Сонау ежелгі Сақтар заманынан бері Наурыз айының 17 жұлдызынан 18 жұлдызына қараған түн ортасы ауған сәтте, көк аспаннан «Бестораңғыл» әулиеде тұрған ерекше сегіз қыры бар, салмағы он екі пұттан асатын «Мизам» — деп аталатын киелі тасқа Көк Тәңірінің Жер Анаға алғашқы Көктемнің Нұры түскенде, тас түрлі түске еніп, сан шұғылалы сәуле шығарып түңгі аспан ерекше бір реңкке бөленіп, бүкіл тіршілік қайта оянып, жандана бастайды екен. Міне осы қасиетті де, киелі түн арайлы шапақтанған таңға ұласып жаңадан туған күн мен түн теңескен уақытты Ұлы Бабаларымыз ерекше құрмет тұтып, шаттыққа кенеліп, оны «Наурыз келді!» — деп, құрбандыққа алып ала өгіздер шалыпты.
Содан бері осы киелі жерге жыл сайын Ұлы Даладан Қаһандар мен Қағанатбасылары мен Ұлысбасылары, түрлі елдердің патшалары мен бекзадалары, мен деген небір алымдар мен батырлар, елге белгілі азаматтар мен киелі аналар жиналып жыл басы болатын жаңа күнді қарсы алып келген. Осы түнде бүкіл әлем патшалары алтын тегене ыдыстағы суға алтын балықтарды жүзгізіп қарап отырады екен. Нұр жерге түскен осы сәтте суда жүзіп жүрген балықтар қарындарын жарқ еткізіп аунап түсетін болған. Міне осы сәттен бастап бүкіл Жұмыр Жер жаһанда жаңа жыл басталған. Бірақ бұл үрдістер кейінгі қиюы кеткен қилы замандарда өзгерістерге ұшыраған…
Мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешкен Ұлы Даланың алыптары, бабаларымыз Әмур Дария Забур мен Сұран Дария Жамшун патшалар, Елтеріс пен Оғыз Қаһан, Тоны Көк Білекті Қаһан мен Күлтегіндер, Сары Оғлан Қарахан патша мен Уан Торы Хан, Шыңғысхан, Әмір Темір Көреген, Айқарақ Керей Хандар ала өгіз құрбан шалып, 200 – 300 мыңдай адам «Бестораңғыл әулиеге» жиналып жыл сайын осы күнде Наурыз мейрамдарын өткізіпті…
Осы 17 наурыз күні қаһандар мен патшалар пәрменімен қазынаның есебінен қаржы бөлгізіп, тіршіліктің бастауы: «Аналардан басталады!» — деп, Ақ әжелер мен бесіктегі қыз балаларға дейін сыйлықтар үлестіріпті. Ең соңғы рет Айбынды Абылай Хан жоңғарды жер бетінен жойып, бейбіт заман орнатқанда «Бестораңғыл әулиеде» ала өгіз шалып, Наурыз тойын өткізеді. Жылымықтың, яғни ауа райына байланысты көктем солтүстікке жылжыған уақыттарда Наурыз тойы 40 күн ішінде кезектесе тойланып отырған. Соңғы рет «Өгіз шалу» рәсімі мен «Наурыз тойын» өткізгенде осы оқиға жайлы атақты Қазыбек биден:
Толқыған Қазығұрттың теңізін – ай,
Сайрам мен Түркістанның арасында,
«Киелі Табақ – Бестораңғыл» егізім – ай!
Қасиетті Қазақтың даласына,
Құдайы тартқан Абылай Ханның өгізін – ай!
Сыр бойы сұлулығын сыртқа айтпайды,
Қос кіндік тараған жер емізіп – ай! – деген шумақтар қалыпты:
P.S.
