«ҰЛЫНЫ ҰЛЫ ТҰТСА — ҚҰТ БОЛАДЫ»

Қоғам
1 133 Views

Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының ұжымы Сайрам аудандық орталық балалар кітапханасымен бірге Төле бидің 355 жылдық мерейтойына орай «Ұлыны ұлы тұтса — құт болады» атты онлайн-телекөпір өткізді.

Мақсаты – оқушыларға қазақтың данагөй абызы – Төле бидің тарихтағы орны мен шешендік сөздерінің шығу тарихын түсіндіру болатын. Сөз өнерін түсініп, қадірлей білуге, өзгенің пікірін тыңдап, бағалай білуге, Төле би секілді тарихи тұлғаның өмірі мен шешендігін терең меңгерту арқылы адамгершілікке, тарихын, әдебиетін құрметтеуге тәрбиелеу көзделді.

Облыстық балалар кітапханасы директорының орынбасары Ақбөпе Байділдаева онлайн-телекөпірді ашып, Сайрам аудандық орталық балалар кітапханасына жылы тілектерін білдірді. Оқырмандарға Төле бидің дүниеге келуі туралы бейнебаян көрсетіліп, «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін №66 мектептің оқушылары Төле бидің балалық шағынан көрініс қойды. Ә. Молдағұлова атындағы №29 мектеп-гимназиясының оқушылары «Ұлтына ұстаз болған ұлы би» тақырыбында Алатаудай тұлға, «Қарлығаш әулие» атанған Төле бидің мәңгі өшпес асқақ рухына арнап ән-жырдан шашу шашты.

Шара жалғасын тауып, қасиет қонып, құт дарыған қазақ даласының тасын түртсең, тарихы сайрап қоя беретін хикметке толы мекендерінің бірі – Ордабасы тауы жайлы Елбасы: «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» десе, Әбіш Кекілбаев: «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» дегендей, Ордабасы тауының шыңында орналасқан 28 метр биіктіктегі стела жайында слайд көрсетіліп, бұған дейін қазақтың шежірелі тарихында 1723 жылдың еншісінде қайғы-қасірет таңбасымен жазылып қалған тарихтың ақтаңдақ беттеріне айналған қазақтың құтын қашырып, берекесін кетірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматы уақытында сыртқы жауға қарсы қазақтың басын біріктіріп, халқын азат етемін деп аттан түспеген Абылай ханның үш жүздің басын қосуы туралы қойылымды Әлия Молдағұлова атындағы №29 мектеп-гимназиясының оқушылары көрсетті. Соңында көпшілік «Ұлтына ұстаз болған ұлы би» атты кітап көрмесімен танысты. Онлайн-телекөпірге белсене қатысқан бірқатар оқырмандар Алғыс хаттармен марапатталды.

Әсия СӘБДЕНҚҰЛОВА,

Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *