыдай тек деректермен шектелмей, ақын, жазушыларымыздың, тұлғаларымыздың шығармаларына терең бойлай бастады. Осы серпілістің әсері де айқын көрініс беруде.
Жамбылтанудың бір жарым ғасырлық мерзімінде кеңес билігі орнасымен тұрпайы социологиялық танымға танылған әдебиетшілер мен философтар ұлы ақын тұлғасын терістеуге дейін барып, тұрпайы социологиялық формалистік таным шеңберінен шыға алмады. Олар әдебиеттің партиялық, таптық ұстанымына сүйене отырып ұлттық мұраға айналған ақын туындыларын ғылыми тұрғыдан танып білуге кедергі жасап келеді.
Соңғы жылдарға дейін Жәкеңнің әдеби мұрасын танып білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Жамбыл туралы көркемөнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетаным қалқан етіп қойылғаны белгілі.
Жамбылды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни, философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді.
Жамбыл дүниетанамын танып білуде Жамбыл айтқан бұл ой пікірдің мән мағынасы, болмысы, тіпті, бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Жамбыл бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңын мен ХХ ғасырда айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе?
Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап қарағанда, Жамбылдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Жамбылтану саласында 175 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми шығармашылық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағалайтын боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.
Академик Сейіт Қасқабасов пен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бүгінгі жамбылтану мәселелері жөніндегі ұсыныстарын құнды да құптарлық игілікті нәрселер.
1936 жылы Жамбылға алғашқы үйді, онан кейін 1938 жылы қазір музей болып тұрған үлкен үйді салған. Осыдан біршама уақыт алдын мен еліміздің астанасы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында жыр алыбы Жамбылдың музей-кітапхана үйін ашайық деп ұсыныс тастаған болатынмын. Әрине ұсынысымыз билектегілерге жетіп жатса Жәкеңнің музейі мен кітапхана қоры етіп Тәуелсіз еліміздің Елордасынан неге ашпасқа?
Енді сол музей-кітапхана үйі тек өткенді сақтайтын мекеме ғана емес, ақынның өмірі мен еңбектерін зерттейтін ғылыми зерттеу орталығына ұласып жатса нұр үстіне нұр болары ақиқат. Ашылатын жамбылтану ғылыми зерттеу орталығы осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы жамбылтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап, жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт-бағдарымызды нақтылы түрде айқындап, бекітіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп жамбылтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ораға салудың және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үміттеміз.
Ендігі мақсат зерттеліп жазылған көптеген ғылыми еңбектердің идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатты күшейту уақыт талабына айналғанын білу қажет.
Адам өмірден көрген білгенін, сол арқылы танып ұғынған ой пікірінің түйінін өлең сөз өнерімен сыртқа шығарған ой қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді. Біздер мұның тереңде жатқан жұмбағын әлі де сезіне алмай келеміз. Бұған Жамбылдың өз өмірінен түйген сырын, немесе екшеп тереңнен алған ой қазынасын өлең сөзбен сыртқа шығарып, келер ұрпақ санасынан орын алып отыр. Жәкеңнің сөзі күнде ауызға алынып, мектеп, жоғары оқу орындарында күнделікті айтылып, өздерінше ой қорытып сөйленіп жатуы ақын сөзінің жан сияқты өлмейтін мәңгілік құбылысқа айналуында жатады екен.
Жәкеңнің барлық мерейтойлық қарсаңында еңбектерінің жинағы, ғалымдардың, зерттеушілердің ізденістері жарық көруде. Бірақ шынын айтсақ, бұл жинақтар асығыс, жылдам, тез даярланумен бірге ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан өз деңгейінде таныта алмауда, себебі кеңестік тоталитарлық идеология оның өрісін тарылтты. Әдебиет пен өнерге, ғылымға таптық, партиялық принципті орынсыз тықпалап қақпайлай берудің қажет еместігін Қытай Компартия жетекшілері өз тәжірбиесінен көріп сезінуі себепті Дын Шау Пин: «Әдебиет пен көркем өнер саясатқа тәуелді деген сөз бұдан былай айтылмауы керек. Өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп-оңай теориялық негізі болып шыға келді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екені өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» – деп өте сындарлы пікір білдіруі өмір ағысынан туындап отырған шындық екенін көріп, сезінудеміз.
«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» – деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді. Сондықтан да халқымыз Жамбылға «адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи бағасын берді. Жамбыл бабамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы – халқының талайлы тарихы мен шынайы өмірінің айнасы. «Қазақтың Гомері» атанған ақынның эпикалық дастандарынан, айтыстары мен жыр-толғауларынан біз ұлтымыздың өзіндік болмысын, өмір салтын, көркемдік дүниетанымы мен арман-мақсаттарын танимыз.
Сөз зергері Мұхтар Әуезов: «Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы» – деп атаған Жамбыл Жабаев шығармаларына бүгінде терең бойлап, оның әр сөзінің салмағын сезініп, тәуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз. Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр. Жамбыл шығармашылығы – Ұлы дала Елінің ұлағатты қазынасы! Жамбыл сынды ұлы тұлғаға арналған биылғы жылы өткізілетін іс-шаралар үлкен ғибратты ой, салмақты ғылыми-танымдық талдаулар болатынына сенімдіміз.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.