Cовет үкіметі орнағаннан кейін жаппай «Ұлтсыздандыру дәуірі» басталған (1926-1940 ж.ж.) жылы «Наурыз тойын» тойлауға тиым салынған. Республикамыздың ауылдарында ішінара «Науыз көже» дайындау дәстүрі ғана сақталып келді. Халқымыздың заңғар ұлы, Ұлттық идеологияның сардары аталған Қазақстан компартиясының бюро мүшесі, идеология хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібековтің кешенді түрде ұйымдастырып, күш салуымен Наурыз тойы» 1988 жылдың наурыз айынан бастап мемлекет деңгейінде атап өтіле бастады.
Және бір айта кетер қызықты дерек, Түркімен Елінің жаңа президенті Құрбангұлы Бердімұхаммедовтың арнайы жарлығымен осы түркілердің ежелгі дәстүр — рәсімі бойынша 2007 жылдың Наурыздың 17 күнінен бастап, жыл сайын тура ежелгі Қаһандардай әйел-аналарға, бесіктегі шақалақтарға шейін мемлекет қазынасынан қаржы бөлініп келеді». Бұл іс-шара кездейсоқтық па, әлде түркімен бауырларымыз ортақ Бабарымыздың дәстүріне берік пе екен?…
БҰХАР ЖЫРАУДЫҢ 16 КИЕЛІ ТАС ТУРАЛЫ АБЫЛАЙ ХАНҒА АЙТҚАНЫ
— Көтерер жалынға айналса тілдің буы,
«Он алты Барыс» Кер Сақ-Абтың «Желік туы»!
Қазығұрттан аударған Хан Тәуекел!
«Бестораңғылға» мәңгілік қоныс тепкен,
«Он алты Барыс» «Балбалы» тастың сыры!
«Тектіден басқа маңайын баспасын!» — деп,
«Жеті Жарғыға» жазылған сол бір жылы.
Абылай! «Күрең тастардан» үмітіңді үз!
Жылжытпа жатқан жері «Көктем Нұры»!
Әр тастың аяны бар Әруақтан!
Саусақ шошайтып түртпеген Пірдің Пірі!
«Ізбөрі» Ілматында өріп жазылған,
«Аянсыз ұстағанның» солар гүлі!
«Құсілім» заманынан қалған мұра,
«Тектіге» аян берер тастың сыры!
Жоңғар барып ұрынса «Он алты Барысқа»
Өшкені де Жер бетінен мәңгілік үні!
Түсіндірме: «Он алты Барыс» — Қазақ халқының тікелей Ата-Бабалары Сақтардың Ұлы патшасы Кер Сақ Аб Сансыз Баба 16 тайпаны біріктіріп, 16 тайпа көсеміне басшылық жасап тұңғыш рет Ұлы Даланы ғана емес, Жер жаһанды өзіне қаратып билеп тұрған, өздерін: «Құдаймыз» — деп, астамсынған Перғауындар мен олардың одақтасы адам жегіш «арыстан» — деп аталатын тайпаларға қарсы соғыс ашып, тұңғыш рет: «Көк пен Жұмыр Жерді Жаратушы Бір ғана Көк Тәңірі» — деп танып, Ұлы да, киелі Айыртау Қазығұрт пен Әмудария, Тобыл мен Алтай тауы арасын азат етеді. Бұл қанды азаттық жолында он тайпадан тарағандар ажал табады. Қалғандары алты тайпаға қайтадан бірігеді. Осы Он алты тайпа мен Көсемдердің құрметіне Ұлы Бабамыз Айыртау Қазығұртқа күрең қызыл «жайын тастардан» Он алты «Балбалы» тастарға олардың таңбасын ұрып жаздырып қояды. Кейін «Мұзаһар» тауында дүниеге келген Алаш Қаһан (бес жарым мың жыл бұрын) мен оның егіз ұлдары киелі Қазығұрттың «Қос Емер» — деген жерінде Ұлы АнамызҰлсай Емерден туылған егіз ұлдары Қазақ Қаһан мен Созақ Қаһандар Ұлы Даланы Перғауындар мен адам жегіш тайпалардан түгелімен азат етеді. Кер Сақ Абтың тағы бір ұрпағы Күрең Алаш оларды «Егізтұмсық Қос Маралға» (қос Америка құрлығы) дейін қуып барып, Жұмыр Жер бетінен жойып жібереді. Бірақ «Тәңірқұттың» көз жасынан су көтеріліп кетіп, бұрын «Жалпақтұмсықпен» (Евразия құрылығы) бірігіп жатқан «Егізтұмсық Қос Марал» бөлініп қалып, Күрең Алаш бастаған ел сонда қалып, кейін қайта алмай қалады. Кейінгі замандарда Тәуекел Хан мен Ұлы Мәруанахр Билер Ұлы Дала заңы Әмур Забур Дария тұсында қабылданып, сол Ұлы патшалардан бастап Шыңғысхан, Әмір Темір Көрегендер де қатаң да, бұлжытпай сақтаған «Ясақтан» кейінгі, киелі заң «Жеті Жарғыны» қабылдағаннан кейін, «Құрылтайдың» шешімімен бұл киелі тастарды «Көктемнің нұры» алғаш түсетін Ұлы Бес Әулие: Әулие Ата, Дулығалы Ата, Ұзын Ата, Жылаған Ата, Қоңыр Аталар Ұлы Алаш Қаһанның зиратынан әкелген топырақты шашып, бата берген киелі «Бестораңғыл», Ескендір Зұлқарнайынның армандап жете алмай кеткен «Бестораңғылға» бұл киелі тастарды аударады. Бұхар жыраудың бұл Абылай Ханға ескерту-арнауы Қазақ-жоңғар соғысы кезінде бұл киелі тастарды Абылай Ханның: «Киелі құдықтарға» тыға тұрайық, жаудан жерімізді азат еткесін қайта орнына қоямыз!» — деген ұсынысынан кейін туған. Жоңғарлар «Бестораңғылдың» Кер Сақ Аб Бабамыздан кейін Ұлы Жеті Қаһандар мен әулиелердің орнатқан «Жеті қақпасын» (бұл қақпалар жайлы «Ұлы Бабалар насияты» кітабында жазылды) оқ-дәрі қойып жарып жібереді. Киелі өте ерте замандардан келе жатқан жәдігерлерді тонайды. Оның ішінде ерекше сегіз қыры бар, тәулік пен жылдың әр мезгілінде түрлі түске еніп, сан шұғылалы сәуле шығарып тұратын салмағы он екі пұттан асатын «Мизам» — деп аталатын киелі тасты да алып кетіп қытайларға 300 зеңбірекке ауыстырып жібереді. Шындығында Бұхар жырау ескерткеніндей киелі тастар мен жәдігерлерге ұрынған саны 6 миллионнан астам жоңғарлар Жер бетінен мүлдем жойылып кетеді. Совет өкіметі орнағаннан кейін 1926 жылы Москваның бұйрығымен киелі «Он алты тасты» жергілікті халықтың өкілдерінен 70 адамды жалдап: «тексеріп, қайта орнына әкелеміз!» — деп, «Қара Қоңыр» темір жол бекетінен ашық вагондарға тиеп Ресейге алып кетеді. Өкінішке орай бұл «киелі жәдігерлеріміз» кейін қайтпай қалған. Ал орнынан қозғауға қатысқан 70 адам түгел түрлі жағдайда офат болады. Халқымызға орны толмас қайғы-қасрет пен нәубеттер, рухани тонаушылық пен азғындықтар әкелген советтік империя көз алдымызда 1991 жылы суға еріген құмнан салынған ғимараттай жоқ болды. Киелі «Бестораңғылда» қанша қиямет заман болса да онда өсіп тұрған бес тораңғыл ағаштарының саны бесеуден кемімеген. Бұл Киелі Жерге Текті азаматтар зиярат жасаса жыл сайын бұл киелі тораңғыл ағаштарының саны көбейетін қасиетті құбылысы бар екен. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері бұл ағаштар саны отыздан асыпты. Ұлы Бабаларымыз: Қазақ Еліне «Алтын Ғасыр», «Сәулет» заманы келгенде киелі ағаштар саны «Жеті мыңға» жетеді!» — деп, айтып кетіпті.
ЫРСЫМБЕТҰЛЫ БАЙҒҰТТЫҢ ТІЛ МЕН ДІЛ ТУРАЛЫ НАУРЫЗ АЙЫНДАҒЫ ТОЛҒАУЫ
– Ақ сүтіңді аттасаң,
Ана тілден не қайыр?!
Ана тіліңді білмесең,
Ақ батадан не қайыр?!
Ақ батадан жерісең,
Ақ отаудан не қайыр?!
Иманды жан болмасаң,
Шариғаттан не қайыр?!
Ата – Баба өсиетін,
Аңызға балап сөйлесең,
Ақиқаттан не қайыр?!
Өсек жинап әр елден,
Өсиетіңді таптасаң,
Әруақтан не қайыр?!
Әруақ теріс бұрылса,
Тұла бойың у болар,
Насихаттан не қайыр?!
Намысың төмен болған соң,
Дабысыңнан не қайыр?!
Намысыңда Рух болмаса,
Ұраныңнан не қайыр?!
Ұрандаған ұлдарың
Шапқанда жауын алмаса,
Отаныңнан не қайыр?!
Ынтымағың ыдырап,
Биің сөйлесе құн сұрап,
Жарғы жазған жапалақ
Күндіз паналап, түн ұшар,
Қай ісіңнен не қайыр?!
Ер түсінен шошыса,
Шаруаң алға баспаса,
Ата ұлдан жерісе,
Ана қыздан жерісе,
Жарғыға жамағат тұрмаса,
Еңіреген Ел жетім!
Жерігені де «Қос Әруақ»
Қос қолдап ұрар – «Қос Айыр!»
Әлиасқардың түсініктеме – баяны:
Осы насият жолдарын Байғұт харпіш 1878 жылдың Наурыз айында «Бестораңғыл» әулиеге зияратқа келген 60 азаматты бастап келген Сапақ Датқа мен Әзірембек Би алдында айтады. «Қос Айыр» — деп, Қазығұрт түбінде дүниеге келген Қазақ пен Созақ Бабаларымызды атаса, «Қос Әруақ» — деп, Алаш Қаһан мен Ұлсай Емер Анамызды айтқан.
«ХАРПІШ» ЫРСЫМБЕТҰЛЫ БАЙҒҰТ ШЕЖІРЕШІНІҢ ӨСИЕТІ
– Екі оралып ғұмыр келмейді,
Қолынан келмес адамның!
Хат, қалам менің серігім!
Әділдікке бой салып,
Ақиқатын жаздым заманның!
«Әділдік» — Алла таңбасы!
«Хат, қалам» — таңба ноқтасы!
Ақ айырып жол сілтер
Жақсысын айтып жаманның!
Ғұлама құл болмайды!
Данышпанға дау айтпа!
Әділдіге жала айтпа!
Әруақтарға жол айтпа!
Қасиеті осы Даламның!
Өсиеті осы Даламның!
Алаштан тараған «Алты Арыс!»
«Сүті» киелі Қазағым!
Құты иелі Қазағым!
Қазығұрт түбі «Көшілік!»
Адамзаттағы табаның
Өр Алтай мен Кер Алтай!
Жер жәннаты Көкшетау!
Қазақты туған дүниеге,
«Ақ жаулықты» «Көшілік» білсеңіз!
«Ұмсай Емер» Ананың
Бір бұлақтан көл болған!
Бір Атадан Ел болған!
Бір төбеден Жер болған!
Тазасы болар тазаның!
Мен бір жазып қалайын,
Қайта соқпас оралым!
Қазақ болсаң, Әділ бол!
Әділдік мұсылман Жалауы!
Жеті Атаңды ұмытпа!
«Жеті қазынаға» мастанба!
Қанша құдіретті болсаңда?!!!
Бір «етек» жерге барарың!
Әділін білсең ақ сөйле!
Алла Бір сізге жақ берсе,
Тәккәппар болма, бақ берсе!
Халқың иіліп жол берсе!
Талауға түспесін талабың!
Талаптыға жол бергін!
Нашарларға қол бергін!
Қайырым — садақа олжа емес!
«Ағаш атқа» мінгенде,
«Жеңсіз көйлек» кигенде,
Жеңіл болар азабың!
Киесін сезсең иіле біл!
Белімнен түскен бүйрек деп,
Бетінен қақпа баланың!
Атадан бала артық тумай ма?!
Ұстаздан шәкірт озатын!
Қыз жолының қылығы да, қызығы көп
Алланың жаратқан елшісі!
Осылар Елді қосатын!
Ер — азаматқа жазарым:
Ел шетіне жау келсе,
Бабам Батыр Ханбастай,
Ер бола біл шабатын!
Батырлықтың белгісі,
Иманды жерде иіліп,
Жау келсе белді буынып,
Бес қарудың сырын ұғып,
Дұшпанын білсін алатын!!!
«Батыр!», «батыр!» — дегенге,
Басына берме Еліңді!
Сені де бар қағатын!
Неше түрлі ырым айтып,
Жаратушыдан бұрын айтып,
Әруақтың басын былғама!!!
Осылар көздемей ататын!!!
Жұмған аузын ашпайтын,
Жұмбағы көп қу жалған!?!
Құдіреті күшті Алланың!
Ұмытпа осыны «Болашым»!!!
Түсіндірме:
«Көшілік» — ескерткіш деген ұғым. «Ұмсай Емер Ана» — Алаш Қаһанның Көк Тәңірі қосқан қосағы Қазақ Қаһанды дүниеге әкелген Ұлы Анамыздың аты. «Ақ жаулықты» «Көшілік» — Қазақ Қаһан мен Созақ Қаһан, қос егізді дүниеге әкелген киелі Қазығұрт тауының баурайындағы «Қос Емер» — деген жерді айтқаны.
«Харпіш» — жазушы деген ұғым. «Бір етек» — қазіргі өлшеммен үш метр жер.
«Ағаш атқа» мінгенде – бұл сөз жолдары: «Дүниеден қайтсаң, жаназа шығарарда мешіттен алынатын төрт аяқты табытқа салынасың! Бұл өмірде ешкім де қалмайды. Асқақтай берме! Яғни «Ағаш атқа» бір мінерің анық!» — деген ұғымда айтылған. «Жеңсіз көйлек» кигенде – дегені: «О дүниеге кебіннен басқа еш нәрсе де әкетпейсің! Тәубаңа кел!» — деген ұғымда айтылыпты.
«Сүті» — ұлты деген ұғым. «Болашым»!!! – сөзі: «Келешек, болашақ ұрпақ азғынданба! Осы қағиданы, өсиетті ұмытпа!» — дегені екен.
Әлиасқар БАЙҒҰТҰЛЫ (22.03.1898ж. – 21.03.1981ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші,
басты бұлақ көзі.
Ақпантай ӘЛИАСҚАРҰЛЫ (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құйма құлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрағаттарды жеткізіп кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы «Дәнекер!»
Асан ТҰРАБАЕВ
– бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы.
Шежірені ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп, қалпына келтіріп, түсіндірме жазып, ғылыми деректермен толықтырып, ғаламторға, баспаға дайындаған
Ілесбек БАЙЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шымкент шаһары